Мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қызметке кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіруі мемлекетке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретінде бағалануы керек екені және кәсіпкерлер шенеуніктер тарапынан заңсыз қысым көрсе, бірден прокуратура органдарына жүгіну қажеттігін Мемлекет басшысы Жолдауында айтқан болатын. Бизнесті қорғауда прокуратура рөлі күшейтіліп, «Прокуратура туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Енді кәсіпкерлік субъектілердің шағымдары бойынша прокурорлар мемлекеттік органдарда тікелей тексеру жүргізу мүмкіндігіне ие болды. Қала прокурорының айтуына қарағанда, заңнаманың жаңа талабына сүйене отырып тексерілген қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында көптеген жүйелі заң бұзушылық анықталған. Атап айтқанда, 11 кәсіпкер заңсыз әкімшілік жауаптылыққа тартылған, керісінше 134 тұлға әкімшілік жауаптылықтан негізсіз босатылып, бюджетке 11 млн. теңге айыппұл түспей қалған, 8 кәсіпкерге санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды беруден негізсіз бас тартылса, 2 кәсіпкерге қорытынды заңсыз берілген, 6 кәсіпкердің өтінішіне жауап кеш берілген. Прокуратураның ұсынуы негізінде 11 кәсіпкердің құқы қорғалып, басқарманың 3 қызметкері әкімшілік жауаптылыққа тартылды, 5 қызметкер мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтар жасағаны үшін лауазымдарынан босатылған. Ал басқарма басшысы тексеру барысында өз еркімен қызметінен кетті. Осылайша, прокурорлық тексеру нәтижесімен басқарма құрамы толығымен дерлік жаңартылды.
Түркістан қаласының прокуроры Жаннұр Ахметбек жаңа модельге сәйкес өткен жылдан бастап прокурор іс бойынша адамның құқығы мен бостандығын қозғайтын барлық негізгі процестік шешімді келісіп, бекітетінін айтады. Түркістан қаласы прокуратурасының қадағалауына жататын қалалық полиция басқармасында тергеу аппараты 35 қызметкерден тұрады. Олардың жұмысын қадағалауды 6 прокурор жүзеге асырады. Жаңа модельге сәйкес жұмыс басталғалы 1 жыл 5 айда полиция басқармасы жалпы 3 428 шешім қабылдаса, прокурорлар оның 178-ін келісуден, яғни бекітуден бас тартқан, 3 262-ін бекіткен. Осылайша, азаматтардың тағдырына қатысты барлық шешімдер прокурордың сүзгісінен өтіп, ол негізсіз деп тапса, келісілмей, тергеушіге кері қайтарылады. Жаннұр Асқарбекұлы пікірі бойынша, жаңа модель тергеуші мен прокурорды тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге ықпал етіп, тергеудің сапасын да, жеделдігін де арттырады. Ең маңызды нәтижесі – адамдардың конституциялық құқығын бұзуға жол берілмеді. Оған дәлел – осы мерзімде қала прокуратурасымен сотқа жіберген істер бойынша бірде-бір ақтау үкімі шығарылмаған. Бұл бір жағынан айыптау үрдісі азаюының белгісі болып табылады.
«Сондай-ақ Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында кылмыстық істер бойынша прокурорлардың айыптау актілерін дайындау құзыретін кезең-кезеңімен кеңейту тапсырылған-ды. 2022 жылдан бері прокурорлар барлық аса ауыр қылмыстар бойынша айыптау актісін өздері жасауға кірісті. Мысалы, Түркістан қаласының прокуратурасы биыл 4 аса ауыр қылмыстық іс бойынша айыптау актісін әзірлеп, сотқа жолдады. Келесі кезеңдерде прокурорлар 2023 жылдан бастап барлық сыбайлас жемқорлық, ал 2024 жылдан бастап қалған қылмыстық істер бойынша да айыптау актісін өздері әзірлейді. Бұл тәсіл прокурорлардың айғақтарға тәуелсіз баға беру механизмін, адамды айыптап сотқа жолдағаны үшін жауапкершілігін күшейтті», – дейді қала прокуроры.
jetpisbai.kz