Бүгін – елдік мүддені ту етіп, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан көрнекті қаламгер, ақын, жазушы, журналист, сазгер, сатирик, қоғам қайраткері Әкім Ысқақ Әбдіқайымұлының туған күні.
Әкім аға – сан қырлы таланты мен тағылымды ғұмырын ел игілігіне арнаған, сөзімен де, ісімен де халыққа қызмет етіп келе жатқан айрықша тұлға.
Оның өмір жолына көз салсақ, ұстаздықтан басталған еңбек жолының журналистика, мемлекеттік қызмет, депутаттық қызмет, заң шығару, әдебиет пен өнер, қоғамдық жұмыстар секілді сан салада жалғасып, ел тарихындағы елеулі істермен сабақтасқанын көреміз.
1960 жылы 3 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Бөржар ауылында дүниеге келген Әкім Әбдіқайымұлы білім мен ізденісті өмірінің берік тұғыры ете білді.
Әкім Әбдіқайымұлы – шығармашылық пен қоғамдық қызметті қатар алып жүрген қайраткер. Бүгінде ол «Республикалық ардагерлер ұйымы» аясындағы «Рухани мұра, жастар тәрбиесі» комиссиясының төрағасы, сондай-ақ Республикалық «Әкелер одағы» қамқоршылық кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарып келеді.
Бұл жұмыстар – оның ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, аға буынның өнегесін жас ұрпаққа жеткізуге, әке институтын нығайтуға, бала тәрбиесіне және ел болашағына деген азаматтық жауапкершілігінің айғағы.
Әкім аға қай ортаға барса да, елдің ықыласына бөленіп, кейінгі ұрпаққа ақ батасын беріп, талай баланың тұсауын кесіп келеді. Мыңдаған сәбидің тұсауын кесуі – оның бала тәрбиесіне, ұрпақ болашағына деген шынайы жанашырлығының көрінісі.
Созақ еліне деген ықыласы да ерекше. Киелі Созақтың талай тұлғасымен рухани байланыста болып, ел тарихы мен өнеріне қатысты дүниелерге үнемі жанашырлық танытып келеді.
Биыл жерлесіміз, сазгер Мамырғали Байспен бірлесіп, балаларға арналған «Сөз бен саз» — атты шығармашылық кештерін өткізіп, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Созақ ауданындағы балалар мен оқырмандарға рухани кеш жасады.
Созақ аудандық кітапханасына арнайы келіп, оқырмандармен және кітапхана қызметкерлерімен жүздесуі – біз үшін үлкен мәртебе әрі есте қаларлық кездесу болды.
Әкім Ысқақ Әбдіқайымұлының еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Ол «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, Ы. Алтынсарин медалінің, Б. Момышұлы медалінің, сондай-ақ Моңғолияның жоғары дәрежелі «Шыңғысхан» медалінің иегері.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Білім беру ісінің үздігі, Қазақстан педагогика академиясының профессоры, халықаралық журналистер одағының мүшесі, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Түркістан облысының құрметті депутаты.
Қаламгердің есімімен Бөржардағы Абай мектебіндегі, Сұлтан Ысқақов атындағы мектептегі, Түркістан қаласындағы Ататүрік мектебіндегі, Астана қаласындағы №42 мектептегі сыныптардың, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіндегі дәрісхананың аталуы – оның шығармашылық мұрасы мен қоғамдық еңбегінің жас ұрпаққа берер тағылымының мол екендігін көрсетеді.
Ал Шұбарсудағы «Достық» мектебінде «Әкімтану» сыныбының ашылып, қаламгер шығармашылығына арналған арнайы сабақтардың өткізілуі – тұлға мұрасының кейінгі буынға жол тартқанының айқын белгісі.
Әкім Ысқақ туралы Көпен Әмірбектің «Алтын сандық», Алдаберді Мақашевтің «Әкім Ысқаққа хат», Лира Қоныстың «Ізгілікті іздеу теориясы» атты зерттеу еңбектерінің жарық көруі де қаламгер тұлғасына деген ел ықыласының айғағы.
Ардақты Әкім Әбдіқайымұлы!
Сізді туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймыз!
Сіздің ұстаздық жолдан басталған еңбек жолыңыздың журналистикада, мемлекеттік қызметте, Парламент төрінде, заң шығару саласында, әдебиет пен өнерде, қоғамдық қызметте жалғасып, елдік істермен өрілгені – кейінгі ұрпаққа өнеге.
Сіз – қаламымен елдің сөзін сөйлеген журналист, жүрегімен жырлаған ақын, ойымен ой салған жазушы, әуенімен елді тербеткен сазгер, ұлт мүддесін қорғаған қайраткер, ұрпақ тәрбиесін басты орынға қойған азаматсыз.
Сізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық, шығармашылығыңызға сарқылмас шабыт тілейміз!
Қаламыңыз мұқалмасын, жүрегіңізден жыр, ойыңыздан тағылымды дүние, көңіліңізден ізгілік арылмасын!
Елдік мұрат жолындағы еңбегіңіз еселеніп, қазақ руханиятына қосар үлесіңіз арта берсін. Жаңа жасыңыз жаңа шығармашылық белестерге, тың туындыларға, қуанышты сәттерге толы болғай!
Жас ұрпаққа берер өнегеңіз, айтар ақылыңыз, жүрекке жетер жырыңыз бен елге қызмет етер қайраткерлік болмысыңыз әлі талай жыл кейінгі буынға шамшырақ болсын!
Туған күніңіз құтты болсын, ардақты Әкім аға!
Мерейіңіз үстем, абыройыңыз асқақ, қаламыңыз қарымды, ғұмырыңыз ғибратты болсын!
Ел-жұртыңыздың құрметіне бөленіп, қазақ руханиятының биік төрінен көріне беріңіз!
Ізгі ниетпен,
Созақ аудандық орталық кітапханасының директорыНұржамал Әбілжанқызы және кітапхана ұжымы
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары