Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Көкейтесті » МӘМС ЖҮЙЕСІ: ПАЙДА МА, АЙЛА МА?

МӘМС ЖҮЙЕСІ: ПАЙДА МА, АЙЛА МА?

Мәселен өткен жылы жеке кәсіпкерлер МӘМС-ке ақша аудара алмай, салық декларациясын амалсыздан өткізіп алғандарын айтып шағымданған болатын. МӘМС жүйесіндегі осы олқылықтар тіпті Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың құлағына жетіп, қатаң ескерту берілді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында “Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тиімді болмады, нақты нәтиже жоқ. Үш миллионға жуық адам медициналық сақтандырудан тыс қалған. Соның кесірінен олар денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді толық пайдалана алмайды» деп кесіп айтты.

Алайда соған қарамастан, медициналық көмекті қаржыландыру 2 есеге ұлғайған. Мысалы, 2019 жылы 1 трлн теңгеден 2022 жылы 2 трлн теңгеге дейін артқан екен. Бұл қыруар қаржының барлығы бейінді мамандардың өтімдері мен операцияларын, күндізгі және тәулік бойы стационар жағдайында госпитализацияларды, диагностикалық процедураларды, зертханалық талдауларды, оңалтулар, ЭКҰ, қажетті медициналық көмектің көлемін екі есе арттыруға бағытталған. Осы тұрғыда, Түркістан облысы бойынша, медициналық сақтандыру қорының бөлім басшысы Лаура Ділдәбекқызы МӘМС жүйесінің әлдеқайда тиімді екенін айтады.

-МӘМС енгізілгенге дейін қазақстандықтар көптеген талдаулар мен тексерулер үшін өз қалтасынан төлеуге мәжбүр болды. Бүгінгі күні әрбір сақтандырылған адам қажет болған жағдайда өз денсаулығының жай-күйі бойынша МӘМС есебінен үлкен тізбеден барлық қызметтерді ала алады. Қордың негізгі мақсаты – пациенттерінің, науқастың құқығын қорғау және халықпен кері байланыс орнату. Осы мақсатта арнайы каналдар қосылып, тұрақты жұмыс істеп жатыр – дейді медициналық сақтандыру қорының бөлім басшысы. Өткен жылы науқастардан кері байланыс арналары арқылы 863 мың өтініш қабылданған. Осы өтініштердің ішінен облыс медициналық ұйымдардың атынан 15 мыңнан астам шағым түскен екен. Ал олардың басым бөлігі халық консультациялық-диагностикалық қызметтердің қолжетімсіздігіне (жабдықтың болмауы, күту ұзақтығы, жолдама бермеу, кадр тапшылығы), медицина

қызметкерлерінің дөрекі көзқарасы мен қабілетсіздігіне, медициналық көмек көрсету сапасына, ақылы қызметтерге жолдамаға, емдеуге жатқызудан бас тартуға, КДҚ-ны ұзақ күтуге қатысты болған. Демек бүгінге дейін МӘМС-ке байланысты сұрақ пен наразылық әлі де толастамаған.

САРАПШЫЛАР (САҚТАНТАНДЫРУШЫЛАР) НЕ ДЕЙДІ?

Осыған байланысты, Түркістан қалалық мәслихат депутаты Ардақ Мансұров МӘМС жүйесінің мүлдем пайдасы жоқ деген пікірін айтады.

-Қазақстан Республикасының Конституциясының 29 бабында: «Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар. Республика азаматтары заңмен белгiленген кепiлдi медициналық көмектiң көлемiн тегiн алуға хақылы» делінген. Демек, сіз онсыз да тегін медициналық көмек ала аласыз. Бірақ МӘМС енгізілгеннен кейін заңға қарама-қайшылық туындады. Мысалы сақтандырылмаған болсаң ешқандай аурухана қарамайды. Сонда біздегі Заң үстемдігі қайда қалды? 29 баптың «медици-налық көмектiң көлемiн тегiн алуға хақылы» деген сөздің күші қайда? Одан кейін, жұмыссыздық деңгейі артты деп жатырмыз. Жұмыссыз адам МӘМС-тің жарнасын қалай төлейді. Тіпті бәрін қойғанда, бұл ақылы жүйе мықты болса неге ең үлкен операцияларды тегін жасамайды? Мен өзім МӘМС төлемеймін. Егер бұл дұрыс емес дейтін адам болса, тиімді тұсын көрсетіп, дәлелдеп берсін – дейді Түркістан қалалық депутаты.

МӘМС жүйесіне қатысты шағым білдіретіндер қатары мұнымен бітпейді. Әрбір екінші адам ауруханадағы кезек пен қызметтің қиындап кеткенін айтып шағымданады. Жоғарыда депутат көтерген 29 баптың негізгі күшіне оралсақ. Мысалы Заңда «Республика азаматтары заңмен белгiленген кепiлдi медициналық көмектiң көлемiн тегiн алуға хақылы» деген тармақ бар. МӘМС жүйесі енгенге дейін тек ТМККК яғни, тегін мемлекеттік көмектің кепілді көлемі жұмыс істеді. Кепілдендірілген тегін көмек (ТМККК) пакеті ең минималды стандарттардан тұрады. Оған қандай қызметтер кіреді? Дәрігерлік көмекті қажет ететін шұғыл жағдайларда көмек көрсету, жедел жәрдем, санитарлық авиация, бірқатар созылмалы ауруларды динамикалық бақылау, шұғыл жағдайда стационарда емдеу осы пакет шеңберінде жүзеге асырылады.

Мұны барлық азаматтар, сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамай пайдалана алады. Ал көмектің екінші деңгейі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті. Бағасы қымбат болып келетін операциялар, сирек медициналық қызмет түрлері, салалық мамандардың қабылдауы сынды т.б. қызметтер кіретін МӘМС пакетін сақтандырылғандар пайдалана алады. МӘМС пакетіне табысы орташа азаматтардың қалтасы көтере бермейтін: МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-анализ сынды қызметтер де енгізілді. Сондай-ақ, кепілдендірілген тегін көмек пакетіне енбеген сырқаттарға шалдыққан жағдайда стационарды алмастыра-тын көмек пен жоспарлы стационарлық көмек те МӘМС пакеті шеңберінде көрсетіледі.

Ал, енді мына қызыққа қараңыз. Жоғарыда екі түрлі жүйенің айырмашылығын тарқатып айттық. Демек, МӘМС пайдасы – халыққа қолжетімсіз болып келген медициналық қызмет түрлерін оңай алуға көмектеседі екен. Алайда қарапайым халықтың айтар уәжі басқа. Олар МӘМС-тің ешқандай пайдасы жоқ деп шағымданады. Мәселен Нұрсұлтан Қаражан есімді азамат МӘМС жүйесі енгеннен бастап емханаға кіру мұңға айналды дейді.

-Өз басым міндетті әлеуметтік сақтандыру жарнасын төлеп отырсам да әлі толық игілігін көрмедім. Жергілікті мекенжай бойынша емханадағы дәрігерлерге қаралудан қалдық. Барсаң атүсті қарай салады. Мүмкіндік болса жеке емханаларға баруға тырысамын. Менің түсінбейтінім, анализ тапсыратын болсақ та, неге терапевтің «батасын» алуымыз керек? Терапевке жазылып кезек күткенше, емханада отырған дәрігердің анализ тапсыруға берген сілтемесімен неге тапсыра бермейміз? Екінші мәселе, тіркелген емханада кей анализдер жоқ. Оны да ақылы түрде тапсыруға тура келеді. Ақыры сақтандыру жарнасын алған екен, неге барлық талдау жасайтын лабораториялар-мен келісімшартқа отырмаған? Емделмей жатып шығынға батып жатырмыз. «МӘМС жүйесі іске қосылды, пайдалы» деп жаһанға жар саламыз, алайда нәтиже жоқ. Салыстырмалы түрде ешқандай өзгеріс жоқ. Қоғамдық емханалардың сервистерін жетілдіру керек. Мысалы бұрын тегін қаралсақ та дәл сол жағдай, ақша аударып сақтандырылсақ та сол жартас. Қарапайым анализді тегін тапсыра алмасақ, мұндай жүйенің не қажеті бар?– дейді, Нұрсұлтан Қаражан.

ДЕРЕКТЕРГЕ КЕЗЕК БЕРСЕК

Медициналық сақтандыру қорының дерегіне сүйенер болсақ, өткен жылы консультациялық-диагностикалық қызметтер саны 6 есе өскен. Оның ішінде, диагностика, зертханалық талдау қызметтері көрсетілген. Сондай-ақ, медициналық оңалту шараларын қаржыландыру 7 есеге өскен. Тіпті медициналық ұйымдар технологиялармен жабдықталып, 400 мыңға жуық жоспарлы операция жасалынған. Сонда жоғарыда айтылған халықтың шағымы жалған ба, әлде, ресми деректерде шикілік бар ма? Ал бұл мәселеге байланысты, Түркістан облысы бойынша, медициналық сақтандыру қорының бөлім басшысы Лаура Сапарбекова барынша тиімді шешім қарастыруға ықпал жасалғанын алға тартады.

-Қор медициналық қызметтерді қаржыландыру бойынша өз міндетте-мелерін тұрақты орындағанына қара-мастан, пациенттерге көрсетілетін медициналық қызметтерге қатысты мәселелер туындайтыны белгілі. Бұл мәселелер денсаулық сақтау жүйесінің барлық қатысушыларымен бірлесіп, тиісті шешімін табуға ықпал жасалып келеді – дейді ол.

Сақтандыру жүйесіндегі қолайсыздықтың бар екенін арнайы маман өкілдері де растап отыр. Мысалы өңірде 2 млн 20 мың 699 адам бар. Түркістан облысы бойынша, медициналық сақтандыру қорының нақты деректеріне сүйенсек, оның 1 млн 600-ден астамы сақтандырылған. Бұл көрсеткіш облыс халқының 81 пайызын құрайды екен. МӘМС жүйесінің енгеніне 3 жылдан асты. Ал қалған 19 пайыз халық қайда? Мәселен 2022 жылдың соңғы төрт айлық көрсеткішіне үңілер болсақ сақтандыру дерегінің мүлде өспегенін, тым құрығанда өзгермегенін байқаймыз.

ТҮЙІН

Демек, МӘМС жұрт үшін тек міндетті жүктеме болып тұр. Олай емес деп ақтап алайын десек, тым құрығанда, бір айда «сақтандырылған» дерегі артып не кемімеген? Ал арнайы маман өкілдері МӘМС жүйесіне халықтың әлі де болса толықтай қамтылмауы өзекті мәселеге айналып отырғанын айтады. Тіпті, халықтың көпшілігі бұл жүйеге әлі де күмәнмен қарайтыны жасырын емес. Кейбір жерлестеріміз мұны «бюджеттік қызметтегілерді» мәжбүрлеп, жарна ұстап, қаржылық қиындыққа тірейтін атқарушы биліктің кәдуілгі айла-шарғысы деп есептейді. Өйткені, «сен ауыр, ауырма, бірақ ай сайын табысыңның 2-3 пайызын қорға аудартып отыруы осыны айғақтайды» дегенді алға тартады. Бір қарағанда бұл да қисын емес секілді. Сонымен, МӘМС кімге пайдалы немесе кімдер «айла-шарғы» құрбаны? Сұрақ көп…

Ғ.БИСЕЙІТ.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*