Шымкент қаласының полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Бауыржан КАРБЕКОВ:
– Бүгінгі күні жастардың көбі интернетте отырады, яғни, олардың кез келген уақытта есірткіні таратушылар желісіне қатысуына қатысты қауіп бар. Сондықтан жастарды қалай сақтандыра аламыз?
–Алдымен «Олар мұндай жұмысты қалай табады?» деген сауал қойсақ. Бұған әрине, интернеттегі немесе әлеуметтік парақшалардағы интернет-дүкендерге сілтемелері бар жарнамалар арқылы қол жеткіеді.
Бұл ретте жұмыс берушілер жасөспірімдер психикасының ерекшеліктерін жақсы меңгергендіктен мұндай жұмыстың кез келген моральдық аспектілерін тез ақтап көрсетіп, жасөспірімдерге оның салдарын жете түсінуіне мүмкіндік бермейді. Мұның зардабынан «есірткі заттарын өткізуден көп ақша табамын» деп ойлаған жасөспірімдер мен жастар ұсталып, азабын көруде.
Себебі, есірткі өткізушілер немесе жоғарғы жағындағы қылмыскерлер өздері барып, жаяу жүріп, тұтынушыға жеткізумен айналыспайды. Олар байланыссыз жолмен, әлеуметтік желілердегі анонимді аккаунттар арқылы өзінің заңсыз қызметін жүзеге асырады. Жұмыс берушілердің ешқайсысы төменгі сатыдағы адамдардың болашағына алаңдамайды.
Есірткі өткізушілер үшін кім осал болып табылады? Бұл, әрине, ауылдық жерлерден көшіп келген жастар, балалар үйінің түлектері. Сондай-ақ, аз қамтылған отбасылардан шыққан жасөспірімдер. Олар ұзақ уақыт бойы балалық сезімде қалып, ата-аналарының барлық мәселелерді шешетініне сенімді болады. Сол үшін, бұл жағдайда оқу орнына түсуші талапкерлермен ғана емес, олардың ата-аналарымен де әңгімелесу, ескерту өте маңызды.
Көп жағдайда ересектердің өзіне есірткінің жарнамалық ұсыныстарының қауіптілігін анықтау қиын. Бұл үйлердің қабырғаларына жазылған немесе жарнамалар түрінде желімделген сайт атаулары болуы мүмкін. Сондай-ақ, бұл бейтарап мазмұны бар жарнамалық түрлі-түсті плакаттарда көрсетілген QR кодтар болуы мүмкін. Ересек адам өтіп кетеді, ал жас жігіт кодты сканерлейді және есірткі сайтының бетіне өтеді. Онда барлық қызметтер ұсынылған. Яғни есірткі ассортиментінен бастап жұмысқа дейінгі ақпараттары жетерлік.
Осы жерде атап өтетін болсам, 2019 жылы еліміздің 4 қаласындағы үлкен билбордттарда осындай жасырын есірткі заттары жарнамаланған орындар жойылды. Ол жерлердегі суреттерде үлкен жазулармен фитнес-орталық туралы ақпарат жарнамаланса, астындағы QR кодты сканерлейтін болсаң, есірткіні сататын сайтқа сілтеме жасаған.
Сонымен қатар, осы «жарнамалық акцияны» ұйымдастырушылар өздерінің аудиториясының санын арттыру мақсатында, бағалы сыйлықтар табысталады деген желеумен конкурс ұйымдастырған. Оның талабы бойынша сол баннердің жанында суретке түсіп, жолдау қажет болған. Осылайша, есірткі туралы ақпарат бүкіл елге таралуы керек еді. Алайда, олардың ойы іске аспай, дер кезінде полиция қызметкерлерімен анықталып, жарнама иелеріне шара қолдандық.