Жыл басынан бері Шымкентте 8 511 отбасының 44 342 мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Өткен жылмен салыстырғанда әлеуметтік көмек алушылардың саны 29,7 пайызға азайған. Мәселен, 2023 жылдың осы кезеңінде 12 108 отбасындағы 61 605 адам атаулы әлеуметтік көмек алған. Бұл көрсеткіш жұмыспен қамту шараларының оң нәтижесін көрсетеді.
1-6 жас аралығындағы балаларға төленетін 1,5 АЕК көлеміндегі (5 538 тг) жәрдемақы биыл 7 608 отбасының 14 907 баласына берілді. Бұл көрсеткіш те төмендеген. Өткен жылы 12 927 отбасындағы 24 521 балаға төленген. Биыл 28 пайызға азайған.
Жалпы, 2024 жылдың III тоқсанына арналған мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің орташа мөлшері 36 637 теңгені құрап отыр. Бұл көмек әр отбасының жан басына шаққандағы орташа кіріс пен кедейлік шегінің арасындағы айырмашылық негізінде есептеледі.
Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың 12 482-і еңбекке жарамды азаматтар. Олардың 7 369-ы өтініш берген кезде жұмыс істеп жүргендер болса, қалғаны жұмыспен қамту шараларына тартылып жатыр. Нақтырақ айтқанда, 436 адам нәтижелі жұмыспен қамту шараларына қатысқан: 265 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 48-і қоғамдық жұмыстарға, 15 адам жастар практикасына, 17 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. Сонымен қатар, 46 адамға кәсіпкерлік бастамалары үшін қолдау көрсетілді.
Бұл көрсеткіш қаладағы жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау шараларының оң нәтижесін көрсетіп, атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайтып келеді.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек – бұл жан басына шаққандағы орташа айлық табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен жеке тұлғаларға (отбасыларға) мемлекет ақшалай нысанда беретін төлем.
Жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын Қазақстан Республикасы азаматтарының, қандастардың, босқындардың, шетелдіктердің және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, азаматтығы жоқ адамдардың атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар.