Шымкент қаласының спортшылары 2026 жылдың алғашқы сегіз айында республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетті. Жыл басынан бері Қазақстан чемпионаттарында 1 547 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 526 алтын, 490 күміс және 531 қола медаль бар.
Сонымен қатар, шымкенттік спортшылар халықаралық жарыстарда да табысты өнер көрсетті. Азия чемпионаттарында 119 медаль, Азия кубоктарында 31 медаль иеленді. Әлем чемпионаттарында 33, ал Әлем кубоктарында 40 медаль жеңіп алды. Қазақстан чемпионаттары аясындағы кубоктық жарыстарда да 110 медаль еншіледі.
Спорт саласындағы жетістіктермен қатар, білікті мамандар даярлау жұмыстары да жалғасуда. Есепті кезеңде 2 еңбек сіңірген жаттықтырушы, 2 еңбек сіңірген спорт шебері, 26 халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 97 спорт шебері дайындалды. Сонымен бірге, Шымкенттен 1 224 спортшы Қазақстан ұлттық құрамаларының сапына енді.
Қала спортшылары халықаралық додаларда да ел намысын абыроймен қорғады. Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен қысқы Олимпиада ойындарына фристайл-акробатикадан Шымкенттің төрт спортшысы қатысты. Ал Дохада өткен стенд атудан Азия чемпионатында спортшылар 14 медаль жеңіп алса, Нью-Делиде өткен нысана атудан Азия чемпионатында 11 медаль иеленді. Бұл жарыста София Шульженко әлемдік және Азия рекордтарын жаңартты.
Сондай-ақ каратэші София Берульцева халықаралық «Премьер Лига» турнирінде жеңімпаз атанды. Грек-рим күресінен Мейіржан Шермаханбет алтын, Ернұр Фидаметов қола медаль иеленді. Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Шымкенттің жеті спортшысы 3 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды.
Қазіргі таңда Шымкенттің 53 спортшысы Жапонияда өтетін XX жазғы Азия ойындарында спорттың 21 түрі бойынша Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетуге қатысушылар ретінде көрсетілген. Сонымен қатар, жеңіл атлет Максим Сажнев жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпиада ойындарына жолдама алды. Ол биыл Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп, ұлттық рекорд орнатқан.
Жалпы, шымкенттік спортшылардың жетістіктері қалада спорт резервін даярлау, кәсіби спортты дамыту және халықаралық жарыстардағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру бағытындағы жұмыстардың жалғасып жатқанын көрсетеді.
Алдағы уақытта да Шымкент спортшыларының халықаралық аренадағы жетістіктерін арттырып, ел мерейін үстем етуіне басымдық берілмек. Жас спортшыларды қолдау мен кәсіби шеберлікті шыңдау жұмыстары жалғасады.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары