2026 жылғы 9–11 қараша аралығында Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының аумағында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқық бұзушылықтарға жол бермеу және отбасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «ТҰРМЫС» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа бейім азаматтармен профилактикалық жұмыстар жүргізу, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу.
Осы бағытта Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының қызметкерлері профилактикалық есепте тұрған азаматтармен, отбасында жанжал шығаратын тұлғалармен және бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты полиция көмегіне жүгінген отбасылармен профилактикалық кездесулер өткізуде.
Сонымен қатар, отбасындағы қолайсыз жағдайларды анықтау, жәбірленушілердің құқықтарын қорғау, заңнамада көзделген қорғау нұсқамаларын шығару және құқық бұзушыларға қатысты тиісті шаралар қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері азаматтарға қолданыстағы заң талаптарын түсіндіріп, тұрмыстық жанжалдардың алдын алу бойынша кеңестер беруде.
Іс-шара аясында әлеуметтік жағдайы күрделі және қолдауды қажет ететін отбасыларға да назар аударылып, қажет болған жағдайда тиісті мекемелермен бірлесіп көмек көрсету мәселелері қарастырылады. Мұндай жұмыстар отбасындағы тұрақтылықты сақтауға және зорлық-зомбылық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған.
Отбасылық зорлық-зомбылық – тек бір отбасының мәселесі емес, ол бүкіл қоғамға ортақ әлеуметтік проблема. Сондықтан мұндай жағдайларға бейжай қарамай, дер кезінде хабарлау және жәбірленушілерге қолдау көрсету маңызды.
Полиция қызметкерлері азаматтарды отбасындағы кез келген зорлық-зомбылық фактісін жасырмауға, құқықтары бұзылған жағдайда көмек сұрауға шақырады. Әрбір хабарлама назарға алынып, заң аясында тиісті шаралар қабылданады.
Егер сіз немесе жақындарыңыз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болсаңыз, төмендегі байланыс нөмірлеріне хабарласыңыз:
- 102 – полиция;
- 111 – отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша байланыс орталығы;
- 150 – зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтарға арналған сенім телефоны.
Отбасындағы тыныштық пен қауіпсіздік – қоғам тұрақтылығының негізі. Әрбір азаматтың құқығы қорғалып, қауіпсіз орта қалыптасуы үшін ортақ жауапкершілік танытайық. Зорлық-зомбылыққа көз жұма қарамайық!
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары