Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » ХХІ ғасыр індеті – синтетикалық есірткі

ХХІ ғасыр індеті – синтетикалық есірткі

Шымкент қаласының полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Бауыржан КАРБЕКОВ:

– Қазір жоғары оқу орындарында есірткімен күрес ең басты тақырыптардың бірі болып отырғаны мәлім. Үйдегі баланы ата-анасы қадағаласын десек, шалғайда оқып жүрген балаға кім жауапты?

– Жоғары оқу орындарының қабырғаларында туындауы мүмкін проблемалардың бірі – ол есірткіні қолдану. Мұнда әкімшіліктің нақты ұйымдастырылған стратегиясы қажет. Әкімшілік ғимараттардың, жатақханалардың және жақын маңдағы үйлердің қабырғаларындағы жазуларға назар аудару керек.
Оқу ордасындағы техникалық қызметкерлер қасық түрінде пайда болған фольга, пипеткалардың шыны түтіктері, ысталған шыны сынықтары, «Трамадол» дәрілік препаратының пластинкалары мен сыртқы қабықтары секілді қоқыстағы заттарға назар аударуы керек. Егер оқу орнының жанында немесе университеттің өзінде осындай заттар табылса, онда бұл есірткіні тұтынудың және тиісінше есірткі айналымының дамып келе жатқанының сенімді белгісі.
Мұндай жағдайда учаскелік полиция инспекторына мүмкіндігінше тезірек хабарласу қажет. Егер осындай фактілерді жасыруға тырыссаңыз, онда жағдай міндетті түрде бақылаудан шығады. Есірткі қылмыстары ғана емес, сонымен бірге оларға қатысты құқық бұзушылықтар – ұрлық, тонау, дене жарақатын салу, есірткіні шамадан тыс қолдануда болған өлім және т.б. жасалатын болады.
Өйткені, есірткіге тәуелді бір адам бір жыл ішінде 7 адамды есірткіні тұтынуға тартады деген статистика бар.

– ХХІ ғасыр індеті – синтетикалық есірткі. Бүгінде химиялық қоспаларға қол жеткізу соншалықты қиын емес көрінеді…

– Бұл тұрғыда бөлек тоқталатын әңгіме, ол – «Трамадол» мәселесі. Бұл препарат емдік мақсатта қолданылатын, ауруды басатын, құрамында героиннің аналогы бар апиын қатарындағы анальгетик. Бұл таблеткаларды қолдану жасөспірімдер мен жастар үшін нашақорлыққа «кіру нүктесіне» айналады. Трамадолдың 5 таблеткасы героиннің 1 дозасына тең.
Бүгінде көп жастарымыз, оның босаңсуға және көңіл-күйді көтеруге көмектесу қабілеті туралы өте жақсы біледі. Алайда, есірткіге тәуелділіктің дамуына себеп болатын есірткі деп ойламайды. 2023 жылғы 7 сәуірден бастап трамадол еліміздегі бақылаудағы заттардың қатарына қосылды және оны сатып алу, тасымалдау, сақтау үшін басқа есірткілермен қатар қылмыстық жауапкершілік туындайды. Сол себепті, мұндай зардаптар туралы әкімшіліктің қатысуымен әр оқу орнында түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек.

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*