Адамның санасына әсер ететін улы заттардың қай-қайсысы болмасын, түбі жақсылыққа апармайды. Соның ішінде ішімдіктің тигізетін зияны орасан. Бұл сөзімізді қуаттайтын жағымсыз жәйттерді күн сайын өз көзімізбен де көріп жүрміз. Ал, ақпараттар ағынын ашып қалсаңыз, «мас жүргізуші жол апатын жасады», «ішімдік ішіп алып, досын пышақтап өлтірді», «мас жігіт әкесіне күш көрсеткен» деген сияқты ақпараттарға көзіміз сүрінеді. Өкініштісі сол, өткен ғасырдың қиын-қыстау кезеңдерінде кенедей жабысқан бұл дерттен қазақ қоғамы әлі де арыла алмай келеді. Соның салдарынан санасыз әрекеттерге баратын қаншама азамат өзіне де, өзгеге де зиянын тигізіп жатыр, деп жазады «Оңтүстік Қазақстан» газетіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Ресми деректерге сүйенсек, елімізде жарты жыл ішінде мас күйде қылмыстық құқықбұзушылық жасаған 4 мыңнан астам азамат ұсталыпты. Ал, өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 4 жарым мың болған екен. Салыстырмалы түрде аталған құқықбұзушылық бір жылда шамамен 10 пайызға азайған. Десе де, бөркімізді аспанға ата қуанудың реті жоқ. Себебі, сол 4 мыңнан астам құқықбұзушы кемінде 8 мың тұрғынға зиянын тигізуі әбден ықтимал. Бұл бір ғана мас күйде жасалған қылмыстардың салдары!
Енді «қай өңірдің тұрғындары мас күйінде жиі тәртіп бұзады?» деген мәселеге тоқталсақ. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығындағы мәліметтерге сүйенсек, бұл тізімді Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары бастап тұр. Дәлірек айтсақ, 6 ай ішінде 548 шығысқазақстандық мас күйде құқықбұзушылық жасаған. Дәл осылай 398 тұрғыны тәртіп бұзған Қостанай және 376 тұрғыны жауапқа тартылған Ақмола облыстары антирейтингтің «үздік үштігін» түйіндеген. Ал, 52 тұрғыны ғана мас күйде қылмыс жасаған Атырау облысының бұл салада біраз жұмыстанғаны байқалады.
Мас күйде құқықбұзушылыққа баратын азаматтардың көбісі бөгде адамның меншігіне қол сұғады екен. Бұл санат бойынша жарты жылда 1700 іс тіркелсе, оның 1100-і ұрлық, автокөлікті тонау немесе рұқсатсыз иелену қылмыстары. Одан кейін, жеке адамға қарсы қылмыстық құқықбұзушылықтар, яғни денсаулыққа қасақана зиян келтіру және кісі өлтіру бойынша 1100 қылмыс тіркелген. Мас күйдегі адамдар жиі жасайтын құқықбұзушылықтар арасында көлік басқару әрекеттері де бар. Ішімдік ішіп көлік басқару қылмысы бойынша жарты жылда 722 адам ұсталып, барлық азамат көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылған.
Ал, Түркістан облысында өткен жылы ішімдік ішіп көлік басқарған 540 азамат анықталса, биыл 530 жүргізуші ұсталған. «Көп жағдайда мас күйдегі адамдар өзгенің автокөлігін, велосипедін айдап кетеді. Сондай-ақ, ішімдіктің кесірінен сауда орындары мен үй-жайларға ұрлыққа түседі. Одан бөлек, ішімдік ішіп, адамдарға тиісетін, жеңіл дене жарақатын салатындар мен қоғамдық орынды ластайтындар жиі кездеседі» — деп мәлімдеді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жалпы, ішімдік адам бойына түрлі кесел ұялатып, тіпті ол аурулар қан арқылы отбасы мүшелеріне де жұғатынын білікті мамандар жиі ескертеді. Оның үстіне қылмыс жасаған адам жазаланып, өз тағдырын өзі қиындатып қана қоймай, өзгелерге де жапа шектіретіні анық. Бір өкініштісі сол, біз ауру-сырқау мен түрлі қиындықты, отбасымызға тиетін зардапты өз ақшамызға сатып алып жатырмыз ғой. Осыны бір ойланып қоялық та…