Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Ауруын жасырған…

Ауруын жасырған…

«Шекер», «тұз», «кристал», «мияу-мияу». Бұл — синтетикалық есірткілердің қазіргі уақытта кең таралған атаулары екен.
— Синтетикалық есірткі біздің елімізде ғана емес, әлемді жайлап барады. Әсіресе, жасөспірім балалар бұл қақпанға оңай түсіп қалуда. Мұны ата-аналары білген кезде арнайы емдеу орталықтарына бармай, үйде құпия емдеуге тырысады. Себебі, ата-ана баласын нашақорлар тізіміне ілініп қалады деп қорқады. Өкінішке орай, синтетикалық есірткіге тәуелділік 1-2 ай емдегеннен жазыла салмайды. Арнайы емдеу орталықтарында дәрігердің бақылауында болуы қажет. Сондықтан мұндай жағдайға душар болған ата-аналар уақытты созбай, кәсіби мамандардың қызметіне жүгінгені жөн. Бізде құпия емдеу түрі де бар. Яғни, арнайы диспансерлік есеп жөніндегі мәлімет құпия сақталады. Ең сорақысы, жас ағзаның тұрақты тұтынып, тәуелді болса, одан бас тартуы қиындай түседі. Сол себепті дәрігерлер бұл тажалдың тырнағына ілінген жас адамды тез арада арашалап алып қалуға тырысады. Келесі дозаны қабылдау арқылы олар тән мен жан азабынан уақытша ғана айырылуы мүмкін. Алайда, есі мен етін улап алған есірткі ішке бір кірген соң, іштегі ағзаны әбден жеп тауыспайынша тоқтамайды. Өкініштісі, оң-солын танымаған жасөспірімдерден бөлек, отбасылы, ересек ер азаматтар да елтіп, өз өміріне қауіп төндіріп жүргеніне куә болып жүрміз, — дейді Шымкент қаласындағы Психикалық денсаулық сақтау орталығы уақытша бейімдеу және уытсыздандыру бөлімінің меңгерушісі П.Ермаханова.
Мамандар жәй есірткіге қарағанда синтетикалық есірткінің зардабы өте ауыр екенін алға тартып отыр. Әлемде дәл осы синтетикалық есірткінің 500-ден аса түрі тіркелген екен. Көбіне оны қолданғандардың жүйке жүйесі зақымдалып, мәңгүртке айналады. Яғни, ойлана алмайды, істеген әрекетіне жауап бермейді. Ал, ағзасы іштей іріп жатады.
Дәрігерлердің бір сөзі ғана көңілге демеу болды. Ұзақ уақыт дәрігердің бақылауында болып, емді бұлжытпай орындағандар арасында есірткіге тәуелділіктен құлан таза айыққандар бар. Демек, «есірткі дертінің емі жоқ» деген ел арасындағы пайым қисынға келмейді.
— Егер адамның емделуге деген ниеті болып, бар ерік-жігерін жұмсаса, мамандардың көмегімен дертті жеңе алады. Статистикаға келсек, әлемде синтетикалық есірткіге тәуелді болғандардың 7-8 пайызы толық дертінен айыққан. Біз алғашқы емдеу курсынан кейін жағдай қайталанбау үшін оңалту орталығына жіберіп, салауатты өмір салтын ұстануын қадағалаймыз. Ерік-жігерін емделуге жұмсағандар құлан-таза айығып жатыр. «Нашақорлық емделмейді» деген қате түсінік, — дейді нарколог-дәрігер Перизат Өмірзаққызы.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*