Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен ұлықтау рәсімінде «ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын» деген сындарлы сөз айтты. Бұл көптің көкейінде жүрген ой еді. Сондықтан жұртшылық та жылы қабылдады. Президент сол күні ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қойды және осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын.
Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің «Дала күні» семинарында шаруалар бас қосып, бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу, үй іргелік жерлерді тиімді пайдалану арқылы көкөніс шаруашылығын дамытудың негіздері және кластерлік жобаларды құру мәселесін ортаға салды.
Семинар алдында ауыл шарушылығына қажетті органикалық тыңайтқыштар мен техникалар, көкөніс тұқымдары, суару жүйесінің көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Шымкентте өндіріліп, ішкі нарық пен көрші елдерге экспортталып отырған өнімдер қойылған. Семинарға қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов және қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов бастаған депутаттар алдымен көрмені аралап, отандық өндірушілердің тауарымен танысты.
– Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, бүгінде қаламызда ауыл шаруашылығын дамытуда кешенді жоспарлар жүзеге асырылып жатыр. Қазір қала аумағында 81 елді мекенде 157 мыңға жуық мал басы және 50-ге жуық түрлі қайта өңдеуші кәсіпорын бар. Мұндай жобалар – үй іргесіндегі бос жатқан жерлерді тиімді пайдаланып, кластерлі жобаларды жүзеге асыру арқылы қала тұрғындарының табыстарын арттыруға және өмір сүру деңгейін жақсартуға көмектесу болып табылады. Сондай-ақ өңірлік деңгейде азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін шешу, қала халқын табиғи өнімдермен үздіксіз қамтамасыз ету және қосымша жұмыс орындарын ашу көзделуде. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы құрылып, қазіргі таңда инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде., — деді қала әкімі.
Шымкентте қазір 3400 шаруа қожалық, оның ішінде 86 ауыл шаруашылығы кооперативі бар. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басышысы Әбунасыр Жанбатыровтың айтуынша, 5 аудандағы шаруалармен 15 семинар өткізіп, үй іргелік жерлерді пайдалану арқылы кластерлік жобаларды жүзеге асырудың мәнісін түсіндірген.
–Мақсатымыз – үй-іргелік жерлерден жылына 2-3 рет сұранысқа ие өнім егіп, табысын арттыру және қала аумағындағы ірі кәсіпорындарды тиісті өніммен қамтамасыз ету болып отыр. Өткізілген семинарлар мен түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 6 айда құлпынай, ащы бұрыш, көкөніс өсіру, мал бордақылау, бал ара шаруашылығы, балық шаруашылығы бағытында 62 жоба жүзеге асырылды. Жыл соңына дейін 92 жобаға жеткізуді көздеп отырмыз, — деді Ә.Жанбатыров.
Семинар барысында Түркістан жоғары көпсалалы, аграрлық колледжі ғалымдары жасыл салатқа қажетті көкөністі конвейрлік өсіру технологиясымен бөлісті. Бұдан бөлек, мамандар биогомусты тиімді пайдалану, көкөністі өсіру агротехникасы, тамшылатып суарудың тың тәсілдері жайында баяндама жасады. (Бұл жөнінде газетіміздің алдағы нөмірінде тарқатып айтамыз).