Жыл басынан бері республикада қызылша ауруымен 11 жағдай тіркелді. Оның төртеуі — 14 жасқа дейінгі екпе қабылдамаған балалар. Түркістан облысында әзірге жағдай тұрақты. Аурудың алдын алу мақсатында жергілікті емханада екпе жасатуға болады. Бұл туралы брифингте Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов мәлімдеді, деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
«Қызылша — ауа-тамшы жолдары арқылы тарайтын инфекция. Көбіне балалар арасында жиі кездеседі. Қызылшаға шалдыққан адамда алғашқы кезеңде дене қызуының көтерілуі, көздің қабынуы, жөтелдің пайда болуы, ауыз қуысының бөртуі сынды белгілері пайда болады. Қызылша аурушаңдығының эпидемиялық маусымы — күз-көктем мезгілдері. Қызылшамен және қызамықпен ауыратын адаммен тығыз байланыста болған 30 жасқа дейінгі екпе алмаған адамдарға шұғыл вакцинациялау жүргізіледі», — деді Нұрбек Садықбекұлы.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Салтанат Жабағиева қызылша аурының алдын алу жолдарын баяндады.
«Биылғы жылға 86 350 доза көлемде қызылша, паротит және қызамыққа (КПК) қарсы аралас егу шеңберіндегі вакцина келуі жоспарлануда. Қызылшаға қарсы пассивті иммунизация жүргізу керек. Пассивті иммунизация 3 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге, туберкулезбен ауыратын науқастарға, әлсіз иммунды жүйелі адамдарға көрсетілген. 3 жастан асқан қызылшамен ауырмаған, әрі қызылшаға қарсы екпе алмаған балаларға жедел түрде қызылшаға қарсы вакцина егілуі керек. Қызылшадан сақтандырудың сенімді әдісі — вакцинамен иммунизация жасау. Бұл егу қорғаушы әсерді 15 жыл бойы сақтайды», — деді Салтанат Өсетілләқызы.