Шымкент қалалық перинаталды орталығының дәрігерлері шала туған нәрестеге бір уақытта күрделі екі ота жасады. Шақалақ 31 апталық мерзімде 2350 грамм салмақпен ауыр халде туылған. Күрделі ота барысында сәбидің іш қуысына шыққан кіндік жарығы жойылып, бауырдағы киста сәтті алынды.
Күрделі операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде неонаталды хирургия саласының ең заманауи әдістерін қолдана отырып, жоғары білікті мамандардың қатысуымен жүргізілді. Қазіргі таңда сәби арнайы медициналық құрылғылардың көмегімен дәрігерлік бақылауда.
-Нәресте ішкі ағза қуысының патологиясымен ауыр халде дүниеге келді. Диагностика жүргізіліп, кіндік жарығы мен үлкен көлемді киста анықталды. Шұғыл ота жасау шешімін қабылдадық. Алдағы уақытта сәби тұрақты бақылауда болады. Мұндай күрделі неонаталды операциялар жаңа туған нәрестелердің өмірін сақтауға мүмкіндік береді,- дейді Шымкент қалалық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің неонаталды ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Будукова.
Қалалық перинаталдық орталығында неонаталдық хирургиялық операциялар биылғы жылдан бастап жүргізіле бастады. Осы уақыт аралығында ішкі ағзаларының ақауымен туылған 40-там астам сәбиге күрделі ота жасалған.
Жаңа туылған нәрестелерге реанимациялық және қарқынды терапия қызметін көрсететін бөлімшеде неонаталдық хирург, анестезиолог-реаниматолог және неонатолог-реаниматолог дәрігерлері жұмылдырылған. Перзентханада сондай-ақ асқазан-ішек жолдарына ота жасалған балаларға күтім жасауға ерекше көңіл бөлінген.
Айта кетейік, 17 қараша дүниежүзілік шала туған нәрестелер күні. Неонатологтардың қызметінің арқасында бұл балалардың өмір сүру көрсеткіші артып келеді. Шала туылған нәрестелер күні алғаш рет Венада 2009 жылы атап өтілді. Бір жыл бұрын, 2008 жылы Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шала туылған нәрестелерді күту жөніндегі бағдарламасына қосылды, оған сәйкес республикада 2008 жылдан бастап тірі туылу критерийлері енгізілді: жүктіліктің 22-ші аптасында (алты айдан басталатын мерзім) дене салмағы 500 грамм және одан да көп туылған нәрестелерді күту.