Шымкент қаласының Тұран ауданында кәсіпкерлікті қолдау, тұрғындарды жұмыспен қамту және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Аудан әкімдігі халықтың әл-ауқатын арттыруға, білім беру нысандарын жаңғыртуға және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге басымдық беріп отыр.
2026 жылдың тоғыз айында ауданда 38 645 шағын және орта бизнес өкілі тіркелген. Оның ішінде жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 22 843-ке жетті. Кәсіпкерлік нысандарынан жергілікті бюджетке 44,91 млрд теңге салық түсімі түскен.
Кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында сауда қызметін ұйымдастыруға арналған екі арнайы орын белгіленген. Олар – Кіші Самал шағын ауданындағы Қажымұқан атындағы орталық стадион алдындағы автотұрақ және Зерделі көшесіндегі «1000 ұсақ-түйек» базарының жанындағы автотұрақ. Бұл орындарда әр аптаның сенбі күні сағат 08:00-ден 15:00-ге дейін жәрмеңкелер өткізіледі.
Жұмыспен қамту бағытында 2026 жылы 3 404 адамды еңбекке орналастыру жоспарланып, қазіргі уақытта 3 277 азамат жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 2 427 адам тұрақты жұмыс орындарына қабылданды. Сонымен қатар жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар және «Күміс жас» жобасы аясында тиісті шаралар атқарылуда.
Әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарды жұмыспен қамтуға да көңіл бөлінген. Биыл мүмкіндігі шектеулі азаматтар қатарынан 162 адам жұмысқа орналастырылды. Ал пробация есебінде тұрған азаматтарды еңбекке тарту жұмыстары да жүргізілуде.
Әлеуметтік көмек көрсету барысында тұрғындардың тұрмыс жағдайын зерделеу үшін ауданда бес учаскелік комиссия құрылған. 2026 жылы атаулы әлеуметтік көмек алуға 928 өтініш түсіп, оның 873-і бойынша көмек тағайындау қажеттілігі расталған. Өтініштерді қарау кезінде FSM Social электрондық қосымшасы қолданылады.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары