Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » Жаңа пилоттық жоба қандай нәтиже береді?

Жаңа пилоттық жоба қандай нәтиже береді?

Шымкентте «Алаяқтықтың заманауи түрлерінің алдын алу» атты пилоттық жоба басталды. Жоба аясында қалалық прокуратура, жергілікті құқық қорғау және уәкілетті мемлекеттік органдар бірлесе әрекет етіп, алаяқтықтың алдын алу шараларын қолға алды. Биыл жаңа жылдан басталған пилоттық жобаға қала әкімдігі де қолдау көрсетіп отыр. Себебі, сала өкілдері қоғамға жаңа технологиялар дендеген сайын, елімізде алаяқтық қылмыстар да түрленіп, күрделене түсті деп дабыл қағуда. Алаяқтарға алданбаудың жолы қандай? Жаңа жоба қандай нәтиже береді? Жауапты мамандардың пікірін сараласақ.

Прокуратура саласының өкілдері қазіргі кезде қылмыстың алдын алу, кешенді ғылыми көзқарас, талдау жұмыстарына мән беру қажет екенін алға тартып отыр. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында адам құқығын қорғау саласын жетілдіріп, қылмыспен күресудің практикалық мәселелеріне назар аудару қажеттігін айтқан болатын. Бұл орайда, құқық қорғау органдарының алдына алаяқтық қылмыстарының алдын алу, жаңа стратегиялық жоспарлар әзірлеу, әдістемелерді жаңғырту міндеті тұр.
Шымкент қаласы прокуратурасының қылмыстық қудалау басқармасының басшысы Жандос Досановтың мәлімдеуінше, шаһарда алаяқтық қылмыстармен күрес шараларының нәтижесінде қылмыстардың тіркелуі 43 пайызға төмендеген. Биыл жыл басынан бері алаяқтық бойынша 356 іс тіркелген. Ал, өткен жылдың қаңтар-ақпан айларында алаяқтық бойынша 628 қылмыстық іс түсіпті. Оның ішінде интернет-алаяқтық 73 пайызға (210-нан 57-ге) азайған.
– Қалада алаяқтық қылмыспен күрес тобының жедел әрекет етуі және ақпараттық-түсіндірме жұмыстары оң нәтижесін беріп отыр. Қазіргі уақытта жергілікті телеарналардан тұрғындарға ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Кинотеатрларда, қоғамдық орындарда прокуратура органдары дайындаған 3 минуттық бейнероликтер тұрақты көрсетіледі. Бұл орайда жергілікті кәсіпкерлермен де меморандум түзілді. Кең таралған интернет-алаяқтықтан бөлек, соңғы кездері кейбір тұрғындардың «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен жергілікті жұмыспен қамту басқармасы қызметкерлерінің атын жамылып, халықты алдап жүргені анықталды. Олар негізінен қайтарымсыз грант және атаулы әлеуметтік көмек алу бойынша бірқатар тұрғындарды сан соқтырған, – дейді Жандос Есенжанұлы.
Мәселен, былтыр сотталушы С. деген азамат қала тұрғындарынан «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы 2 млн теңгеден 6 млнға дейін қайтарымсыз грант алып беретіндігін айтып, қаржысын алған. Жәбірленушілердің жалпы саны – 37 адам. Сотталушы олардан 100 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін қаражат жымқырған. Биыл ақпан айында К. есімді азаматша да «қайтарымсыз несие алып беремін деп» алаяқтыққа барған. Қазір ол азаматшаның үстінен қылмыстық іс тіркелген.
– Өткен жылы қайтарымсыз грант және атаулы әлеуметтік көмек алу бойынша 273 адам алаяқтардың құрбаны болса, биыл мұндай фактілердің 30-ы тіркеліп отыр. Барлық істер ашылып, биыл 2 іс сотта қаралуда, — деді Жандос Досанов.

 

А.Құлжанов

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*