Шымкент қаласының Абай ауданында тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылу маусымына дайындау жұмыстары жүргізіліп, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған көпқабатты үйлерге жылу берілді. Сонымен қатар ауданда тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған абаттандыру және қоғамдық кеңістіктерді жаңарту жобалары жүзеге асырылуда.
Аудан аумағында жалпы 350 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 170-і пәтерішілік автономды жылыту жүйесімен қамтылған. «Атлант» тұрғын үй кешеніндегі бес үйдің, «Құлагердегі» он үйдің және «Нью Лайф» кешеніндегі үш үйдің жеке қазандықтары «Қуатжылуорталық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының теңгеріміне өткізілген.
Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 162 көпқабатты тұрғын үйде сығымдау жұмыстары толық жүргізіліп, дайындық актілері «Қуатжылуорталық-3» МКК-ға тапсырылды. Қазіргі уақытта аталған үйлерге жылу толық көлемде және тұрақты берілуде. Аудан аумағындағы тұрғын үйлердің жылу жүйелеріне тоғыз сервистік мекеме қызмет көрсетеді.
Жылумен қамту жұмыстары әлеуметтік нысандарды да қамтыды. Атап айтқанда, аудан аумағындағы 32 мектепке, тоғыз балабақшаға және 13 медициналық ұйымға жылу берілді.
Мектептердің екеуі орталықтандырылған жылу жүйесі арқылы жылытылады. Алты мектеп көмірді, екеуі сұйық отынды, 22-сі табиғи газды пайдаланады. Тоғыз балабақшаның барлығы табиғи газбен жылытылады. Медициналық ұйымдардың төртеуі көмірмен, екеуі сұйық отынмен, жетеуі табиғи газбен қамтамасыз етілген.
Ауданның инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жылумен қамтумен ғана шектелмейді. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, спорт алаңшалары мен гүлзарлар салу, аулаларды жарықтандыру және жаяу жүргіншілер жолдарын төсеу жұмыстары да қатар жүргізілуде.
2026 жылдың тоғыз айында 11 ойын алаңшасы мен алты гүлзар пайдалануға берілді. Қалған нысандардың құрылысын қараша айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар аудан аумағындағы көшелерді жарықтандыру жұмыстарының нәтижесінде жарықтандырылған көшелердің үлесі 100 пайызға жетті.
Аталған жұмыстардың барлығы тұрғындардың қауіпсіздігі мен тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз ету, қоғамдық кеңістіктерді жаңарту және инфрақұрылымды жетілдіру ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бағыттары болып саналады.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары