Шымкент қалалық ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен «Ұлттық құндылықтар аясындағы рухани тәрбие – ұрпақтар сабақтастығының негізі» тақырыбында форум өтті. Жиынның негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, рухани тәрбиенің маңызын арттыру және аға буын мен жас ұрпақ арасындағы сабақтастықты нығайту.
Форумға «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы Әбілғазы Қалиақпарұлы Құсайынов, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Кенжехан Атақұлұлы Төлебаев, зиялы қауым өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары, жастар және дін саласының өкілдері қатысты.
Жиында ұлттық тәрбие, тарихи сана, дәстүрлі дін мен ұлттық бірегейлік, отбасы құндылықтары және жастардың азаматтық жауапкершілігі туралы мәселелер қозғалды. Қазақстанның еңбек сіңірген қоғам-заң қайраткері Бекет Тұрғараұлы Тұрғараев «Алтын Орда – тарихи сана мен бабалар аманаты» тақырыбында сөз сөйлесе, Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов дәстүрлі дін мен ұлттық бірегейліктің сабақтастығына тоқталды.
Сондай-ақ «Жанұя жарасымы» отбасыларға кеңес беру орталығының басшысы Асылбек Әуезханұлы Ноғаев отбасы құндылықтарын дәріптеу мәселесін көтерді. Қалалық ардагерлер кеңесінің пленум мүшесі Әбила Көздібайқызы Көздібаева жастар тәрбиесі мен жасампаз патриотизмнің маңызын атап өтті. Ал қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Жансерік Бауыржанұлы Жұман үлкенді құрметтеу және салауатты өмір салтын қалыптастыру тақырыптарын қозғады.
Форум қорытындысында ұлттық құндылықтарды сақтау, ұрпақ тәрбиесіне ортақ жауапкершілікпен қарау және қоғамдағы рухани сабақтастықты нығайту жөніндегі ұсыныстар талқыланды. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек қорытынды сөз сөйлеп, жиын аясында форум шешімі мен қала тұрғындарына арналған үндеу жобасын қабылдау мәселесі қаралды.
Ұлттық құндылықтарды сақтау, отбасы институтын нығайту және жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беру – қоғамның ортақ міндеті. Осы ұстанымды негізге алған Шымкент қалалық ардагерлер ұйымының форумына қатысушылар қала тұрғындарына үндеу жолдап, рухани сабақтастықты нығайтуға шақырды.
Үндеуде тәуелсіз Қазақстанның болашағы ұлттық болмысты сақтаумен, тарихи мұраны құрметтеумен және кейінгі буынға дұрыс тәрбие берумен тығыз байланысты екені атап өтілген. Үлкенді құрметтеу, ата-ананы ардақтау, отбасын қадірлеу, ар-ұятты биік ұстау, адалдық пен жауапкершілікті өмірлік ұстанымға айналдыру әр азаматтың күнделікті ісінен көрініс табуы қажет.
Құжатта отбасы тәрбиесіне ерекше мән берілген. Әр шаңырақта сыйластық, сүйіспеншілік пен мейірім орнығып, ата-ана балаға үлгі көрсетсе, бала үлкенге құрмет танытуы тиіс. Сонымен қатар аға буынның өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесі жастардың рухани қалыптасуына негіз болуы керектігі айтылған.
Үндеуде ұлттық құндылықтарды дәріптеу өткенді еске алумен шектелмей, оларды күнделікті өмірде жүзеге асыру арқылы жалғасатыны айтылған. Бабалардан жеткен аманатты кейінгі буынға жеткізу – әр азаматтың ар-ожданы мен тарихи жауапкершілігі. Осы тұрғыда форумға қатысушылар тұрғындарды ұлттық болмысты сақтауға, отбасы берекесін нығайтуға және ұрпақ тәрбиесіне ортақ үлес қосуға шақырды.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары