Жастар арасында есірткі сату және сатып алу фактілері азаймай тұр. Синтетикалық есірткіні пайдаланған адамда күші тасып, белсенділік пен энергияның жоғарылауы пайда болады. Тіпті өзіне деген сенімділік артады. Енді бірі ашуланшақ болады, бүкіл әлем оған қарсы және айналасындағылардың бәрі қауіпті болып көрінеді.
Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектегі Жолдауында жастар арасындағы есірткі мәселесін көтеріп, онымен күресудің жоспарын жандандыруға тапсырма берді. Осы мақсатта республика бойынша Ішкі істер министрлігінің тапсырмасымен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Ал Шымкентте психикалық денсаулық, ЖИТС-пен күрес, Жастар ресурстық орталықтарының мамандары дін өкілдерімен бірігіп жоғарғы оқу орындары мен мектептерде ай сайын нашақорлыққа қарсы тәлім-тәрбие жұмыстарын өткізіп тұрады. Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы Жастар ресурстық орталығының маманы Айжарқын Абдуллақызынан мәліметінше, шаһарда жыл басынан бері NEET санатындағы жастар санын азайту бойынша құқық қорғау органдары және есірткіге қарсы күрес басқармасының мамандарымен бірлесе отырып есірткі жарнамасының алдын алу мақсатында «STOP: Есірткіге жол жоқ!» акциясы өткізілген. Оның барысында сауда нүктелерінде есірткі жарнамаларының алдын алу бойынша қаламызға қарасты базарлар және қоғамдық орындарда 15 ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілген. «Сенің жаңа қырың» жобасы аясында нашақорлық пен маскүнемдіктің алдын алу бойынша құқық қорғау органдарының қызметкерлері 73 кездесу (онлайн, офлайн, ZOOM) өткізген.
Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде 15 пен 64 жас аралығындағы 270 миллионнан астам әлем тұрғыны тұрақты нашақорлар тізіміне алынған екен. Жыл сайын есірткінің кесірінен 450 мыңнан астам адам ажал құрығына іленеді. Сондықтан болар, дүниежүзілік сарапшылар дабыл қағуда. Ендеше, ұлтымыздың денсаулығына төнген кеселмен бірлесіп күресу қоғам күттірмейтін мәселе болып тұр.
С.ЖАМАЛДИНОВА