Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауыл медицинасының ахуалын жақсарту жөнінде тапсырма бергені белгілі. Ауылдағы ағайын бұл оң өзгерісті биылдан бастап сезіне бастайды. Биыл Түркістан облысында 50-ге жуық ауылда жаңа медициналық нысандар бой көтереді деп жоспарлануда. Ауқымды жоба 2023-2024 жылдары аралығында іске аспақ. Атап айтқанда, медициналық және фельдшерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар салынады. Бұл жөнінде Түркістан облысына жұмыс сапарымен барған Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары мәлімдеді. Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, өңірде ауданаралық 4 аурухана қайта жаңғыртылып, жасақталады. Сарыағаш, Сайрам, Ордабасы және Жетісай аудандық ауруханаларына «Алтын сағат» жүйесі енгізіледі. Нәтижесінде 1 сағаттың ішінде инсульт пен инфарктқа шалдыққандарға, сапалы медициналық көмек көрсетіледі. Ол үшін аудандық ауруханалар қажетті медициналық құрал-жабдықтармен және білікті мамандармен қамтылатын болады. Бұдан бөлек бірінші вице-министр, Түркістандағы құрылысы тоқтап тұрған көпсалалы облыстық аурухананың жағдайы туралы баяндады. Айта кетейік, 630 орындық медициналық орталықтың құрылысы белгісіз себептерге байланысты былтыр тоқтап қалған болатын. Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары: — Мемлекеттік экспертиза дейді, ең негізгі құжат. Соны жақын арада ғана алды. Келесі процедура Денсаулық сақтау министрілігінің және Ұлттық экономика министрлігінің экспертизасын алу керек. Одан кейін ары қарай Денсаулық сақтау министрілгі мен жекеменшік әріптестік аясында қол қойылғаннан кейін құрылыс ары қарай жалғасатын болады.
Дені сау ұлттың болашағы зор болмақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның байлығы ең алдымен адамдар екенін атап өтті. Осы орайда, биыл күзде Түркістан облысына қарасты 8 ауылға «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы келмек. Медициналық пойыз «Алматы-2» теміржол вокзалынан салтанатты түрде жолға шығып, осы жылдың 6 желтоқсанына дейін бүкіл Қазақстан бойынша 120-дан астам станцияны қамтымақ. Ал оңтүстік өңіріне биыл қараша айының 5-19 күндері аралығында қызмет көрсетеді. Өңірдегі емдеу шаралары жоспарға сәйкес, Күншағыр, Ақшоқат, Қарақоңыр, Шағыр, Бадам, Игілік, Қызылсай, Ынтымақ елдімекендерінде орналасқан станцияларға тоқтайды. Сонымен қатар, медициналық пойыз станцияларда 1-2 күн аялдайды. Дәрігерлер тұрғындарды жұмыс уақытында қабылдайды. Медициналық бригадалар диагностикалық процедуралар ғана емес, сондай-ақ, шағын амбулаториялық операциялар жасайды. Оның ішінде тұрғындар терапевт, стоматолог, офтальмолог, хирург, уролог, маммолог, педиатр мамандарынан тегін тексеруден және емдеуден өте алады. Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен және ақпараттық серіктес – Jibek Joly телеарнасымен бірге жүзеге асырады. Пойыз заманауи диагностикалық және емдік жабдықтармен, ультрадыбыстық, флюорографиялық аппаратпен, шағын операциялық бөлмемен, зертханамен, сымсыз ғаламторға қолжетімді құралдармен жабдықталады деп көзделіп отыр. Биыл республика бойынша 75 мыңға жуық ауыл тұрғынына 35 медицина маманы қызмет көрсетеді деп жоспарланған.