Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » Отырар ауданында адам құқықтарын қорғау жөнінде келелі кеңес болып өтті

Отырар ауданында адам құқықтарын қорғау жөнінде келелі кеңес болып өтті

Отырар ауданында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктері» тақырыбында семинар-тренинг өтті, деп жазады jetpisbai.kz.

Семинарға Европалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Бағдарламалар офисінің басшысы, Елші Фолькер Фробарт, «Winrock International» ұйымының «Орталық Азиядағы қауіпсіз көші-қон жөніндегі жобаның жетекшісі Элеонор Джудит Валентайн, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішовтер арнайы қатысты.

Жиынды аудан әкімі ашып, жүргізіп отырса, Тастемір Әбішев, Фолькер Фробарт ҚР адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесі, адам құқықтары мен құқықтық мемлекет, ҚР Конституциясында қарастырылған адамның және азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтар, сонымен бірге, мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы тақырыптық баяндама жасады.

Семинар-тренингтің екінші бөлімі секциялық жұмыстармен жалғасын тауып, бекітілген бағыттар бойынша Еңбек нормалары, Медиациялық жолмен еңбек құқықтарын қорғаудың тәсілдері түсіндірілді. Лектор, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Светлана Жаркенова тренинг барысында Еңбек кодексінің маңызды ережелеріне кеңінен тоқталды. Әрбір азамат үшін еңбек шартының рөлі, оны жасасу ережелері, еңбекке орналастыруға қажетті құжаттарды рәсімдеу, жұмыскер мен жұмыс берушінің негізгі құқықтары мен міндеттерін білуі керектігін жеткізіп, қоғамдағы болуы ықтимал еңбек дауларының алдын-алу тетіктерін түсіндіріп өтті.

Мұнан соң «Сана сезім» Әйелдер бастамасы құқықтық орталығының директоры Шахноза Хасанова еліміздегі адам саудасына қарсы іс-қимылдың алдын-алу ахуалына шолу жасап, «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заң жобасын таныстырып өтті. Сонымен қатар, «Қазақстандық дағдарыс орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Зүлфия Байсақова Қазақстандағы әйелдер мен балалардың құқытарын қорғау бойынша еліміздегі жағдайды талдап, әлемдік деңгейдегі тәжірибелерді талдап берді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының заңды құқықтары мен мүдделері туралы жиынға қатысушылардың сауалдарына жауап берді.

Оқыту семинар-тренингті қорытындылаған Тастемір Әбішев Қазақстанның азаматтары ғана емес, елімізде тұрақты немесе уақытша тұрып жатқан шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, босқындар, қандастар, азаматтықты алып үлгермегендер де Конституциялық сотқа жүгінуге, өз құқықтарын қорғауға құқылы екенін жеткізіп, құқықтарымен бірге мемлекет пен қоғам алдында міндеттерін де адал атқаруға шақырды.

Жалпы, Қазақстан адам құқықтарын қорғау бағытында нақты қадам жасап жатыр. Қазақстан ауқымды демократиялық реформалар жүргізіп, өзінің халықаралық міндеттемелеріне сәйкес адам құқықтарын қорғайды. Демократияны дамыту, адам құқықтарын қорғау және заң үстемдігін нығайту мақсатында қажетті заңнамалық жағдай жасалды.

Атап айтқанда, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының қағидаттарын енгізу шеңберінде Қазақстан азаматтары саяси шешімдер қабылдау процесіне кеңінен қатысатын болды. Саяси басқарудың теңгерімді жүйесі құрылып, есеп беретін Үкімет және ашықтық қағидаттары енгізілді. Мақсат – елімізді саяси тұрғыда трансформациялау және «Әділетті Қазақстанды» құру үшін басталған процестерді соңына дейін жеткізу.

Негізгі реформаларға келер болсақ, Демократияға атсалысу бойынша Мемлекет басшысының реформасына сәйкес заңнамаға ҚР Президенті бір рет жетіжылдық мерзімге сайлану ережесі бекітілді. Яғни, Президенттің екі рет сайлану құқы жоқ. Бұл Қазақстандағы демократия қағидаттарын нығайтуға мүмкіндік берді.Суперпрезиденттік өкілеттікті жоюға бағытталған конституциялық реформалар іске асырылды. Президенттің жергілікті атқарушы органдарға қатысты өкілеттігі шектеліп, оның Сенаттағы квотасы қысқартылды. Ресми саяси партияларды тіркеу шегі төрт есе, яғни 20 мыңнан 5 мың адамға дейін төмендетілді. Тіркеу ережелері жеңілдетілді.

Ұлттық заңнаманы либерализациялау нәтижесінде «Республика» және «Байтақ» сияқты жаңа саяси партиялар тіркелді. «Республика» партиясы 2023 жылғы наурызда өткен Парламент сайлауында «Аманат», «Ақ жол», «Ауыл», «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» және  «Қазақстанның Халық партиясы»  секілді танымал партиялармен қатар жеңіске жетті.

Мәжілістің өкілеттігі едәуір кеңейтілді. Жаңа модельге сәйкес сайлау партиялық тізімдер мен бірмандатты округтер бойынша өтті. 2023 жылғы наурыздағы сайлау қорытындысы бойынша Парламенттен орын алған алты партияның үшеуі депутаттық мандаттарға алғаш рет ие болды, ал оның біреуі – оппозициялық партия. 2022-2023 жылдардағы сайлауларда еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының талаптарына сай келетін сайлауды реттеудің жаңа жүйесін жүзеге асыру арқылы Қазақстандағы саяси бәсекелестікті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Сайлау кезіндегі партиялық тізімдерді жасақтау және парламенттік мандаттарды бөлу кезінде әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арнайы квота енгізілді. Қазақстан тарихында алғаш рет аудандық және қалалық деңгейдегі әкімдер сайлауы өткізілді. Бұл ауылдық округтер әкімдерінің шамамен 60 пайызын жаңартуға мүмкіндік берді.

Өңірлік қаржыландыру ісін трансформациялау және жаңадан Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарын құру есебінен жергілікті билік органдарының өкілеттіктері кеңейтілді. Жергілікті өзін-өзі басқару құқығы жергілікті билік органдарына берілді.Президенттік жастар кадр резерві құрылды. Іріктеудің бірнеше сатысынан өткен жас мамандар мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарға тағайындалуға мүмкіндік алды.

Халықтың елді басқару ісіне және Қазақстанның болашақ дамуына қатысты идеологиялық, мәдени параметрлерді айқындайтын шешімдер қабылдау процестеріне қатысуын ынталандыру мақсатында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі Ұлттық құрылтай болып қайта құрылды.

Құқық қорғау тетіктері бойынша, реформалар адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайтты. Соттардың тәуелсіздігін күшейтуге бағытталған заңнамалық түзетулер қабылданды. Алқабилер соты қарайтын істердің санаттары кеңейтілді.

Қазақстан адам құқықтарын қорғау жөніндегі ұлттық тетіктердің рөлін күшейтті. Елімізде Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен институты толыққанды жұмыс істейді. Аталған институт конституциялық мәртебеге ие болды. Сондай-ақ Қазақстанда Адам құқықтары жөніндегі, Бала құқықтары жөніндегі, Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтары жөніндегі омбудсмендер тағайындалды.

Конституциялық Сот азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың маңызды тетігі ретінде қайта құрылды. Қазақстан азаматтары оған тікелей жүгіне алады.Конституциялық Сот – Ата заңның үстемдігін қамтамасыз ететін конституциялық бақылаудың жоғары органы. Конституциялық Сот түпкілікті шешім шығарады және оның шешімдерін, соның ішінде азаматтардың конституциялық құқықтарына қатысты шешімдерді Президент те қайта қарай алмайды.

Конституцияға енгізілетін кез келген өзгерістер мен толықтырулар Конституциялық Соттың тиісті қорытындысы болған жағдайда ғана республикалық референдумға немесе Парламенттің қарауына шығарылуы мүмкін. Конституциялық Соттың он бір судьясының алтауын, яғни көпшілігін Парламент палаталары тағайындайды. Ал төрағаны Президент тағайындағанымен, оған Сенаттың келісімі қажет. Петицияларды жариялау және қарау тәртібін реттейтін заң қабылданды. Бұл азаматтарға онлайн-өтініш беру арқылы өз пікірлерін білдіруге жол ашады. Мұндай тәжірибе Үкімет қызметіне ашық мониторинг жасауды қамтамасыз етеді.

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*