Түлкібас аудандық мәслихатының төрағасы Серғали Сәрсенбаевтың баяндамасын тыңдаудың сәті түсті. Бірден айтайын: аудан бойынша атқарылған жұмыс аз емес екен.
Серғали Шыныбекұлы алдымен мәслихаттардың ел алдындағы міндеттерді орындаудағы орнына тоқталды. Түлкібас ауданында 17 депутат болса, соның 13-і – «AMANAT» партиясының мүшелері. Ал 3 тұрақты комиссияның төрағалары да осы фракциядан екенін айтты.

Жыл басынан бері 3 кезекті, 4 кезектен тыс сессия өтіп, барлығы 37 мәселе қаралған. Депутаттар да белсенді: 118 депутаттық сауал жолданып, басым бөлігі оң шешімін тапқан.
Бұл жұмыстардың нәтижесі нақты сандардан да көрінеді:
жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының сапалы үлесі – 95,8%;
орталықтандырылған ауыз сумен қамту – 100%;
табиғи газбен қамту – 99,9%;
тозған электр бағаналарын ауыстыру – 55%;
қоғамдық қауіпсіздік үшін 20 бейнебақылау камерасы орнатылған;
пайдаланылмай жатқан 3734 гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылған.
Тұрғындардың ең көп шағымданатын мәселелері – жол, жарық, су, газ екенін білеміз. Ал бұл бағытта көрсеткіштердің жоғары болуы – нақты жұмыстың болғанын көрсетеді.
Брифинг соңында БАҚ өкілдері де қарап қалмады. Сайлауалды бағдарламаның орындалуы, депутаттардың жауапкершілігі, жалпы тиімділік, тіпті жастардың құмар ойындарына тәуелділігін азайту жөнінде өткір сұрақтар қойылды.

Қысқасы, Түлкібаста да тірлік жүріп жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдарының мұндай ашық кездесулерге қатысуы – ең тиімді бақылаудың бірі екенін тағы бір мәрте байқадым.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары