Күн жылып, адамдардың табиғатпен байланысы нығайған шақта пайда болатын проблеманың бірі – кене шағу. Мұндай жағдайда дұрыс әрекет жасап, ертерек қауіптің алдын алмаса, соңы қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін. Сол себепті, жыл сайын көктем, жаз, күз айларында кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл үрдіс қазір де қарқынды түрде жалғасып жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ғани Құрманбай мәлімдеді.
Оның айтуынша, өңірде ветеринариялық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу, адамдарды, жануарларды, үй-жайларды және өзге де аумақтарды жәндіктерден қорғау және жою бойынша бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Жоспарға сәйкес энзоотиялық аурулардың алдын алу мақсатында биыл 59 887 литр «Дизицип» сұйықтығы және 413 372 келі «Дельтаметрин» ұнтағы сатып алынып, аудан, қала орталықтарындағы сақтау қоймаларына жеткізілген. Тиісінше, басқарма мамандары көктемнің алғашқы күндерінен бастап ауылдардағы қора-қопсыларды және оларға жапсарлас аумақтарға залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп келеді.
– Залалсыздандыру жұмыстары екі кезеңде жүргізіледі. Көктемгі кезеңде 1 498 800 ірі қараға дәрі бүркіліп, 4 776 900 ұсақ мал тоғытылды. Сондай-ақ, көлемі 51 672 100 шаршы метрді құрайтын қоражай, мал иірімдері мен суаттар залалсыздандырылды. Бұл жұмыстар үшін кәсіпорынның 1552 қызметкері жұмылдырылып, олар 17 сәйкестендірілген ДУК автокөлігі, 372 ранцтік аппарат, 17 мотопомпа, 1552 арнайы киім, резеңке етіктер, 9 312 респиратор, 3104 көзілдірік, 7 760 қолғап және арнайы қорғаныс киімдерімен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда өңірде ұсақ малды тоғытатын 316 ванна бар. Оның 154-і мемлекеттік болса, 162-сі жекеменшік. Ал, екінші кезеңдегі залалсыздандыру жұмыстары 10 шілдеден басталып, 15 қыркүйекке дейін жалғасады. Осы кезеңде 1 557 700 ірі қараға дәрі бүркілсе, 4 996 600 ұсақ мал тоғытылып, 51 672 000 шаршы метр қоражай, мал иірімдері мен суаттар залалсыздандырылады. Оған дәрі-дәрмек жеткілікті, – деді Ғани Тұрысқұлұлы.
Бұл жиынға облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бахтыораз Елемесов қатысып, жыл басынан бері облыстағы медициналық ұйымдарға кене шаққан 985 адам жүгінгенін атап өтті. Оның ішінде 48 науқас күдік тудырса, 9 науқастың диагнозы расталған.
– Аса қауіпті жұқпалы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы инфекциясы адам ағзасына кененің шағуы арқылы енеді. Сондай- ақ, жануарларды күтіп-баққан кезде, төрт түлік малдың және науқас адамның қанымен жұғуы мүмкін. Бұл ауруға көбіне шопандар және мал күтімімен айналысатын, мал өнімдерін өндіретін адамдар шалдығады, – дейді ол.
Баспасөз жиынында аудандық және қалалық жұқпалы аурулар ауруханаларының бөлімшелері арнайы тасымалдауға арналған термоконтейнерлермен жасақталғаны баяндалды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Салтанат Жамалованың айтуынша, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруына болжамды, ықтимал жағдай диагнозымен тіркелген науқастардан алынған қан сынамалары облыстық зертханаға жеткізіледі. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен ауырып, емделген адамдардың қан сарысуы келісім бойынша дайындалып отырады. Бүгінде өңірде Рибаверин препаратының 25 350 данасы бар болса, иммундық плазманың 31 700 литрі дайындалған. Кене шаққан науқастарға арналған төсек-орын саны – 609. Аса қауіпті аурулардың алдын алу жұмыстары медициналық ұйымдар басшыларының бақылауында.
Осы ретте «Кене шаққан жағдайда не істеу қажет?» деген сұраққа да жауап бере кетейік.
– Кенені жалаңаш қолмен ұстамау керек. Өйткені, жұқпалы ауру агенті шырышты қабықтар немесе терідегі зақымданған жерлер арқылы енуі мүмкін;
– денедегі кенені алу үшін ұшы өткір пинцет қолдану ұсынылады. Пинцетті теріге жақындата отырып, онымен кенені іліп алу қажет. Пинцетті қатты қыспай (кенені мыжып тастамау үшін) шайқалтпай, ақырын тарту керек. Олай жасамаған жағдайда кененің ауыз бөлігі теріде қалып қоюы мүмкін;
– кене денеге бірден қадалмайды. Сондықтан оны уақтылы алып тастау арқылы ауру жұқтырудың алдын алуға болады. Денеге кененің жабысқан не жабыспағанын білу үшін әр адам өзін-өзі тексеріп немесе бірін-бірі қарап отырғаны маңызды;
– кенені тартып алғаннан кейін шаққан жерді дезинфекциялайтын заттар – спирт немесе йодпен өңдеп, қолды сабынмен жуу керек;
– кенені мыжғыламаған дұрыс. Себебі, кененің ішінде және сұйықтығында патогендер болуы мүмкін;
– алынған кенені ыдысқа салып, қақпақпен тығыздап жабу қажет;
– кенеге керосин май, ацетон, т.б. сұйықтық құюға, оны теріден бөлу үшін кенені ысытуға
болмайды;
– сіздің міндетіңіз – кенені мүмкіндігінше алып тастап, уақыт жоғалтпай медициналық көмекке жүгіну;
– табиғатқа демалысқа шыққанда кененің жабысқаны көрінетін ашық түсті, жақсы қорғалған резеңкелі-манжетті жеңі ұзын көйлек кию қажет;
– дененің ашық жерлеріне және киімге кене ағзасына кері әсер ететін немесе оны жоюға арналған арнайы акарорепеленттерді, акарицидтерді және жеке қорғану құралдарын қолдану қажет;
– мал қораны дезинфекциялап, үнемі тазалап отырыңыз.
Б.Ерман