Шымкент дендросаябағы – қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының бірі. Қалаға қонақ болып, ат басын бұрғандардың дені жасыл желек жамылған дендросаябаққа соқпай кетпейді. Мұнда бір мезгіл бой сергітіп, таза ауамен тыныстап қайтатындардың қатары көп.
Бүгінде Шымкент қаласындағы А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақта демеушілердің қолдауымен бірнеше маңызды жобалар жүзеге асырылып, көріктендіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Саябақтың кіреберіс қақпасы жанындағы аймақта қалалық әуежайдың демеушілігімен заманауи спорт алаңы салынды. Жаңа спорт аймағы қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, белсенді демалысты қолдайтын тұрғындар мен келушілер үшін тамаша орынға айналды.
Соңғы үш айда саябақ аумағында бірнеше көгалдандыру және инфрақұрылымдық жаңартулар жасалды. Ескі күзет бекеттері жаңартылып, олардың орнына төрт заманауи күзет үйі орнатылды. Бос жатқан аймақтар көгалдандырылып, 400 түп қарағай ағашы отырғызылды. Бұл аумақ автоматты суғару жүйесімен жабдықталып, ағаштардың үздіксіз суарылуына жағдай жасалған.
Сондай-ақ, саябақтың «Қошқар ата» учаскесінде «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің қолдауымен жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Мұнда 60 жаңа жарықшам орнатылып, 300 метрлік кабель тартылды, бұл саябақтың кешкі уақыттағы қауіпсіздігі мен жайлылығын арттырды.
Демеушілердің көмегімен жүзеге асқан осы жаңартулар саябақты демалыс үшін тартымды орынға айналдырып, келушілерге жайлы әрі қауіпсіз орта ұсынуда.
Тарих беттерін парақтасақ, Шымкент дендрологиялық саябағын құрудың тарихы 1979 жылдан бастау алады. Бұл аумақ сол жылдары қала маңындағы қоқыс тастайтын орын болған деседі. Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың бастамасымен бой көтерген.
Осындай тамаша демалыс орнын көздің қарашығындай сақтау, оларды бүлдірмеу – әрбіріміздің азаматтық борышымыз.