Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Көкейтесті » «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу» тақырыбында семинар өткізді

«Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу» тақырыбында семинар өткізді

Шардара аудандық орталық ауруханасының медицина қызметкерлеріне аурухананың инфекционист дәрігер Б.Ахметов, эпидемиолог дәрігер Г.Алдабергенова «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу» тақырыбында семинар өткізді.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) – табиғи-ошақтық аса қауіпті жұқпалы ауру. Аурудың негізгі табиғаттағы резервуары мен оның көзі, иксод кенелері болып табылады.
Вирустың уақытша резервуары – жануарлар. Облыс аумағы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағы болып саналады. Ауруды жұқтыру қаупі ауру тасымалдаушы иксод кенелерінің көбеюіне тікелей байланысты. Олардың белсенділігі көктемгі-жазғы маусымда (сәуір- қыркүйек) арта түседі. Кенелер негізінен далалық жерлерде, бұталы өсімдіктердің басында, мал жайылымдарында, мал қораларында кездеседі.
Аурудың жұғу жолдары: иксод кенелерінің шағуы арқылы трансмиссивті жолмен, кенені жалаң қолмен жұлғанда, қой қырқымы кезінде кенелерді абайсызда қиып жіберу, езіп тастау немесе кененің қаны арқылы терінің зақымдалған бөліктерінен, адамнан адамға КҚГҚ-мен ауырған науқастың қаны арқылы, медициналық көмек көрсету, науқас күтімі кезінде, зертханаларда еңбек қауіпсіздігі ережелері сақталмаған жағдайда ауа тамшылары арқылы жұғуы мүмкін. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының жасырын кезеңі 2-14 күн аралығында, орта есеппен 4-6 күнді құрайды. Науқас адамның қаны арқылы жұққанда 9 күнге дейін қысқаруы мүмкін. Ауру дене қызуының күрт 39-40 градусқа дейін көтерілуімен, қатты бас ауруы, буындардың, бұлшық еттердің ауруы, дененің сырқырауымен сипатталады. Науқас дер кезінде дәрігерге қаралмаған жағдайда әлсіреп, жүрегі айнып, құсуы, іш өтуі мүмкін. Сондай-ақ, беті, мойны және көкірегінің жоғарғы бөліктері қызыл-қошқыл түске боялып, қызарады, көзі қанталап, екінші, бесінші күндері қан-тамырлық белгілер пайда болып, ине шаншу орындарында көгерулер пайда болып, қан кетуі мүмкін. Науқастың аурудан жазылуы дәрігерге дер кезінде қаралып, ауруханада стационарлы түрде арнайы ем қабылдаумен тікелей байланысты.
Кене шаққанда аса қауіпті инфекцияны жұқтыру мүмкін болғандықтан, өзіңізді және өз жанұяңызды қорғау үшін міндетті түрде жеке басты қорғау, сақтану құралдарын пайдаланыңыз!

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*