Жылы күнде аяғыңызды көрпеге бүркеп жататын болсаңыз, онда бұл белгілі бір аурудың симптомы болуы мүмкін. Әдетте бұл жағдайға адамдар аса мән бермей жатады. Алайда мамандардың айтуынша бұл денсаулықта бір кінәраттың барынан дәлел. Қыс ауасында аяқ-қолыңыз тоңса шешімі бар, жылы шұлық киесіз немесе қалың аяқ киіммен жылытуға болады, ал жаздыгүні бұл мазасыздықтың шешімі қандай болмақ? Бұл мәселеге ақ халаттылардың айтары бар. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи клиникасының пульмонолог, дәрігер-маманы Ахметова Ұлбосын Божбанбайқызы толығырақ тарқатып берді.
– Ұлбосын ханым аяқ пен қолдың үнемі тоңып жүруінің басты себептері қандай?
– Ағзаның суыққа реакция беруінің басты себебі күйзелістен болады. Адамның жүйке жүйесі өте нәзік құбылыс яғни адам стресске түскенде денеде адреналин гормоны бөлінеді міне сол кезде адамның аяқ қолы мұздап, денені мұздай тер басады. Бұл процесс көбіне жас жеткіншектер арасында кең белең алып отыр. Ал екінші себебі аяқтағы қанайналымның нашарлығынан туындайды. Себебі өздеріңізге мәлім аяқ пен жүрек қашықтықта орналасқан дене мүшелері. Негізінен аяқтағы қантамырлары адам денесіндегі ең кішкентай және сезімтал тамырлар және олар зақымдануға бейім келеді. Сонан соң денеде гемоглобиннің өте төмен болуымен қатар ағзаға эритроциттердің жетіспеушілігіне байланысты. Адамда қимыл-қозғалыс азайса және компьютер алдында ұзақ уақыт отырған да аяқ-қолдың мұздауына алып келеді. Көбінесе бір орында отырып қалу я да аяқтың бүгіліп тұруынан болады. Жалпы аязды күнде аяқтың тоңуы қалыпты жағдай, алайда оған қоса жүректің тез соғуы мен салмақтың азайюы байқалған жағдайда дәрігердің көмегіне жүгінген абзал. Себебі адам ағзасында паталогияның ауысуы орын алуы мүмкін.
– Дәрігер ретінде адамдарға қандай кеңес бере аласыз?
–Жалпы адам ағзасы көптеген дәрумендерді қажет етеді. Ал науқастар дәрумен деген дүниеге немқұрайлы қарайды. Оның салдары ауыр дертке шалдықтыруы әбден мүмкін. Адам нәзік жаратылыс болғандықтан, денсаулыққа немқұрайлылық танытуға болмайды. Мәселен аяқ-қолдың қысы-жазы тоңып жүруінде де бір сыр бар. Бізде адамдар ауырып әбден шегіне жеткенде ғана қимылдай бастайды. Ал ол кезде өте кеш болуы мүмкін. Денсаулықты тепе-теңдікте ұстаудың маңызды жолдарының бірі дәрумен қабылдау. Мәселен В12 және темір дәрумендерін алайық, ағзамызға бұл дәрумендер жеткіліксіз болса адамда ұйқышылдық, неврологиялық белгілер, дене бөліктерінің шаншуы секілді жайсыздықтар орын алады. Адам ағзасы мүлдем дәрумен қабылдамаған жағдайда қантамырларда оттегі жетіспей қысыла бастайды. Сонымен қатар, егде жастағы адамдардың қанайналым жүйесінің нашарлауы қарттық белгілерінен болуы мүмкін. Яғни аяқ-қолдың үнемі тоңуы жас талғамайды.
– Аяқ-қолдың үнемі мұздап жүруінде бір сыр бар дедіңіз, мұның салдары, қандай аурудың бастамасы болуы мүмкін?
–Аяқтың қысы-жазы жылымауының салдарынан адам ағзасы қант диабетіне шалдығуы мүмкін. Яғни денеде қант мөлшерінің асып кетуі. Ондай жағдайда тамырда қан ұю процесі жоғарылайды. Жалпы адам бойындағы энергияның бірден-бір көзі қалқанша безі. Сонымен қатар, қалқанша безі ауруы әсіресе балаларда көптеп кездеседі. Аталмыш ауруға шалдыққан баланың бойы өспей, жыныстық жетілуі бірден тоқтайды және ми сыңарлары қыртысы жұмысы бұзылып, ақыл-есі кем болады. Тәннің саулығы жанның саулығынан сыр шертеді. Аталған аурумен күрес жолында адамдардың дұрыс тамақтануы да басты назарда болғаны жөн. Бұл рефлекс көбінесе қант диабеті ауруына әкеп соқтырады. Яғни ағзада қант мөлшері көбейіп кетуінің салдары қанның ұюына (тромп түзіледі) әкеліп соғады. Алкагольді ішімдіктер мен газды, энергетикалық сусындар да өмірге кері әсерін тигізеді.
– Сіздің орталықта аталған аурулар төңірегінде қандай медициналық көмектер қарастырылған?
– Кез-келген науқастың ағзасында кездесетін аурулардың шешімі дәрігерлерде. Яғни жаныңыз ауырса дәрігердің көмегіне жүгінгеніңіз абзал. Осы аталған синдромға ауруханаларда мынадай жағдайлар жасалған болуы тиіс. Мәселен диагностикалауға арналған бірнеше аппарат түрлері мрт, кіші ағзалардың узиі, экокардиография, экг арқылы ағзадағы ауруды анықтауға болады. Содан соң арнайы дәрігер мамандардың көмегіне жүгіну арқылы ауруды жеңуге болады. Айтып өткенімдей қазіргі таңда техниканың дамуына байланысты диагностикалау өте жеңіл түрге көшкен және де арнайы мамандарда жетерлік.
– Аурудың бұл түрін үй жағдайында яғни халық емі арқылы емдеуге болады ма?
– Егерде жағдай паталогиялық процесске айналып үлгерсе, үй жағдайында емделуге кеңес бермес едім. Себебі адамдар өз бетінше дәрігердің көмегінсіз емделуге талпынады. Бұл әдіс ауырып тұрған дене бөлігіңізге жақсы әсер етуі мүмкін, дегенмен сіз қолданған тәсіл ағзадағы басқа да дене мүшелеріңізге кері әсерін беруі тағы мүмкін. Керісінше дәрігерге дер кезінде жүгіну керек. Мұндайда әрине салауатты өмір салтын ұстануға, адам өзі қызығатын іспен айналысып, жүйке жүйесін қалыпқа келтіруі арқылы ауруды сейілтуге болады, алайда емдеудің дәл осы түрі көбінесе жас жеткіншектер арасында кең таралған.
Н.БӨКЕНБАЙ.