Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Руханият » «Домбыра – ұлт үні»: мерекелік эстафета жалғасуда

«Домбыра – ұлт үні»: мерекелік эстафета жалғасуда

Шымкентте Ұлттық домбыра күніне орайластырылған «Домбыра – ұлт үні, Конституция – мемлекет тірегі» атты мерекелік акция бастау алды. Мәдени жоба аясында шаһардағы белгілі орындаушылар мен шығармашылық ұжымдар қоғамдық орындарда өнер көрсетіп, мегаполис тұрғындары мен қонақтарына ұлттық аспаптың жанды дауысын ұсынуда.

Аталған шараның кезекті алаңына айналған Шымкент халықаралық әуежайында жолаушылар мен қарсы алушылар үшін «Қаратау» дәстүрлі-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті. Музыканттардың орындауындағы әуезді күйлер мен халық композициялары әуежай ішін мерекелік күйге бөлеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Мұндағы жұртшылық өнерпаздардың өнеріне тәнті болып, естелікке суретке түсіп, бейнежазбаға таспалады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл ауқымды шара ұлттық өнерді дәріптеу, мәдени мұраны сақтау және дәстүрлі құндылықтарға деген құрметті арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Қоғамдық орындарда мұндай концерттер ұйымдастыру қазақ музыка мәдениетінің бай қазынасын тек қала тұрғындарына ғана емес, сонымен қатар Шымкентке қадам басқан меймандарға да кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді.

«Қаратау» фольклорлық ансамблінің домбырашысы Мәдіхан Тәжиевтің пайымдауынша, бұл бастамалар ұлттық өнерді бұқараға жақындата түсуге септігін тигізеді.

«Домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес, ол – біздің тарихымыздың, мәдениетіміз бен ұлттық рухымыздың символы. Қоғамдық орындарда домбыра үні күмбірлегенде, адамдар күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәт серпіліп, тамырын танып, салт-дәстүрмен байланысын сезінеді. Мұндай іс-шараларды әсіресе жастардың көруі маңызды, өйткені мәдени мұрамызды сақтап, келер ұрпаққа аманаттау – солардың еншісінде», – деп атап өтті Мәдіхан Тәжиев.

Мерекелік бағдарлама қаланың өзге де мәдени алаңдарында жалғасын таппақ. Шығармашылық ұжымдардың өнері халық көп жиналатын орындарда ұсынылып, Ұлттық домбыра күні қарсаңында шаһарды күй үніне бөлейді. Ұйымдастырушылар бұл шаралар қазақтың музыка өнерін ұлықтап қана қоймай, ел бірлігін бекемдеуге, ұлттық құндылықтар мен Қазақстанның мәдени дәстүрлеріне деген құрметті арттыруға ықпал ететініне сенімді.

Мерекелік эстафета аясында ұйымдастырылып жатқан мұндай мәдени кездесулер тұрғындардың ғана емес, қала қонақтарының да ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Ашық форматтағы концерттер арқылы көпшілік дәстүрлі күй өнерімен етене танысып, қазақтың бай музыкалық мұрасының құндылығын тереңірек сезінеді. Бұл бастама ұлттық мәдениетті насихаттаудың тиімді үлгісі ретінде қала өмірінің мәдени тынысын жандандыра түсуде.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*