Есірткі – ұлттың болашағына төнген қауіп. Бұл қауіп жас ұрпаққа сан түрлі жолдармен келуде. Жыл сайын есірткі сатушылар есірткі саудасы мен оған тәуелділікті жүйелі тартудың түрлі әдіс-тәсілдерін ойлап табуда. Жасөспірімдердің психикалық жай-күйін ептілікпен басқара отырып, әр түрлі қызмет көрсету үшін қаражат ұсынады. Не болмаса керісінше қысым көрсетіп, сөзсіз бағынуды және орындауды талап етеді де, адамдарға шешімі жоқ жағдайларға тәуелді ететін желілік жүйе құрады.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс» деп атап өтті.
Есірткі құралдарының заңсыз айналымы нарығының құрылымы жыл сайын өзгереді. Сатылуға тыйым салынған заттардың негізгі үлесін 1961 жылғы Есірткі құралдары туралы бірыңғай конвенцияға және 1971 жылғы Психотроптық заттар туралы Конвенцияға сәйкес, айналымы есепке алынуға жататын жаңа психоактивті заттар (ЖПЗ) құрайды.
Бірнеше жыл бұрын Қазақстанда жаңа психоактивті заттар айналымы бақыланбаған-ды. Олар ванналарға арналған тұздар, темекі қоспалары және т.б. түрінде интернет-технологияларды, сондай-ақ электрондық төлем жүйелерін пайдалана отырып таратылды. Есірткі сатушылар ЖПЗ таратқаны үшін қылмыстық жауапкершіліктің жоқтығын толық пайдаланып, жастарға есірткіні тұтынушылармен тікелей байланыста болмай-ақ сату үшін үлкен ақша табудың, есірткіні насихаттаудың және жарнамалаудың оңай әдісін тапты.
2019-2021 жылдары Қазақстан Республикасының заңнамалық базасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жаңа психоактивті заттардың айналымына қарсы шаралар болды.
Интернет-технологияларды пайдалана отырып, есірткіні таратқаны үшін жазаны жүзеге асыру үшін ҚР ҚК бірқатар қылмыстық баптарына «Электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы» жаңа біліктілік белгісі енгізілді. Сондай-ақ есірткіні насихаттайтын және сатылымға өткізетін интернет-сайттарға сілтемелерді тарату, есірткіні сататын интернет-сайттардың жарнамасымен граффити-суреттер салу, есірткіні насихаттау және заңсыз жарнамалау үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
Өткен жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасарының отырысында Ішкі істер, денсаулық сақтау, білім және ғылым, әділет, ақпарат және қоғамдық даму, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері, Бас прокуратура және Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі басшылығының қатысуымен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, есірткілерді, оның ішінде синтетикалық препараттарды өндіру және өткізу, жеткізу арналарының жолын кесу жөніндегі шаралар кешені талқыланды.
2021 жылдың қазан айынан бастап жазалау шарасына әсер ететін ЖПЗ мөлшерін анықтаудың тәсілі өзгерді. Қабылданған қадамдар есірткі, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын сот сараптамасының мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Қазіргі уақытта ЖПЗ іздерін анықтауға мүмкіндік беретін заманауи аспаптық базаны қолдана отырып, жаңа психоактивті заттарды зерттеу әдістері әзірленіп, жүзеге асырылуда.
Жаңа психоактивті заттардың заңсыз айналымы мәселесін тек мемлекеттік бақылау және ықпал ету шараларымен шешу мүмкін емес. Оның таралуына тек бірлескен күш-жігермен қарсы тұруға болады. Оны мектеп оқушылары және олардың ата-аналарымен, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерімен, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін, еріктілерді тарта отырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.
С.ДӘУЛЕТОВА,
«ҚР ӘМ ССО» РМҚК Шымкент қаласы бойынша Сот сараптама институты «Химиялық және биологиялық зерттеулер» қызметінің
меңгерушісі
Э.КИМ
М.Әуезов атындағы ОҚУ, «Қылмыстық құқық және қылмыстық процесс»
кафедрасының доценті