Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Бізді үлкен өзгерістер күтіп тұр …

Бізді үлкен өзгерістер күтіп тұр …

Биыл Қазақстанның ішкі істер органдарының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы орайда Түркістан облысының Полиция департаментінің бастығығ генерал-майор үркістан облысының Полиция департаментінің бастығы Мұраат Талапұлы Қабденовпен әңгімелескен «Ońtústik Qazaqstan» газетінің тілшісі Д.Тұрсынұлының сұхбатын жариялауды жөн көрдік. 

Қазақстан полициясының тарихы қазақ халқының он тоғызыншы, жиырмасыншы ғасырдағы тарихымен тығыз байланысты. Полицияның аға ұрпағы 1917 жылы Кеңес өкіметін орнату үшін қолға қару алса, артынша азамат соғысында сынға түсті. Олар ұжымдастыру жылдарында да саяси оқиғалардың бел ортасында жүрді. Ұлы Отан соғысы жылдары фашизммен күреске белсене қатысты. Соғыс біткен соң қираған шаруашылықты қалпына келтіруге, елдегі тыныштықты сақтауға атсалысты.  Еліміз тәуелсіздік алған соң елдегі ең үлкен құқықтық құрылымның алғашқы қадамын нықтау да оңайға түскен жоқ. Үкімет тарапынан қабылданған маңызды реформалардың арқасында еліміздің ішкі істер органдары бұл қиындықтарды еңсеріп шықты. Осылайша отыз жылда өз жолы, дара бағыты бар Қазақстан полициясы қалыптасты. 
– Мұрат Талапұлы, 30 жыл тарих үшін бір сәттік кезең болғанымен, саланың аяқтан тұрып, қалыптасуы тұрғысынан қарағанда аз уақыт емес. Өзіңіз сол кезде өзгерістердің басы-қасында жүрдіңіз. Айтыңызшы, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ішкі істер саласы қандай қиындықтармен бетпе-бет келді? 
– Ішкі істер органдары құрылған алғашқы жылдары, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы өте күрделі болғанын білесіздер. Соның салдарынан қылмыстық ахуал қиындап кетті. Ұйымдасқан қылмыс, адам саудасы, есірткі бизнесі секілді қылмыс түрлері көбейді. Бұрын мұндай қылмыс болмады емес, болды. Бірақ, өте сирек кездесетін. Тоқсаныншы жылдардың басында біз бұрын шетелдік детективтерден ғана оқып білген қылмыстық хроникаларды өз басымыздан кеше бастадық. Мемлекет барлық ресурсты халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге бағыттап жатқанда, қылмыстық топтар мұны сәтімен пайдалануға тырысты. Елдегі ішкі тәртіпті нығайтпай, экономикалық дамуға қол жеткізу мүмкін емес еді. Сондықтан ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіретін, жаңа жағдайға бейімдейтін реформалар қабылдау міндеті тұрды. Мұны сәтті жүзеге асыру үшін білікті кадрлар қажет болды. Ел басшылығы бұл тұрғыда сауатты қимылдады. Соның нәтижесінде ішкі істер органдарының жұмысын жаңаша қалыптастыру сәтімен жүзеге асты деп ойлаймын.
Құқық қорғау саласындағы алғашқы қызметімді 1992 жылы Шымкент қалалық ішкі істер басқармасында жедел уәкіл болып бастадым. Сол жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер басқармасына милиция генерал-майоры Жеңісбай Сұлтанов басшылық қызметке келді. Жаңа басшы келісімен жұмысымыз жандана түсті. Алғашқы жылдардағы ең басты міндетіміз ел ішіндегі қоғамдық тәртіпті сақтап, ішкі қауіпсіздікті барынша нығайту болды. Сол уақытта өршіп тұрған қылмыс түрлерін, қаптаған бұзақыларды біршама ауыздықтағаннан кейін ел ішіндегі қоғамдық тәртіптің ахуалы жақсарды. Ішкі тәртіп барынша нығайды. Жұртшылық шағын кәсіппен, мал шаруашылығы, сауда-саттықпен емін-еркін айналыса бастады.
– Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен ішкі істер органдарының жұмысын жақсарту бағытында бірқатар шаралар қолға алынып жатыр. Бұл ретте Түркістан облыстық полиция департаментінде нендей жұмыстар атқарылуда?
– Мемлекет басшысының 2020 жылғы Жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес, полиция органдарының жұмысы сервистік модельге бейімделе бастады. Соған орай «жұртқа жақын полицей» қағидаты енгізіліп, нақты міндеттер қойылды. Облыс орталығына айналған Түркістанға мұндай өзгеріс оң әсерін тигізді десек те болады. Қазіргі таңда туристік аймаққа айналған өңірде жаңа технологиялар мен заманауи құрылғылар іске қосылып, жаңа жұмыс тәсілін жүзеге асыру қарқынды жүргізілуде. Өзім басшылық қызметке тағайындалған соң сервистік модельге тез әрі жылдам көшу жолдарын қарастырып, Түркістан қаласына арнайы мамандарды шақырттым. Олар әкімдік жанынан құрылған ведомствоаралық топтың жұмысын жандандырып, полицейлерді жаңа жұмыс тәсіліне бейімдеді. Соның нәтижесінде Түркістан қаласында 12 станционарлық полиция бекеті орнатылып, туристер мен тұрғындардың тәртіп сақшысының көмегіне тез арада жүгінуі үшін 11 дана арнайы «SOS» шақырту дабылы іске қосылды. Бұған қоса облысымызда жалпы 1333 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Оның 952-сі тікелей Жедел басқару орталығына қосылған. Орталықта жаңа технологияларды игерген, тәжірибелері толысқан білікті мамандар қызмет атқарады. Олардың жұмысын үнемі бақылап отырамын. Себебі, бұл – жұмысты оңайлатудың тиімді тәсілі. Ал, полиция қызметі бір жүйеге түскен соң жаңа идеялар туындап, бұл қызметтің өзгеше қырларын ашуға мүмкіндік туады. Бір сөзбен айтқанда, полицияны алдағы уақытта үлкен өзгерістер күтіп тұр.
– Жалпы, өңірдегі криминогендік жағдай қандай? Облыста қылмыстың қай түрлері жиі орын алады?
– Түркістан – республика көлемінде адам санына шаққанда қылмысы ең аз аймақ әрі криминогендік жағдайы тұрақты өңір. Десе де, бізде қылмыс аз екен деп тоқмейілсуге болмайды. Қазір қылмыстың алдын алу және оны болдырмау мақсатында профилактикалық жұмыстарға басымдық беріп жатырмыз. Жыл басынан бері өңірде тіркелген ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылу көрсеткіші 90,3 пайызды құрап отыр. Бұл қылмыс орын алса, жедел әрекет етіп, қылмыскерлердің ізі суымай ұсталып жатқандығының дәлелі.
Жиі орын алатын қылмыстардың қатарында мал ұрлығын атап өтуге болады. Әрине, күнкөріс үшін бағып-қағып отырған малын біреулердің барымталап кеткені мал иесіне оңай тимесі анық. Мемлекет басшысы ауыр қылмыс жасап, жеңіл жазамен құтылатындардың аяғына тұсау салу үшін қылмыстық кодекске «Мал ұрлығы» дейтін жеке бап енгізді. Сонымен қатар Президент тапсырмасына сәйкес, Ішкі істер минстрлігінің «Мүлікті қорғау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында криминалдық полиция қызметкерлеріне, учаскелік полиция инспекторларына мал ұрлығы жөнінде нақты міндеттер жүктелді. Жазаның күшейгеніне байланысты соңғы жылдары барымташылардың қатары да сирей бастады. Яғни өткен жылмен салыстырғанда мал ұрлығының тіркелуі 20 пайызға азайды. Сондай-ақ, тұрғындар көп шағымданатын алаяқтық қылмыстар да саябырсып, биыл 8,5 пайызға төмендеді. Бұл қылмыстың да ашылуы 100 пайызды құрап отыр.
– Учаскелік инспекторлардың жүктемесін азайту мәселесі жиі көтеріледі. Сіздерде бұл мәселе қалай шешімін тауып жатыр?
– Сервистік модельге көшуге байланысты учаскелік полиция инспекторларына үлкен міндеттер жүктеліп отыр. Мақсатымыз – олардың жүктемелерін азайтып, жұмыс істеулеріне қолайлы жағдай жасау. Мемлекет басшысының қолдауымен учаскелік инспекторлардың мәртебесін көтеру, қызмет барысында қажетті өкілеттіліктерді беру туралы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік фельдъегерлік байланыс және ішкі істер органдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды. Бұған қоса ҚР «Ішкі істер органдары туралы» Заңға учаскелік полиция инспекторларына құқықбұзушылықтарға ықпал ететін себептерді жою туралы ұсыныс енгізуге өкілеттік беретін, сондай-ақ учаскелік көмекшінің мәртебесін бекітетін түзетулер де ұсынылды. Себебі, бұдан былай учаскелік полицей азаматтардың құқықтарын қорғау, отбасылық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, қоғамдық, жол қауіпсіздігі, көші-қон, қоршаған ортаны қорғау, аумақтарды абаттандыру және басқа да мәселелерді шешуге атсалысатын болады. Және әрқайсысына көмекшілер тағайындалып жатыр. Осыдан кейін учаскелік инспектор кез келген қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алып, қылмыспен күресуде жоғары нәтиже көрсетуі керек. Аудан, қала көлемінде қазір 626 учаскелік полиция инспекторы жұмыс істейді. Күні кеше ғана олардың қатарын 688-ге жеткіздік.
Учаскелік полицейлердің мәртебесін арттыру бағытында оларға барлық жағдай жасалып, техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Соның нәтижесі болар, 2021 жылы облыс полицейлері республикада көш бастады. Яғни өткен жылдың қорытындысы бойынша Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Нұрлыбек Асанханов «қалалық жердегі полицияның үздік учаскелік инспекторы» атанса, Келес аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Бекжігіт Асабаев «үздік учаскелік полиция инспекторы» номинациясын жеңіп алды.
– Ішкі істер саласындағы реформалардан және өзіңіз басшылық ететін өңірлік департаментте қолға алынып жатқан жұмыстардан облыс халқы қаншалықты хабардар? Қоғаммен байланыс, халық арасында құқықтық сауаттандыру жұмыстары қаншалықты жолға қойылған?
– Жоғарыда айтқанымдай, қазір ішкі істер саласы бір ғана мақсатты көздеп отыр. Яғни сервистік модельге көшу арқылы халыққа қолайлы қызмет көрсету. Шындығында, қай салада болмасын заманға сай өзгерістер болмаса, дамуға да мүмкіндік жоқ. Түркістанға келгелі әр аптаның сәрсенбісі күні азаматтардың жеке өтініштері бойынша қабылдау өткізіп тұрамын. Бұл халық пен полицей арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік береді. Яғни әрбір тұрғын тікелей маған келіп, заң аясындағы мәселелерін, полицейлердің жұмысына деген арыз-шағымдарын айта алады. Және кез келген азаматпен ашық сөйлесіп, әрбір істің оң шешімін тауып беруге тырысамын. Мұндай ашықтық тәртіп сақшыларының жұмысын бақылауда ұстауға көп септігін тигізеді. Бұған қоса тұрғындар барып көмегіне жүгіне алатын, қандай да бір кеңес ала алатын департамент, басқарма, бөлімдердің жанынан азаматтарды қабылдау бөлмелері  (фронт-офистер) жұмыс істеп тұр. Тіпті, «Жұртқа жақын полицей» қағидатына сәйкес, тұрғын үйлерде біріктірілген станционарлық полиция пункттері салынуда. Алдағы уақытта мұндай пункттердің санын 57-ге жеткізбекпіз. Бұл игі жұмыстардың барлығы қоғамның тыныштығы үшін. Сондықтан біз үшін бәрінен бұрын әрбір азаматтың қауіпсіздігі маңызды.
– Халықтың полиция қызметкерлерлеріне деген сенімі керемет деп ешкім айта алмайды. Тіпті, полицияның қолында күш бола тұра қылмысты ауыздықтауға дәрменсіз деген пікірлерді де жиі естиміз…
– Бұл жерде бір жайтқа тоқтала кеткеніміз жөн. Қазақстан полициясы құрылғалы бері тәртіп сақшылары қоғам тыныштығын барынша қырағылықпен күзетіп келеді. Дегенмен, осыдан 30 жыл, тіпті, 20 жыл бұрынғы құқық қорғау қызметінің жұмыс істеу тәсілін бүгінгі күнмен салыстыра алмаймыз. Біздің қолға алып жатқан жаңа жоспарлар мен тиімді стратегиялардың түпкі мақсаты – халықтың сеніміне ие болу. Бүгінде Ішкі істер министрінің тапсырмасына сәйкес, түркістандық полицейлер қызмет ауқымын кеңейтіп, қылмыспен күресудің жаңа тәсілдеріне бейімделіп жатыр. Оған түбегейлі бет бұру үшін біршама уақыт керек. Тіпті, әлемдегі алпауыт елдердің бірі Ұлыбританияның өзі құқық қорғау саласын реформалауға 15 жыл уақытын сарп етті. Мұндай сервистік модельге 50 жылдан соң көшкен елдер де бар. Біздің бұл сервистік модельге көшу процесін академияларда жаңа форматпен білім алып жатқан болашақ сақшылар жеделдетеді деп сенемін.
– Ішкі істер саласында сыбайлас жемқорлыққа жол беріп жататындар, өкінішке қарай, жоқ емес. Осыны тоқтату үшін қандай әрекеттер жасалынуда?
– Таяуда Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Түркістан қаласына арнайы іссапармен келіп, осы мәселе төңірегінде арнайы жиналыс өткізді. Ол «полиция  ел сенімін ақтап, адал қызмет ету үшін бірінші кезекте халықтың жағдайын жасап, қамқоршы да жанашыр болуы керек. Басты мақсат сол! Сыбайлас жемқорлықты жасамақ түгілі, мүлде ойға алмауымыз шарт. Жемқорлыққа жол берген қызметкерге жаза қатаң. Осыны естен шығармаңыздар»  деп түркістандық полицейлерге қатаң ескерту жасады. Полицей – халық сенімінің айнасы. Егер ел алдында жүрген тәртіп сақшысы жемқорлыққа бой алдырса, басқалардан не күтуге болады? Сондықтан бәрін өзімізден бастауымыз керек. Ішкі істер органдарына өз ісін жете білетін мықты мамандар қажет. Сондықтан кадр саясаты басқармасына жемқорлықтың зияны мен салдары жөнінде департамент қызметкерлеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отыруды тапсырдым. Бұл жұмыстар қазір өз деңгейінде орындалып жатыр. Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен тұрақты байланыс орнаттық. Кадр саясаты басқармасының қызметкерлері мен агенттіктен құралған топ қалалық, аудандық полиция бөлімдерін аралап, осы мәселе жөнінде кеңес өткізеді. Бұл бойынша барлық қала, аудандарды түгел аралап шығу жоспарланған.  Қазірге дейін арнайы топ 4 ауданды аралап шықты.
Менің пайымдауымша, кісі өлтіруші бір адамды өлтіріп, қанішер атануы мүмкін, ұрлықшы біреудің мүлкін ұрлап, ұры атануы мүмкін, ал, парақор бір мемлекеттің түбіне жетіп, құрдымға жіберетін өте қауіпті қылмыскер. Осыны естен шығармағанымыз абзал!
– Әріптестеріңізге мереке қарсаңында қандай тілек тілер едіңіз?
– Расында, полиция болу оңай емес. Оған бүкіл жан-дүниеңді, болмысыңды арнауың қажет. Отыз жылдағы жетістіктерге осындай лайықты жандардың арқасында жеттік. Бүгінгі ізбасарлар сол сара соқпақтан ауытқымай, елдің тыныштығы үшін аянбай қызмет етулері тиіс.
– Әңгімеңізге рахмет! Елдің қауіпсіздігі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілейміз!

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*