Нашақорлық – қазіргі қоғамның өзекті проблемаларының бірі. Соның ішінде есірткіден гөрі мас қылатын жасанды препараттардың, әсіресе, жастардың арасында кеңінен таралуы адамзатты алаңдатып отыр. Шымкентте бұл бағытта құқық қорғау, жоғары оқу орындары, білім және медицина мамандары бірлесе жұмыс істеп жатыр. Дәл қазіргі уақытта нашақорлықтың алдын алу айлығы аясында оқушылар мен студенттер арасында кездесулер, семинар, түсіндірме жұмыстары жүруде.
Шымкент қаласының полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Бауыржан КАРБЕКОВПЕН әңгімеміз осы тақырыпта өрбіді.
– Бауыржан Қанатұлы, жалпы «есірткі», «нашақорлық» деген сөздердің өзінен шошимыз. Бірақ бұл дерт қоғамға дендеп еніп, сіңіп бара жатқан сыңайлы…
– Иә, бұл сөзіңіздің жаны бар. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында синтетикалық есірткілердің қолжетімді болуына байланысты тәркіленген есірткі заттарының 10 есе өскенін атап өтті. 2019 жылы еліміз бойынша тәркіленген синтетикалық есірткілер 10 келіден 2021 жылы 100 келіге дейін өссе, 2022 жылы бұл 229 келіні құраған. Бұл бірінші кезекте, әртүрлі интернет-технологиялардың, қаржылық қызметтер нарығының дамуы және шекараның ашықтығымен байланысты болып отыр. Есірткі сатушылар есірткіні таратудың жаңа тәсілдерін меңгеруден бөлек, «заңды» ингредиенттерді қолдана отырып, олардың кең өндірісін құруды игеруде. Қазіргі заманғы есірткі бизнесі дәстүрлі саудадан киберкеңістікке еніп, одан да жасырын болып отыр.
– Яғни, уақыт талабына сай интернет кеңістігіне тосқауыл болмай тұр десеңізші?
– Әрине. Көптеген интернет-ресурстарда есірткінің түрлері мен қасиеттері, оларды жасау, тұтыну түрлері туралы толық ақпарат бар. Сондай-ақ қауіпсіз сату әдістері туралы егжей-тегжейлі нұсқаулықтар жариялануда.
Ең алдымен, мұндай жолмен есірткіні насихаттауға кәмелетке толмағандар мен жастар ілігіп қалады.
– Деректер көзінен белгілі болғандай, соңғы жылдары елімізде кәмелетке толмағандардың есірткі саудасына қатысуы артқан сияқта. Қазіргі таңда жасөспірімдер арасында есірткі бойынша қылмыс көрсеткіші қандай?
– Үш жылдық статистиканы салыстырсақ. Егер, 2020 жылы жасөспірімдер 15 қылмыс жасаған болса, оның ішінде 5-еуі есірткі өткізу қылмысы. 2021 жылы бұл көрсеткіш 26 дерекке өсті, оның ішінде 10-ы есірткімен байланысты қылмыс. Ал, өткен жылы кәмелетке толмағандар 25 есірткі құқық бұзушылықтарын жасады, оның 12-сі есірткі сату қылмысы.
Биылғы жылдың 4 айында қылмыстық қудалауға 14 кәмелетке толмаған бала түсті. Олардың бір бөлігі әкімшілік жаза арқаласа, бір бөлігі қылмыстық істерде айыпталушы ретінде емес, басқа да іс жүргізу мәртебесіне өтуі мүмкін. Алайда, бұл статистика 18 жастан асқан жастарды қамтымайды. Оны айтатын болсақ, жағдай бұдан да ушығып тұр.