Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ ӘСКЕРЛЕРІ – ЕЛ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕГІ МАҢЫЗДЫ КҮШ

АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ ӘСКЕРЛЕРІ – ЕЛ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕГІ МАҢЫЗДЫ КҮШ

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетіне қарасты әскери бөлімдер ел аумағында төтенше жағдайлардың салдарын жоюға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды міндеттерді атқарады. Бүгінде еліміздің әр өңірін қамтитын бес негізгі әскери бөлім Алматы облысының Ұзынағаш қаласында, Абай облысының Семей қаласында, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында, сондай-ақ Ақмола облысының Ақкөл қаласында орналасқан.

Аталған әскери бөлімдерде мерзімді әскери қызметшілер мен келісімшарт негізінде қызмет атқаратын кәсіби құтқарушы-сарбаздар даярланады. Олардың басты міндеті – табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету, адамдардың өмірін сақтап қалу, зардап шеккендерге көмек көрсету және апат салдарын жою жұмыстарына қатысу.

Құтқарушы-сарбаздар жер сілкінісі, су тасқыны, ірі өрттер мен ғимараттардың қирауы секілді жағдайларда іздестіру-құтқару және эвакуациялау жұмыстарына жұмылдырылады. Сонымен қатар, уақытша баспанасыз қалған тұрғындарды қажетті жағдайлармен қамтамасыз етуге, далалық шатырлар орналастыруға, ауыз су, азық-түлік пен жылу жеткізуге атсалысады.

Әскери бөлімдердің қызметі еліміздегі төтенше жағдайлармен ғана шектелмейді. Қажет болған жағдайда гуманитарлық көмек көрсету бағытындағы жұмыстарға да қатысып, апат аймақтарына дәрі-дәрмек, киім-кешек және азық-түлік жеткізуге қолдау білдіреді.
Бұл міндеттерді сапалы орындау үшін әскери қызметшілердің кәсіби дайындығына ерекше мән беріледі. Бөлімдердің жеке құрамы тұрақты түрде оқу-жаттығулар өткізіп, арнайы және инженерлік техникаларды, құтқару құралдарын қолдану машықтарын жетілдіреді. Экскаваторлар, қайықтар, жүк көліктері мен өзге де арнайы техника әрдайым жауынгерлік әзірлікте ұсталады.

Азаматтық қорғау әскерлеріндегі қызмет – әскери тәртіпті, жоғары жауапкершілікті және кәсіби шеберлікті талап ететін ерекше міндет. Мұнда жас сарбаздар Отан алдындағы борышын өтей отырып, қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдау, командамен жұмыс істеу және адам өмірін қорғау жолында қажетті тәжірибе жинақтайды.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*