Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Көкейтесті » «Аналардың анасы»

«Аналардың анасы»

Киелі Қазығұрт ауданында біліктілігімен ел құрметіне бөленген ақ желеңділер аз емес. Солардың бірі – жергілікті жұрт «Аналардың анасы» атап кеткен акушер-гинеколог, хирург, жастар тәлімгері Ақболған Жайжанқызы Мүсірәлиева. Ол осы ауданда 1985 жылдан бері еңбек етіп келеді. Жолдасы Тасболат та – дәрігер. Хирург. Қарағанды медицина институтын бітірген қос маманның алғашқы еңбек жолдары Қызылқия елді мекеніндегі амбулаториялық емханадан басталған. Екеуі амбулатория үшін салынған жаңа ғимаратты жабдықтап, оған білікті мамандар тартып, емхананың жұмысын жолға қойды. 
1987 жылы аудандық аурухананың бас дәрігері К.Төребековтің шақыртуымен бірі хирург, екіншісі акушер-гинеколог болып қызмет ауыстырады. Ақболған Жайжанқызы перзентханада  2005 жылға дейін акушер-гинеколог болып істеді. 2005-2007 жылдары бас дәрігердің ана мен баланы қорғау жөніндегі орынбасары лауазымын атқарды. 2007-2022 жылдар аралығында перзентхана бөлімінің меңгерушісі, ауданның бас акушер-гинекологы қызметін атқарды.
Ақболған Жайжанқызы – Қазығұрт аудандық ауруханасының тарихында жүкті әйелдерге ота жасау арқылы шарананы дүние әкелуге септігін тигізген тұңғыш әйел гинеколог. Оған дейін перзентханаға ауыр жағдайда түскен аналарға отаны ер хирургтер жасайтын. Ақболған Жайжанқызы осы қызметке келген соң бүкіл отаны өзі жасады, технологияларды жетілдірді, озық әдістерді дер кезінде енгізіп отырды. Білімі мен тәжірибесін жастарға үйретіп, көптеген шәкірт даярлады.
2013 жылы Каунас медициналық институты Оңтүстік Қазақстан облысында бір жыл бойы «Қауіпсіз ана» бағдарламасымен жұмыс жүргізді. Осы бір жылда бірталай конференциялар ұйымдастырылып, семинар-тренингтер өткізілді. Бір жылдан соң пилоттық жобаның қорытындысы бойынша Қазығұрт аудандық  перзентханасы өңірдегі барлық аудандық перзентханалар мен облыстық перинаталдық орталықтардың арасынан оза шауып, алғашқы орыннан көрінді. Перзентхана ұжымы «Қауіпсіз ана» бағдарламасын әрі қарай да сәтті жалғастырды. Ақболған Жайжанқызы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының қабылдауына кіріп жүріп, аудандық перзентхананы «Қауіпсіз ана» бағдарламасының талаптарына сай жабдықтауға қол жеткізді. Осының нәтижесінде жеке 5 босану бөлмесін ашып, әрқайсысына 3 млн. теңге тұратын функционалдық бес кереуетті қойып, мониторлармен толықтырды. Нәрестелердің жүрек соғысын анықтайтын және анасында толғақтың бар-жоғын көрсететін үш КТГ аппаратын алды. Шала туылған және денсаулығында ақауы бар нәрестелерге арналған 3 вакуум реанимациялық жүйедегі кереуеттерін қойдырды. Аурухана осы жабдықтармен бүгінгі күнге дейін жұмыс істеуде.
Перзентхананың бас дәрігері гинекологтардың, акушерлер мен неонаталды мейірбикелердің білімдерін жетілдіруге жағдай жасап, қызметтерін әрдайым қадағалап отырады. Ауданның бас акушер-гинекологы болғандықтан, Ақболған Жайжанқызы ауылдармен де тығыз байланыста жұмыс істеді. Ауылдарды аралап, қай жерде қандай науқас жүкті келіншек бар екенін біліп, бақылауға алып, олардан күні-түні көмегін аямады.
Жолға жарамайтын, халі мүшкіл, қансырап қалған әйелдердің үйлеріне өзі баратын. Баласын да, анасын да аман алып қалған сәттері көп. Сол кездерде Жаңабазар, Алтынтөбе, Рабат, Тұрбат елді мекендерінде 5 төсек-орынға арналған перзентхана бөлімшелері бар еді. Перзентхананың бір бөлмесін кварцпен өңдеп жіберіп, ота жасайтын. Бірде Рабат ауылынан шақырту түсті. Жер тайғақ, көк мұз. Ескі «УАЗ» автокөлігіне оттегі баллондарын тиеп, салон ішіне бригаданы мінгізді де асығыс жолға шықты. Ол кезде қайбір жетіскен жол бар. Ойдым-ойдым. Түнімен ота жасап, жас босанған әйелді  және шақалақты алып ауданға қайтты. Мұндай оқиға күн сайын болмаса да, жиі-жиі болып тұратын. Ананы аман-есен босандырып, сәбиін де аман алып қалса, жолда көрген барлық қиындықтар ұмытылып кететін. Жүкті ананың жағдайы қаншалықты ауыр болса да, облыстағы дәрігерлер Қазығұртта Ақболған Мүсір­әлиеваның біліктілігіне сенетін. Ол кезеңде санавиация көмегіне жүгіне бермейтін, сондықтан облыс дәрігерлерімен кеңесе отырып, ауыр отаны ауданда өзі жасауға тура келген сәттер көп.
Ақболған Жайжанқызы аудандық ауруханада жұмыс істеген жылдары 15 бас дәрігермен қызметтес болыпты. Ешбірімен сөзге келмей, жақсы қарым-қатынаста, түсіністікпен қызмет атқарған. Бүгінде «Аналардың анасы» құрметті еңбек демалысында. Зейнетке шыққан соң да перзентханада 5 жыл жұмыс істеді. Қазір де қарап отырған жоқ, өзі жеке гинекология кабинетін ашып алған.
Ерлі-зайыпты дәрігерлер екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Үлкендері Анель Шымкент қаласындағы № 1 облыстық перинеталды орталықта (ОПЦ) неонатолог-реаниматолог. Ал, Жанель –  қытай тілінің маманы, филолог. Бақытжан – кәсіпкер, оның келіншегі Жанбике – УЗИ дәрігері. Жалпы,  әулетте  медицина саласында қызмет ететін 17 дәрігер бар. Қазығұрттықтар оларды «дәрігерлер династиясы» деп текке айтпайды. Ақболған апай 38 жылдық дәрігерлік қызметінде артынан бір жаман сөз ерткен емес. Әріптестерінің де ол кісіге құрметтері жоғары.
Ақболған Жайжанқызы Ақтау қаласының тумасы. 1985 жылы Қарағанды медициналық институтын бітіріп, Қазығұрт ауданына келін болып түсті. Содан бері де 40 жылға жуық уақыт өтіпті. Ерлі-зайыптыларға облыс орталығына қызмет ауыстыруға қанша рет ұсыныс жасалса да олар Қазығұртты тастап кете алмады. Өйткені, жоғары білімді, білікті дәрігерлер ауылға да өте қажет еді…
А.БЕРМҰХАНОВА,
Қазығұрт ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*