Полицейлер сондай алаяқтың арбауына түсіп, мүгедектікке шығарып беремін деп алаяқтық жасаған күдіктіні анықтады. Елдегі әрбір төртінші қылмыстық құқық бұзушылықтың бірі осы – алаяқтардың кесірінен болады. Қазір түрлі алаяқтар қолма-қол ақша, кредит, жеңіл жолмен тұрғын үй кезегін жылжытып немесе басқа да құжаттарды рәсімдеуді жеңілдетіп алып береміз деп, халықты неше түрлі тәсілмен алдауы мүмкін.
Төлеби аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Орта жастағы әйелдің айтуынша, оны танысы мүгедектікке шығарып беремін деп алдап кеткен. Сеніміне әбден кірген алаяқ одан 100 000 теңге ақша алған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.
Тәжірибелі тәртіп сақшылары ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басын, тұрғылықты мекенжайын анықтады. Күдікті ретінде жұмыссыз жергілікті тұрғын анықталып ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Полиция қызметкерлері күдікті әйел адамның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда. Қазіргі таңда оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта берсек бұл мәселенің шегі жоқ. Алаяқтық ауруы дендеп, күннен күнге асқынып барады. Бір ауыл, ауданда тұрып, бір-бірін алдап соққандар да жоқ емес. Кейбір азаматтар осы қылмысты кәсіп етіп алғанф да жасырын емес. БАҚ беттерінде қаншама мысалдар келтіріліп, халықты алданудан абай болуға шақырса да бұны елеп-ескеруді өкінішке орай ұмытып кетіп жатады. Ең бастысы, әркім өз-өзіне сенімді болса болғаны.
Өз кезегінде Түркістан облысының полиция қызметкерлері тұрғындарға алаяқтың құрбаны болмауға шақырады. Сенімсіз, күмәнді қызмет ұсынатын адамдарға ақша бермеуге кеңес береді. Егер де, сіз, алаяқтың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, полицияға хабарласыңыз.