Түркістан қаласындағы №28 мектеп-лицейінде білім мен тәрбие сапасын ұштастырған мазмұнды іс-шара ұйымдастырылып, білім ордасының 5 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтті.
Салтанатты жиынға білім саласы мен зиялы қауым өкілдері, ата-аналар қатысып, мектеп ұжымының жетістіктеріне жоғары баға берді.
Бүгінде Түркістан – облыс орталығы ретінде қарқынды дамып, жаңа шағынаудандар бой көтеріп, көпқабатты тұрғын үйлер саны артып келеді. Соған сәйкес, сапалы білімге деген сұраныс та еселеп өсуде. Осындай қажеттіліктің нәтижесінде ашылған №28 мектеп-лицейі қысқа уақыт ішінде өңірдегі беделді білім ордаларының біріне айналып үлгерді.
Салтанатты жиында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев пен Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов мектеп ұжымын 5 жылдық мерейтойымен құттықтап, білім сапасын арттыру жолындағы еңбектеріне табыс тіледі.
– Мектептің 5 жылдық мерейтойы – баршаңыз үшін зор мақтаныш. Осы аз ғана уақыт ішінде мектеп ұжымы сапалы білім мен саналы тәрбие беруде айтарлықтай жетістіктерге жетіп, өз бағытын айқындап үлгерді. Бұл – ең алдымен, білікті ұстаздардың қажырлы еңбегінің, ата-аналардың сенімі мен қолдауының, оқушылардың талпынысы мен ізденісінің нәтижесі. Алдағы уақытта да білім ордасы өзінің игі дәстүрін жалғастырып, жаңа жетістіктерге жете берсін. Ұстаздар қауымына шығармашылық табыс, оқушыларға биік мақсат пен жарқын болашақ тілеймін, – деді басқарма басшысы Ғалымжан Қалдыкөзұлы.
Іс-шара аясында ерекше мәнге ие тағы бір маңызды оқиға – әлемге танымал әнші, Қазақстанның мақтанышы Димаш Құдайберген атындағы арнайы кабинеттің ашылуы болды. Ашылу рәсіміне өнер иесінің ата-аналары арнайы қатысып, мектеп ұжымына ризашылықтарын білдірді. Бұл – оқушыларға шабыт беріп, өнер мен білімді қатар игеруге үндейтін тағылымды бастама. Сондай-ақ шара барысында ұлттық құндылықтар дәріптеліп, арнайы қонақтар бүлдіршіндердің тұсауын кесті.
Бүгінде мектеп оқушылары түрлі халықаралық білім додаларында топ жарып, өңір абыройын асқақтатып жүр. Бұл – білім ордасында қалыптасқан сапалы білім мен жүйелі тәрбиенің нақты нәтижесі.
Сонымен қатар, жаңа кабинеттің ашылуы мектептегі шығармашылық орта мен мәдени белсенділікті арттыруға зор серпін береді деп күтілуде. Мұнда оқушылар музыка мен өнердің қыр-сырын терең меңгеріп қана қоймай, сахна мәдениеті мен өз ойларын еркін білдіру дағдыларын да дамыта алады. Бұл бастама жас таланттарға өздерін көрсетуге, шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейтуге және болашақ мамандық таңдауда дұрыс бағыт табуға көмектеседі.
Ашылған кабинет тек білім беру процесін байытумен шектелмей, мектеп қауымдастығының ынтымақтастығын нығайтуға да жағдай жасайды. Мұнда ұйымдастырылатын шеберлік сабақтары, кездесулер мен мастер-класстар оқушылар мен ұстаздарға бір-бірінен үйренуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл бастама Түркістан қаласындағы басқа мектептерге де үлгі болып, өңірдегі білім мен мәдениеттің дамуына оң әсерін тигізеді.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары