Шымкентте тұрғындарды бұқаралық спортқа тарту, кәсіби спорттың дамуына жағдай жасау және спорттық инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Қалада жаңа нысандардың құрылысына басымдық беріліп қана қоймай, қолданыстағы спорт кешендерін жаңарту және шалғай елді мекендерді спорт инфрақұрылымымен қамту шаралары да қолға алынған.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Шымкент қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Аманжолұлы мәлімдеді.
Қазіргі таңда қаладағы 35 спорт ұйымында 65 спорт түрі дамытылуда. Оқу-жаттығу процесіне 1 121 жаттықтырушы тартылған, оның 795-і штаттық негізде қызмет атқарады. Спорттық мекемелерде 18 242 спортшы тұрақты түрде жаттығады. Қалада 22 олимпиадалық, 2 олимпиадалық емес, 2 паралимпиадалық, 1 сурдлимпиадалық және 10 ұлттық спорт түрі дамытылып келеді. Жыл басынан бері 25 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізіліп, жыл соңына дейін тағы 4 іс-шара ұйымдастыру жоспарланған.
Бұқаралық спортты дамыту бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. Дене шынықтыруды дамыту және іс-шараларды өткізу дирекциясының 31 спорт нұсқаушысы қаланың 13 саябағы мен аллеясында тұрғындарға арналған таңғы жаттығулар өткізуде.
Қазіргі таңда Шымкентте 877 спорт нысаны бар. Оның 589-ы дене шынықтыру және спорт нысаны, 253-і білім беру ұйымдарының жанында орналасқан, ал 35 нысан спорт мектептеріне тиесілі. Спорттық инфрақұрылымды одан әрі кеңейту мақсатында биыл Қаратау ауданындағы Тұран шағынауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін және Базар қақпа тұрғын алабындағы стадион аумағында қосымша спорт нысанын салу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Қаратау ауданындағы Тұран-2 шағынауданында 60 мың көрерменге арналған жаңа стадионның, ал Тұран шағынауданында Паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде.
Қолданыстағы нысандарды сақтау және жаңарту мәселесіне де басымдық берілген. «Мұз сарайы», Локомотив стадионы, Шаумян көшесіндегі футбол алаңы, Кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебі және «Орталық су спорт кешені» ғимараттарында ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Бұдан бөлек, қала орталығынан шалғай орналасқан елді мекендерді спорттық инфрақұрылыммен қамту мақсатында бірқатар жер телімдері заңдастырылып, болашақта спорт нысандарын салу бойынша ұсыныстар енгізілді.
Жалпы, қаладағы спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жаңа нысандар салу, қолданыстағы кешендерді жаңғырту және бұқаралық спорттың қолжетімділігін арттыру бағыттарын қамтиды. Бұл шаралар тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасап, Шымкенттің спорттық әлеуетін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары