Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Руханият » КІТАПХАНА ЖӘНЕ ОҚЫРМАН: ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР КӨКЖИЕГІ

КІТАПХАНА ЖӘНЕ ОҚЫРМАН: ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР КӨКЖИЕГІ

Қазіргі заман – ақпарат пен технологияның қарқынды дамыған дәуірі. Осындай кезеңде кітапхана тек кітап сақтайтын орын ғана емес, ол – рухани жаңғырудың, білім мен парасаттың, жаңа идеялар мен тың бастамалардың орталығына айналып отыр. Уақыт талабына сай өзгеріп, жаңаша бағыт алған кітапхана ісі бүгінгі қоғамның ажырамас бір бөлігіне айналды. Осы бағыттағы игі бастамалардың бірі – Созақ аудандық орталық кітапханасында өткен «Кітапхана және оқырман: жаңа мүмкіндіктер» атты аудандық семинар.

Аталған мазмұнды жиын аудандық орталық кітапхананың кітапхананы дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткізіліп, кітапхана саласының бүгінгі тынысы мен болашақ бағытын айқындаған маңызды алаң болды. Семинарға аудан көлеміндегі кітапхана мамандары қатысып, тәжірибе алмасып, кәсіби ой-пікірлерін ортаға салды.

Семинар жұмысын аудандық орталық кітапхананың директоры Н.Майусова ашып, өз сөзінде кітапхана саласындағы жаңашыл бағыттарға кеңінен тоқталды. Ол кітапхананың тек ақпарат көзі ғана емес, қоғаммен тікелей байланыс орнататын маңызды мәдени орта екенін атап өтіп, оқырманмен байланысты нығайту, заманауи технологияларды тиімді пайдалану – бүгінгі күннің басты міндеті екенін жеткізді.

Кітапхананы дамыту бөлімінің басшысы Б.Бекмуратова «Кітапхана мен оқырман арасындағы жаңа форматтағы байланыс» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, қазіргі кітапханалардың жұмыс форматы өзгеріп жатқанын нақты мысалдар арқылы түсіндірді. Ол әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалардың кітапхана қызметіндегі маңызын айқындап, оқырман тартудың заманауи әдістеріне кеңінен тоқталды.

Аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Ғ.Маймақова «Кітапхана жұмысын талдау, зерделеу және әдістемелік көмек көрсету қорытындысы» тақырыбында хабарлама жасап, жүргізілген әдістемелік жұмыстар мен іссапарлар нәтижесіне тоқталды. Бұл баяндама кітапхана қызметін жүйелі түрде талдаудың маңызын көрсетті.

Семинар аясындағы «Тәжірибе алмасу алаңы» барысында Созақ және Абай ауылдық кітапханашылары «Менің кітапханам – менің мақтанышым» тақырыбында өздерінің үздік тәжірибелері мен авторлық жобаларын таныстырды. Бұл бөлімде кітапхана жұмысындағы шығармашылық ізденіс, жаңашыл көзқарас айқын көрініс тапқан болатын.

Семинардың мазмұнын байытқан маңызды бөлімдердің бірі – ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бағыты болды. Аталған бөлімнің библиограф маманы Е.Дайрабай «Ақпараттық іздеу жүйелеріндегі жасанды интеллект рөлі» тақырыбында практикалық сабақ өткізіп, қатысушыларға заманауи іздеу жүйелерінің мүмкіндіктерін жан-жақты таныстырды. Сабақ барысында жасанды интеллект құралдарының ақпаратты жылдам әрі дәл табудағы артықшылықтары көрсетіліп, кітапханашылардың күнделікті жұмысында оны тиімді пайдалану жолдары түсіндірілді. Бұл – кітапхана ісінің жаңа кезеңге қадам басқанын аңғартатын маңызды бағыттардың бірі екені анық сезілді.

Пікір алмасу алаңында Таукент, Құмкент, Бабата ауылдық кітапханашылары «Әлеуметтік желідегі кітапхана: оқырман тартудың тиімді жолдары» тақырыбында өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар әлеуметтік желілер арқылы оқырман тартудың тиімді әдістерін ұсынып, заманауи насихат жұмыстарының қыр-сырын ортаға салды.

Бірыңғай қорларды ұйымдастыру және пайдалану бөлімінің басшысы Ә.Сарыбаева «Кітап көрмесін дайындаудың қадамдары мен ерекшеліктері» тақырыбында шеберлік сағатын өткізіп, кітап көрмесін ұйымдастырудың негізгі талаптары мен безендіру тәсілдерін түсіндірді.

Семинардың ерекше әсерлі сәттерінің бірі – «Кітапхана – тағдырымның тынысы» атты рухани бөлім болды. Бұл жерде кітапханашылар өз мамандығына деген сүйіспеншілігін, ішкі жан толғанысын монолог арқылы жеткізіп, тыңдарман жүрегіне жол тапты.

Семинар қорытындысында кітапхана қызметін жетілдіру, оқырман тартудың жаңа әдістерін енгізу, тәжірибе алмасуды жандандыру бағытында нақты ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар, әдебиетті насихаттауға арналған әдістемелік құралдар мен ақпараттық библиографиялық құралдар таратылды. Атап айтқанда, «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында таңдалған Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романына арналған «Тағдыры бөлек тарланбоз» әдістемелік құралы, ақын М.Асқаровқа арналған «Парасат пен пайым жолындағы ғұмыр», сондай-ақ С.Тәбірізұлының 90 жылдығына орай дайындалған «Ұлт тарихына ғұмырын арнаған ғалым» библиографиялық көрсеткіштері көпшілікке ұсынылды.

Бұл семинар – кітапхана саласындағы кәсіби байланысты нығайтқан, жаңа идеяларға жол ашқан маңызды шара болды.

Ал кітапхана – адамзат өркениетінің рухани тірегі. Ол – ұлттың жады, мәдениеттің мәйегі, білімнің бастауы. Кітапхана сөресіндегі әрбір кітап – тарихтың үні, уақыттың куәсі. Сол арқылы адам өткенді таниды, бүгінді бағалайды, болашаққа бағдар жасайды.

Бүгінгі кітапхана – тек кітап ордасы емес, ол – жаңа технологиялармен жабдықталған, ақпараттық кеңістікке еркін шығатын, оқырманмен үздіксіз байланыс орнататын заманауи орталық. Ал кітапханашы – сол кеңістіктің шырақшысы, оқырманға бағыт беретін рухани жетекші.

Қорытындылай келе, кітапхана – өткен мен болашақты жалғаған алтын көпір. Ол – ұлттың рухани деңгейін айқындайтын қасиетті мекен. Сондықтан кітапханаға деген құрмет – бұл білімге, руханиятқа, ел болашағына деген құрмет.

Осындай тағылымды семинарлар жалғасын тауып, кітапхана мен оқырман арасындағы алтын байланыс нығая берсін деген сеніміміз мол. Рухани ордада сол орданың рухани шырақшылары әрқашан білім көкжиегін арттырып Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай «кітап оқитын ұлт» қалыптастыруға қай кезде де талмай еңбек етеді және де мемлекет болып жұмылатын болсақ білімді, ғалым жастар, тұлғалар шығатыны мемлекетті дамытатыны, білім көкжиегіне өз шуағын, өз қолтанбасын қалдыратыны анық…

 

Е.ДАЙРАБАЙ

Фото egemen.kz сайтынан алынды.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*