Шымкент қалалық перинаталдық орталығында көп балалы ана үшемді дүниеге әкелді. Ерекшелігі – ана бұған дейін де екі рет егіз босанған. Осылайша, үшемнің өмірге келуімен отбасындағы бала саны онға жетті.
Үшем 17 қыркүйекте кесар тілігі әдісімен дүниеге келген. Нәрестелердің екеуі қыз бала болса, үшіншісі – ұл. Туған кездегі салмақтары 1740, 1482 және 1730 граммды құрады. Ата-анасы сәбилерге Альсия, Сафия және Аймұхаммед есімдерін берген.
Мерзімінен бұрын туылғандықтан, нәрестелер өмірінің алғашқы күндерінен бастап жаңа туған сәбилерге арналған жансақтау бөлімінде ем қабылдады. Кейін жағдайлары тұрақталып, арнайы күтім бөліміне ауыстырылды. Мұнда олар дәрігерлердің жіті бақылауында болып, қажетті медициналық көмекті үздіксіз алды.
Мамандардың уақтылы жүргізген ем-шараларының нәтижесінде сәбилердің денсаулығы жақсарып, салмақтары біртіндеп қалыпқа келе бастаған. Қазіргі таңда үшемнің жалпы жағдайы қанағаттанарлық. Әрқайсысының салмағы екі келіден асты. Медициналық көрсеткіштерге сәйкес, нәрестелер жақын уақытта үйлеріне шығарылуға дайындалып жатыр.
Үшемнің өмірге келуі мен олардың денсаулығын қалпына келтіру жолында Дәулет Сатов бастаған дәрігерлер тобы еңбек етті. Команда құрамында бөлім меңгерушісі Сандуғаш Нуранова, Р. Мадусманов, Ақзат Шолпанқұлова, Перизат Шарипова, Камшат Әмірбекова және Айгүл Симағамбетова сынды медицина мамандары болды.
Айта кетейік, он баланы тәрбиелеп отырған ана үй шаруасымен айналысады, ал отағасы жеке кәсіпкер. Үшемнің дүниеге келуі көп балалы отбасы үшін ерекше қуаныш пен үлкен бақытқа айналды.
Жалпы, Шымкент қаласында әлеуметтік-демографиялық дамуды қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын арттыру және отбасы институтын нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе, ана мен баланың денсаулығын қорғау, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, көпбалалы отбасыларды қолдау мәселелеріне басымдық берілген.
Қалада ана мен бала денсаулығын сақтау бағытында перинаталдық орталықтар мен медициналық ұйымдардың қызметі жетілдіріліп, жүкті әйелдерге, босанатын аналарға және жаңа туған нәрестелерге қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Сонымен қатар нәрестелердің денсаулығын бақылау, мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбилерді күту және олардың өмірін сақтап қалу бағытында арнайы медициналық қызметтер ұйымдастырылған.
Шымкент қаласында дүниеге келіп жатқан әрбір сәби – қаланың демографиялық әлеуетінің артуына қосылған үлес.
Демографиялық саясаттың негізгі мақсаты – халық санының тұрақты өсуіне ықпал ету, ана мен балаға қолайлы жағдай қалыптастыру және отбасылардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету. Осы орайда көпбалалы отбасыларды қолдау, балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сапалы медициналық қызметке қолжетімділікті арттыру бағытындағы жұмыстардың маңызы зор.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары