Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Медицина факультеті 1991 жылы Кентау қаласында баламалы және емдік медицина деп аталып, ашылған болатын.
Уақыт өте келе ол жалпы хирургия, ішкі аурулар, акушерлік және гинекология, адам анатомиясы және физиологиясы сияқты жаңа бөлімдердің ашылуымен кеңейе түсті. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи университетінің бас ғимаратына орналасқан клиникада 2008 жылдың қаңтар айында амбулаториялық клиника бөлімі ашылды. Бір жылдан кейін палаталарда қызмет көрсетіле бастады. Сонымен қатар операциялық зал мен ранимация бөлімшелері ашылып, толық жұмыс жасай бастады. Мұнда қызметкерлердің медициналық көмектің сапасын қамтамасыз етуіне, кәсіби деңгейіне, қауіпсіздік техникасына айрықша мән берілген.
Клиниканың дамуына зор үлес қосқан ақ халатты абзал жандардың бірі – Осман Ажар. Ол басшылық еткен жылдары бірқатар жаңа инновациялар енгізіп, дәрігер өз міндетіне сай көптеген лайықты шаруалар атқарды. Биылдан бастап, Осман Ажардың орнына Мехмет Зия Генчер тағайындалды. Айта кеткен жөн, Мехмет Зия Генчер Ахмет Ясауи университетінің байырғы түлегі. Ол Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласының халқына қалтқысыз қызмет көрсету мақсатында тың жобалар жоспарлап, іске асыру үшін нық қадам жасай бастады. Генчер мырзаның бірқатар жобалары, атап өтсек: ми, жүрек, қан тамыр ангиографиясы, тромбэктомия, миды стендтеу, контрасты томография, маммография-мобильді маммография жүйелері жолға қойылуда. Сонымен қатар алдағы уақытта Химия-терапия бөлімінің ашылуы жоспарлануда. Дәрігер жаңалықтармен бөлісу барысында, ол клиниканың жаңа технологиялармен толығатындығын және кәсіби дәрігерлердің жұмысқа тартылатындығын, сондай-ақ тіс дәрігерлерінің қолдауы арқылы тіс импланттарын жасауды қолға алатындықтарын тілге тиек етті. Сонымен қатар келешекте Халықаралық қатынастар бөлімін кеңейту және клиниканы халықаралық деңгейге көтеру жоспарлануда.
«Бұл жобаларымыз Түркістанда алғаш рет жүзеге асқалы отыр. Бұған дейін түркістандықтар емделу үшін Шымкент, Алматы т.б үлкен қалаларға баратын болса, енді осы жоспарымыз толық жүзеге асқаннан кейін жергілікті тұрғындар университет клиникасының сапалы да жоғары деңгейдегі медициналық қызметіне жүгінетін болады. Яғни басты мақсатымыз, халық игілігі үшін халықаралық мәртебеге сай қызмет көрсету. Дертіне дауа іздеген жандардың алысқа бармай, өз қаласында емделіп, жазылып шығуына күш салу» дейді Мехмет бей әңгімелесу барысында.
Х.ЖЕНГІЗ,
ХҚТУ-дің 4-курс студенті.