Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » «Кез келген аурудың алдын алған абзал»

«Кез келген аурудың алдын алған абзал»

Асхан БАЙДУАЛИЕВ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Кез келген аурудың алдын алған абзал»
– Асхан  Мархабайұлы,  Түркістан облыстық  денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып тағайындалғаныңызға үшінші айға аяқ басты. Осы уақыт аралығында облыстағы барлық емдеу мекемелерін аралап шықтыңыз. Не көрдіңіз, көкейге не түйдіңіз?
– 2022 жылы «СК-Фармация» арқылы
4 медициналық ұйым (Сарыағаш, Сайрам аудандық және Түркістан қалалық орталық ауруханасы, облыстық балалар ауруханасы) ангиография құрылғысымен, 2 мекеме (Бәйдібек және Ордабасы аудандық орталық ауруханалары) компьютерлік томография аппаратымен жабдықталған. Сонымен қатар, жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 1 016 медициналық техникамен қамтамасыз етілді. Оның 827-сі анестезиология және жансақтау бөлімшелерін жарақтандыру мақсатына жұмсалды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес босандыру және жансақтау қызметтеріне баса назар аударылып, оларды медициналық жабдықтармен толық жарақтандыру шаралары жүргізілді. Атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде медициналық техникамен жарақтандыру деңгейі 84,35%-ды (2021 жылы – 82,5%) құрады. Яғни бұрнағы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш  2,5%-ға өскен.
Медициналық ұйымдарды тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында биыл жалпы сипаттағы трансферттер есебінен жалпы сомасы 9 356 692 мың теңгеге барлығы 431 медициналық жабдық алу жоспарлануда. Негізі құны 20 миллион теңгеден жоғары тұратын медициналық құрал-жабдықтарды сатып алудың конкурсын Бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» ЖШС ұйымдастырады. Ал, оған дейінгі медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету облыстық денсаулық сақтау басқармасына жүктелген. Сонымен Бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» ЖШС арқылы жалпы сомасы
6 368 189 мың теңгеге 4 КТ, 2 МРТ, 2 ангиографиялық жүйе, 24 УДЗ (УЗИ), 1 бейнеэндоскопиялық кешен, 4 бейнегастроскоп сатып алу жоспарланған.
Сонымен қатар, ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 4 маусымдағы №375 «Дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және арнайы емдік өнімдерді тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сатып алуды, көрсетілетін фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидалары» атты қаулысына сәйкес жалпы сомасы 222 878 мың теңгеге «Сарыағаш аудандық орталық ауруханасы» ШЖҚ МКК және «Отырар аудандық орталық ауруханасы» ШЖҚ МКК-на «Жылжымалы цифрлық рентгендік флюорографиялық кешен, «Шардара аудандық орталық ауруханасы» ШЖҚ МКК-на «Рентгендік флюорографиялық сандық аппарат», «Кентау қалалық орталық ауруханасы» ШЖҚ МКК-на «Рентгендік диагностикалық кешен» (флэт панельді детектормен) медициналық құрал-жабдықтарды отандық тауар өндірушілер арқылы сатып алу көзделген.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасына медициналық ұйымдардан 20 миллион теңгеге дейін құрал-саймандарды сатып алуға түскен өтінімдер негізінде биыл 2 765 625 мың теңгеге 390 медициналық құрал-жабдық сатып алынады.
– Түркістан қаласындағы көпбейінді кешенді медициналық орталықтың құрылысы баяулап қалған секілді. Оған не себеп?
– Облыс орталығындағы 570 төсек-орынға арналған көпбейінді аурухана құрылысы 2020 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында басталған. Бүгінгі таңға дейін мұнда құрылыс-монтаждау жұмыстары 40 пайызға аяқталды. Құрылыстың жалпы құны – 155,3 млрд. теңге. Аурухана құрылысы келесі жылдың желтоқсанында аяқталады.
– Ана мен бала өлімінің алдын алуда Түркістан облысында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Жүктілік және босану барысының қауіп дәрежесіне қарай әйелдерге және жаңа туған нәрестелерге перинаталдық стационарлық жағдайда көмек көрсетудің үш деңгейі бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығы бекітіліп, соған сәйкес көмек көрсетіледі.
Облыстың медициналық ұйымдарында 2021 жылы 532 ерте жүктілік жағдайы тіркелген. Ал, былтыр 407 жағдай анықталды. Биылғы 5 айда 175 ерте жүктілік тіркеліп (14 жас — 1, 15 жас — 3, 16 жас — 33, 17 жас – 138) отыр. Ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында біздің басқармаға қарасты медициналық ұйымдар жанынан құрылған Жастар денсаулық орталықтары жұмыс атқаруда. Атап айтқанда, Леңгір, Кентау, Түркістан қалалық емханалары, Сарыағаш, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам, Созақ, Отырар  аудандық орталық ауруханаларының Жастар денсаулық орталықтары «Облыстық ЖИТС-тің алдын алу және онымен күресу орталығы», аудандық әкімшілік, полиция, адами әлеуетті дамыту, ішкі саясат, жастар ресурстық орталықтарымен меморандум жасасып, бірлесе жұмыс атқаруда.
2023 жылы жастар ресурстық орталықтарымен бірге 10-18 жасар қыздар арасында ерте жүктіліктің алдын алу бойынша «Қыз өссе – елдің көркі», «Қыз – ұлт болашағы» сияқты тақырыптарда семинар-тренингтер өткізілді.
– Елімізде медицина дамып келе жатқанына қарамай, жүрек-қан тамырлары, асқазан аурулары, жүрек және бүйрек жетіспеушілігі, қант диабеті, өкпе (бронхит), қатерлі ісікпен ауыратындар саны жыл санап артып келеді. Осылардың қайсысы бірінші орында тұр?
– Бүгінгі таңда тыныс жүйесі ауруларының таралуы бойынша, атап айтқанда, жедел пневмония, бронх демікпесі, созылмалы обструктивті бронхит, тағы басқа аурулар бірінші орында тұр. Ал, жиі өлімге соқтыру жағдайлары бойынша  жүрек қан тамырлары аурулары алдыңғы орынға шықса, соңғы мәліметтер бойынша тыныс жүйесі аурулары өлім көрсеткіші бойынша 2-орынға шыққан… Тыныс жүйесі ауруларының көбеюіне, біріншіден, қоршаған ортаның ластануы (экология), КОВИД-19-дан кейінгі асқынулар, тұқым қуалаушылық, т.б. себептер әсер етіп отыр. Қазіргі таңда аурудың бірінші белгілері байқалған кезде көмекке дер кезінде жүгіну, уақытында скринингтен өтіп, әрбір аурудың бастапқы белгілерін дер кезінде анықтау, «Жол картасы» бағдарламасы бойынша  аудандарға арнайы мамандар барып, кеңес беру, тағы басқа да жұмыстар атқарылуда.
Асқазан, ішек ауруларының жасаруы, жалпылама айтқан кезде тамақтану тәртібінің бұзылуына, құрамының  өзгеруіне тікелей байланысты болады.  Мысалы, жастар батыстық тағамдарды жиі тұтынады. Атап айтқанда, олардың дені газдалған сусындарды, фаст- фудтарды көбірек тұтынады да,  көкөністерді мейлінше аз жейді.
Қант  диабетімен  ауыратын  адамдардың   саны  да  өсуде. Бүкіл  әлем бойынша  диабетке  шалдыққан  550 миллионнан астам науқас тіркелген. 2050 жылға  қарай  ДСҰ-ның  болжамы  бойынша,  Жер  шарындағы  әрбір  екінші  тұрғынға  диабетке шалдығу қаупі туындап тұр.  Әр  жылы  диабеттің  асқынуынан  әлемде  5  миллион  адам  көз жұмады. Ал,  әр  жетінші науқас мүгедекке  айналады.  Қазақстанда  диабетпен  тіркелген  науқастардың  саны соңғы 15 жылда 3 есе артып, 445 мыңнан асты. Түркістан  облысы  бойынша  33 мыңнан астам науқас тіркелген. Науқастың саны бойынша біз республика бойынша (Алматы қаласы және Қарағанды облысынан кейін) үшінші орындамыз.
Әлеуметтік маңызы бар ауруларға профилактикалық тексеру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қазіргі таңда Түркістан  облысы тұрғындарының 75%-дан астамын ауылдықтар құрайды. 2022 жылдың қараша айынан бастап, қосымша профилактикалық тексеру  жұмыстары жүргізілуде. Профилактикалық тексеру түрлері (асқазан-ішек жолы, зәр шығару жүйесі, ересек жастағы туберкулез және қуықасты безі обырын ерте анықтау) кеңейтіліп, нысаналы топ 18 жастан бастап қамтылды. Аурулардың алдын алу бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізілуде.
– Әңгімеңізге рахмет! Қызметіңізге сәттілік тілейміз!

 

Сұхбаттасқан
С.ЖЕКСЕНБАЕВ

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*