Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі жол сапасына айрықша назар аударып келеді.
Мемлекет басшысы Үкіметке, жергілікті әкімдерге республикалық және жергілікті жолдардың жағдайын жақсарту жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Шымкент аумағындағы жол инфрақұрылымын жақсартуда, жолдардың сапасын арттыру бағытында қабылданған 2021-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары жоспары кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді.
Қаламыз үшін ең маңызды мәселенің бірі —жол сапасы мен көшедегі көлік қозғалысын реттеу.
Шымкент қаласы маңындағы ірі жол-көлік инфрақұрылымының бірі – Оңтүстік айналма жолы салынуда. Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов аталған жол құрылысының қарқынын қадағалады.
Айналма жолдың құрылысы Леңгір тас жолынан бастап КХ-15 облыстық маңызы бар автожолына дейінгі аралықты қамтиды.
Ұзындығы 16 шақырымды құрайтын айналма жол барлық транзиттік көліктерді қала сыртымен жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мегаполис көшелеріндегі және қала маңындағы кептелісті азайтып, экологиялық жағдайды жақсартады. Оған қоса, жол бойында орналасқан елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деп күтілуде.
Жоба бойынша салынып жатқан көшенің ені 9 метрді құрайды.
Бүгінде Шымкент-Ташкент жолында қиылысатын бөлігінде көпір салынып, жолдың негізі дайындалған. Жол құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылып отыр. Бұл жоба қаламыздың инфрақұрылымын дамыту мақсатындағы қажетті жобаның бірі болып есептеледі.
Нысан басына барған қала басшысы Мұрат Дүйсенбекұлы құрылыстың сапалы орындалуын басты назарға алуды және жоспарға сай жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.