Қазақ халқының ұлттық тағамдары пайдалы дәрумендер мен минералдарға бай, сонымен бірге көптеген ауру түрлеріне де ем. Тағамдардың емдік қасиеті жөніндегі ұғым медицинада пайда болмай тұрып-ақ ата-бабаларымыз қымыз, шұбат ішіп көптеген дерттің алдын алған.
Қымыз
Құрамы ақуыз, май, көмірсутек (лактоза), натрий, калий, фосфорға бай. Сонымен қатар, онда адам ағзасына аса қажетті дәрумендер өте көп. Олар: А, В1, В, В12, С дәрумендері. Қымыздың емдік қасиеттерін ежелден білетін ата-бабаларымыз ас қорыту жүйесі ауруларын, қан аздық, мешел, құрт ауруларын, асқазан жарасын, жүрек, қантамыр ауруларын және атеросклерозды емдеуге пайдаланған.
Шұбат
Түйе сүтінен әзірленетін бұл сусын биологиялық құрамы бойынша құнарлы және дәмді азық қана емес, В, В1, В2, С дәрумендерінің де қайнар көзі. Шұбат өзіндегі В1, В2 дәрумендері бойынша сиыр сүтінен асып түседі. Шұбаттың бір литрі адам ағзасында С дәруменіне және рибофлавиніне тәуліктік қажеттілігін қанағаттандыра алады. Шұбат – сиыр сүтіне қарағанда май, ақуыз, минералды заттарға және дәрумендерге өте бай. Емдік қасиеті де күшті. Ол қант диабеті, асқазан жарасы, диарея, бауыр, аллергия тәрізді аурулардан айықтырады.
Ешкі сүті
Құрамында май, көмірсутек, ақуыз үш есе көп. Темір, кальций, А, В дәрумендері бар. Ешкі сүті бездерге, рахит, бронх демікпесі, өт жолдары сырқатына, бас сақинасына, ас қорыту жолдарының бұзылуына қарсы шипалы ем.
Жылқы еті
Мұнда 75,3% су, 21,7% нәруыз, 2,5% май, 0,5% көмірсутегі бар. Жылқы етінің майы жеңіл балқитын болғандықтан ол ағзаға жақсы сіңеді. Етке гликогеннің (жануар крахмалы) бөлінуі оған өзгеше дәм береді.
Түйе еті
Жануарлар майын шектелген ем-дәмге (диетаға), пісірілген тағамдарда қолданбайды. Өйткені жануарлар еті ішкі майлардың қабатын құрайды. Түйе етіндегі май қой, сиыр етіне қарағанда көбірек. Өркешті ерітіп, жоғары сапалы ақ түсті май алуға болады және ол сиыр мен қой малына қарағанда бағалы. Түйе етінде 75-80% су, 18-21% нәруыз және 1-2% май бар. Одан басқа кальций, магний, фосфор, темір, тағы да басқа бірқатар дәрумендер кездеседі.
Қазақ халқы төрт түліктің төресі деп төбесіне көтеретін жылқының қасиетін тауысып айту мүмкін емес. Ата-бабамыз еті мен сүті шипа жануарды бағалай білген.
Қазірде қазақ қана емес, көп ауруға ем саналатын жылқы етін дамыған Еуропа елдері де мойындап отыр. Шетелдік зерттеуші-дәрігерлер еттің ішіндегі ең пайдалысы – жылқының еті екендігін, жылқы майының адам организмінде ешқашан тұнбаға түспейтіндігін зерттеп білді. Олар жылқы етінің 17 түрлі ауруға ем болатындығын мойындады.
Жылқы етінің ең басты қасиеті- жүрек, қан тамыр ауруларына, бүйрек жұмысын жақсартуға, буын сүйектерінің сырқырауына, ішкі ағзаның дұрыс жұмыс жасауына тигізер әсері мол. Ағза жасушаларын жаңартып отыратын қасиеті де дәлелденген. Ал бұл дегеніңіз қартаймаудың басты қағидасы.
Сонымен қатар, жылқының жүрегін жеу ми қызметін жақсартады. Мидағы миллиондаған жасушаларды жаңартып, есте сақтау қабілетіне жауап беретін талшықтарға көмек береді. Мамандардың айтуынша жылқы етін тұрақты жеу мидың ұзақ уақыт «мүлтіксіз» қызмет көрсетуіне септігін тигізеді. Ол үшін жылқы жүрегін пісіріп не қуырып жеу керек. Ал қақталған сүр ет бүйрек жұмысына пайдалы. Сүрленген етті әбден пісіріп, сүтпен бірге қабылдау бүйрек пен несеп жолдарына оң әсерін тигізеді.
Жылқы етінде негізінен минералды заттар, оның ішінде темір көп. Әсіресе, жылқы бауыры темірге, А1, В2, В12 дәрумендеріне бай. Мамандар жылқы етін мұздатқышта сақтағаннан гөрі оны сүрлеп сақтаған әлдеқайда пайдалы екендігін айтады.
Ал сіз жылқы етінің тағы қандай пайдасын айта аласыз?!