Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » БАЛАЛАР «РОБОШАҢЫРАҚ» САЙЫСЫНДА БАҚ СЫНАДЫ

БАЛАЛАР «РОБОШАҢЫРАҚ» САЙЫСЫНДА БАҚ СЫНАДЫ

Шымкентте мектеп жасына дейінгі балалар арасында алғаш рет робототехника жарысы ұйымдастырылды. RoboPark робототехника және бағдарламалау мектебі өткізген сайысқа қала бойынша бес балабақшаның тәрбиеленушілері мен орталық оқушылары қатысты. Жарыста әкесімен немесе анасымен жұптасқан 3–5 жастағы бүлдіршіндерден құралған 30 команда өзара бақ сынады. Сайыс барысында қатысушылар LEGO WeDo 2.0 конструкторы арқылы араның робот үлгісін құрастырып, оны басқаруға арналған бағдарлама әзірледі.

RoboPark робототехника және бағдарламалау мектебінің негізін қалаушы әрі директоры Абзал Алибеков жарыстың басты мақсаты – балаларды ерте жастан техникаға қызықтырып, олардың шығармашылық, логикалық ойлау, өз ойын жеткізу дағдыларын дамыту екенін айтады. Оның сөзінше, мұндай сайыс Шымкентте мектепке дейінгі жастағы балалар арасында алғаш рет ұйымдастырылып отыр

Жарысқа қатысқан «Аламан» балабақшасының тәрбиеленушісі Салахаддин Оңалбайдың анасы Нұржамал Тұрсынова ұлының техника құрастыруға қызығушылығы бар екенін бұрыннан байқағанын айтады. Бес жастағы баласы балабақшадағы робототехника үйірмесіне екі айдан бері қатысып келеді. Үйірме мұғалімі оның қабілетін байқап, жарысқа қатысуға ұсыныс жасаған. Анасының айтуынша, робототехника – балалардың ойлау қабілетін дамытып, заман талабына сай дағдыларды меңгеруіне көмектеседі. Сондықтан бұл жолы ұлы әкесімен бірге сайысқа қатысып, отбасымен қолдау білдірген.

«Аламан» балабақшасының робототехника үйірмесінің мұғалімі Айболған Мұсаның айтуынша, балабақшада бұл үйірменің ашылғанына бір жыл болған. Алғашында бес-алты жастағы балаларға арналып ашылса, кейін 4–5 жастағы бүлдіршіндер де қамтылған. Қазір үш топта 16 баладан білім алады. Сабақ аптасына екі рет өтеді.

Мұғалім балалардың робот құрастыру арқылы негізгі сабақтарда алған білімдерін тәжірибеде қолданатынын айтады. Мысалы, сабақта үй жануарларының түрлерін өтсе, үйірмеде солардың робот үлгісін жасайды. Осылайша балалар өткен тақырыпты қайталап қана қоймай, оны өз қолымен жасап көреді. Айболған Мұса робототехниканың пайдасы – балалардың бір-бірімен араласуына, топпен жұмыс істеуіне ықпал ететінін атап өтті. Әсіресе, тұйық балалардың ашылып, өз ойын айтуына, зейінін тұрақтандыруға және жауапкершілікті сезінуіне көмектеседі.

Жарыс соңында барлық қатысушыға бірдей сыйлықтар берілді. Ұйымдастырушылар бұл жолы жеңімпаздарды анықтаудан гөрі, балалардың робототехникаға деген қызығушылығын арттырып, алғашқы қадамын ынталандыруды басты назарға алған. Сондықтан барлық командаға бірдей марапат табыстауды жөн көрген.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*