Шымкент қаласында «Әділет» партиясы қалалық филиалының ұйымдастыруымен әйел көшбасшылар мен кәсіпкерлік саласының белсенді өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басым бағыттарды түсіндіру, әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігін арттыру, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және іскер әйелдер қауымдастығымен ынтымақтастықты нығайту.
Кездесуге «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Таймас Қамбатыров, төраға орынбасары Ербол Байқонысов, партия филиалы жанындағы Әйелдер қанатының төрайымы Наргиза Керимбаева, көркем гимнастикадан Олимпиада ойындарының жүлдегері Алия Юсупова, сондай-ақ қаладағы кәсіпкерлік саласында белсенді еңбек етіп жүрген әйелдер қатысты.
Ашық диалог форматында өткен жиында әйел көшбасшылығының қоғам дамуындағы рөлі, шағын және орта бизнесті өркендету, кәсіпкер әйелдердің бастамаларын қолдау мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді өңірлік деңгейде жүзеге асыру, әйелдердің басқару және шешім қабылдау үдерістеріне қатысуын кеңейту жөнінде пікір алмасты.
Жиын барысында әйелдердің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесі ерекше атап өтілді. Қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдарына қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Кездесу қорытындысында әйелдердің қоғамдық белсенділігін арттыру, кәсіпкерлік әлеуетін қолдау және іскер әйелдер арасындағы өзара байланысты нығайту бағытында пікірлер айтылды.
Мұндай кездесулер қоғамдағы әйелдер көшбасшылығын дамытуға, олардың бастамаларына қолдау көрсетуге және өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне жол ашатын маңызды диалог алаңы болып табылады.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары