Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Аймақ тынысы » ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: АГРОӨНЕРКӘСІП ӨНІМДЕРІ ЭКСПОРТЫНЫҢ КӨЛЕМІ ЕКІ ЕСЕ ҰЛҒАЙЫП, 7 МИЛЛИАРД ДОЛЛАРҒА ЖУЫҚТАДЫ

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: АГРОӨНЕРКӘСІП ӨНІМДЕРІ ЭКСПОРТЫНЫҢ КӨЛЕМІ ЕКІ ЕСЕ ҰЛҒАЙЫП, 7 МИЛЛИАРД ДОЛЛАРҒА ЖУЫҚТАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында сөйлеген сөзінде соңғы жеті жылда аграрлық салада қол жеткізілген нәтижелерге тоқталып, ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру, ауыл кәсіпкерлігін қолдау және агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру мәселелерін көтерді.

Президенттің айтуынша, осы кезеңде азық-түлік өндірісі 28 пайызға өскен. Жалпы құны 2,7 триллион теңгені құрайтын 1 630 инвестициялық жоба іске қосылып, агроөнеркәсіп өнімдерінің экспорты екі есе ұлғайып, 7 миллиард долларға жуықтаған. Оның ішінде өңделген өнімнің үлесі 52 пайызға жетті.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығындағы әлеуетті толық пайдалану үшін ауыл кәсіпкерлігін дамытуға да басымдық беру қажеттігін атап өтті. Бүгінге дейін «Ауыл аманаты» бағдарламасына 150 миллиард теңге бөлініп, ауылдарда 22 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар Президент бұл жұмыс орындарының сақталуына назар аударып, бағдарламаның аясын кеңейтуді тапсырды.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мәселесіне қатысты цифрлық сауда алаңдарының, банктер мен логистикалық компаниялардың қызметтері ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлеріне қолжетімді болуы керектігін айтты. Сондай-ақ шағын шаруашылықтар шоғырланған аудандарда өнімді қабылдау және сақтау орталықтарын құру, өндірушілер үшін нақты өткізу тетіктерін қалыптастыру қажеттігін жеткізді.

Бұдан бөлек, Президент агросекторды ұзақмерзімді әрі қолжетімді қаржыландыру мәселесін көтерді. Осыған байланысты Үкіметке «Бәйтерек» холдингімен және қаржы нарығын реттеуші органмен бірлесіп, 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін агроөнеркәсіп кешеніне арналған инвестициялық құралдардың бірыңғай тізбесін әзірлеуді тапсырды.

Аталған міндеттер ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін арттыруға, отандық өнімнің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге, ауылдағы кәсіпкерлікті қолдауға және аграрлық саланың тұрақты дамуына бағытталған.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*