Онда 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, 337 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл туралы бүгін Астана қаласындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов баяндады. Бүгінге қолданыстағы өндірістік аймақтардың толымдылығы 90 пайыздан асты. Өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты жаңадан 867 гектарды құрайтын 5 өндіріс аумағын құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл аумақтарда 400 миллиард теңгені құрайтын 284 инвестициялық жоба іске асырылады.
Онда 12 мыңға жуық жұмыс орындары құрылатын болады. Жаңадан құрылатын аумақтардың 2-еуі қолданыстағы өндірістік алаңдарды кеңейту болса, қалғаны жаңадан құрылатын алаңдар. 306 гектар «Жұлдыз» индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жаңа индустриялық аймақта машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске асады. Аталған аймақта инвестициялық құны 147 миллиард теңге құрайтын 42 жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарын дамыту мақсатында аумағы 132 гектар құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 21 жобаға 23 миллиард теңге инвестиция тартылып, 1 800-ден астам жұмыс орны ашылатын болады. Айта кетейік, соңғы бес жылда қалада өнеркәсіп өнімінің көлемі 492 миллиард теңгеден 937 миллиард теңгеге жетті. Шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 58 мыңнан 110 мыңға дейін өсті.
Сонымен қатар осы уақыт аралығында қалаға 2 триллион теңгеден астам инвестиция тартылып, бюджет көлемі 146 миллиард теңгеден 613 миллиард теңгеге жетті. Биыл мегаполистің макроэкономикалық көрсеткіштерінде де оң динамика бар. Жыл басынан бері инвестиция көлемі 22 пайызға, құрылыс жұмыстары 29 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 73 пайызға, бөлшек сауда көлемі 25 пайызға артып отыр.