Тромбогеморрагиялық синдроммен сипатталатын зоноозды табиғи ошақты жоғары контагиозды аса қауіпті жұқпалы ауру.
Аурудың қоздырғышы- РНК түзетін вирус. Вирустың сыртқы ортаға төзімділігі төмен, жоғары температураға сезімтал. Негізгі резервуары және тасмалдаушылары– Hyalomma туыстастығына жататын иксодты кенелер.Кенелердің негізгі иелері- ауыл шаруашылығындағы ірі және уақ малдар. Аурушаңдыққа маусымдылық тән (көктем-жаз айлары).
Аурудың жұғу жолдары:
- кененің шағуы, тістеуі арқылы
- байланыс арқылы, науқасқа күтім жасағанда қанымен, медициналық манипуляция кезінде, кенені езген кезде, малдарды қырыққанда, терісімен, жүнімен жұмыс жасағанда
- аспирациялық-зертханаларды малдарды қырқу кезінде.
Аурудың белгілері: жасырын кезеңнің ұзақтығы 14 күнге дейін созылса, науқас адамның қаны арқылы жұққанда 9 күнге дейін қысқаруы мүмкін.
Аурудың 3 ағымын ажыратады:
Бастапқы, яғни геморрагия алды кезеңінде ауру жедел басталып, улану симптомдары пайда болады.
Өршу кезеңінде геморрагиялық синдром 5-7 күнге созылады.
Жазылу кезеңі баяу өтеді, 1 айдан 1-2 жылға созылады.
Клиникалық белгілері: екі толқынды температура байқалып, 39-40 С қа дейін көтерілуімен, улану синдромы, қатты бас ауруы, құсу, бұлшық еттердің ауырсынуымен байқалады. Сондай-ақ, беті, мойны және көкірегінің жоғарғы бөліктерінде гиперемия байқалып, көзі қанталап, екінші, бесінші күндері қан-тамырлық белгілер пайда болып, ине шаншу орындарында көгерулер пайда болып, мұрнынан, жатырдан т.б жерлерден қан кетуі мүмкін.
Сақтандыру шаралары:
– Кенені қолмен ұстамаңыз, қолмен кенені езбеу керек, жабысқан кенені пинцетпен жаймен алу;
-Кене шаққанда міндетті түрде емханаға медициналық көмекке жүгіну;
– Мал қорадан келген соң, киімдерді қағып, оны мұқият қарап шығу;
– Малға қарағанда арнайы сақтану киімдерді (қолғап, халат, шалбар) кию;
-Кене шаққан жерін йод ерітіндісімен немесе спирті бар ерітіндімен өңдеу;
– Қой қырқымы кезінде қолға қолғап, үстіңізге арнайы киім кию.
Есте сақтағаныңыз жөн !!! маусымдылық кезінде үйіңізде бір адамнан ешқандай жарақатсыз, себепсіз дене қызуы 2-3 күннен аса көтерілсе, мұрнынан, аузынан қан кетіп жатса (көбіне малға күтім жасайтын адамдарда), тез арада дәрігерге көрініңіз.
Б. Елемесов,
Түркістан облысы СЭБД басшысының орынбасары.