Түркістан облысы Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті еліміздің мақтанышы болған педагогтердің есімін ұлықтап, олардың еңбегін ерекше атап өту мақсатында арнайы стенд әзірледі.
Бұл стендте «Қазақстанның Еңбек Ері» және «Қазақстанның Еңбек сіңірген ұстазы» атағын иеленген ұстаздардың суреттері мен есімдері көрнекі түрде көрсетілген. Аталған бастама білім саласындағы майталман мамандардың еңбегін бағалап, жас буынға үлгі етуге бағытталған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің білім саласына сіңірген елеулі еңбектері үшін осы ұстаздарды арнайы марапаттаған болатын. Бұл – олардың ұлт болашағы үшін атқарған еңбектерін мойындап, оларға көрсетілген құрметтің белгісі. Осындай ерекше марапат алған педагогтер елдің ең бағалы қазыналарының бірі және олардың еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес.
Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Ұлт келбеті – ұстаз. Бес жылдың берекелі белестері» атты мақаласында белгілі ұстаздар Аягүл Миразова мен Алина Соловьевадан кейін семейлік мұғалім Алма Шүкежановаға өткен жылы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілуі отандық педагогтер қауымына көрсетілген үлкен құрметтің тағы бір белгісі болғанын атап өтті. «Мемлекет тарапынан жасалған бұл қадамдар ұлт келбеті болар мұғалімге көрсетілген ерекше қамқорлық екенін педагогтер қауымы сезініп, жылы қабылдады», — деді министр Ғ.Бейсембаев.
Бұл галерея ұстаздарды ғана емес, жалпы педагог мәртебесін асқақтатуға арналған. Түркістан облысы ұстаздарының жетістіктерін насихаттай отырып, жас ұрпақты білім мен тәрбие жолында үлгі тұтуға бағыттайды.
Барлықтарыңызды осындай ұлағатты ұстаз болуға шақырамыз.
© Галымжан Алматовтың
парақшасынан