Бүгінде ұлттық құндылығымыз – баға жетпес адам өмірін сақтауда, олардың толыққанды күшпен еңбек етіп, шығармашылықпен айналысуында, сондай-ақ қоғамның белсенді мүшесі болып табыла білуінде медицина қызметкерлерінің атқаратын істерінің маңызы зор деп білеміз. Алдағы маусым айының үшінші жексенбісі медицина саласы қызметкерлерінің төл мерекесі. Осыған орай, Сауран аудандық емханасының бас дәрігері Берденов Бекзат Тұрғанәліұлымен арнайы барып құттықтап, атқарылып жатқан жұмыстары бойынша сұхбаттасқан едік.
– Бекзат Тұрғанәліұлы, өзіңіздің еңбек жолыңыз туралы айтып өтсеңіз? Әңгімемізді осыдан бастасақ?
– Еңбек жолыма келетін болсам, 2004-2006 жылдар аралығында Халықаралық қазақ–түрік университетінің ІІ курс оқып жүрген сәтімде Кентау қалалық жедел медициналық жәрдем станциясында санитар болып жұмыс жасадым. Жоғарғы курстарда 2009-2011 жылдар аралығында Кентау медицина колледжінде оқытушы қызметін атқардым. 2010–2011 жылдары Түркістан қалалық жедел жәрдем санциясында жол бойы дәрігері, одан 2011 жылдың мауысым айынан – 2011 жылдың қараша айы аралығында бас дәрігердің орынбасары қызметінде болдым. 2011–2013 жылдары Түркістан қалалық емханасына қарасты Бабайқорған дәрігерлік амбулаториясы мен ауылдық ауруханасының басшысы қызметін атқардым. 2013-2014 жылдар аралығы Кентау қалалық жедел жәрдем станциясының басшысы, 2014-2021 жылдары Кентау қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары, 2021 облыстық арнайы медициналық жабдықтау базасының басшысы, 2021 жылдың соңынан Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының «Сауран аудандық емханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын басшысы қызметін атқарып келемін.
– Сауран ауданының тиісті аурухана, емханамен қамтылуы қай деңгейде? Жалпы, аудан бойынша қанша аурухана, емхана бар. Осы мекемелерде қанша денсаулық саласының қызметкерлері еңбек етуде?
– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында көптеген қадау-қадау мәселелерді көтеріп келеді. Халқымыздың «Бірінші байлық – денсаулық» деуін алға тартып, бүкіл әлемді дендеген індетпен күресуде медицина саласының қолға алып, онымен күресу шараларын жүргізгенінен хабарыңыз бар. Еліміздің барлық азаматтары басқа аймақтарға емделуге, соның ішінде ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтарға баруға, жоғары мамандандырылған көмек алуға, оның ішінде мамандандырылған медициналық көмек алуға мүмкіндік алды. Ал, медицина саласына келетін болсақ, Сауран ауданы бойынша – 2 емхана, 13 дәрігерлік амбулатория, 13 фельдшерлік акушерлік бекет, 4 медициналық бекет бар. Аудан бойынша денсаулық саласында жалпы саны – 801 қызметкер жұмыс жасайды.
– Қазіргі таңда ауданда тіркелген қанша науқас бар, олардың жасы туралы айтсаңыз? Жалпы, Сауран ауданындағы 12 ауылда тұратын тұрғындардың арасында қандай сырқат түрлері өршіп тұр?
– Сауран ауданы бойынша емханаға тіркелген халық саны – 82000. Тіркелген халық ішінен емханада диспансерлік бақылуда тұратын науқастар саны – 14617. Ауру түрлері бойынша тоқталатын болсам, туберкулез аурушаңдығы бойынша есепте тұратын науқастар саны – 26, вирустық инфекциялық аурулар жұқтыратын науқастар саны – 185, онкологиялық аурулар – 73, қан аурулары – 33, қан аздық – 1171, эндокриндік жүйке аурулары – 1230, орталық нерв жүйесі ауралары – 20, көз аурулары – 10, жүрек қан айналым жүйесі аурулары – 10068, жоғары тыныс жолдары және бронх-өкпе аурулары – 611, асқорыту ағзаларының аурулары – 862, тері аурулары – 16, омыртқа, сүйек буын аурулары – 292, несеп шығару ағзаларының аурулары – 623, туа біткен ақаумен ауыратын науқастар – 167, жарақаттан кейінгі тірек қимыл жүйесі аурулары – 6, көптік жарақатымен сырқаттанатындар психикалық ауытқуы бар науқастар – 479 құрайды. Аталмыш науқастармен жұмыс жүргізіп келеміз. Тұрақты біздің бақылауымызда.
– Дәрігерлердің қызметін сапалы ету мақсатында оларға қандай қолдаулар көрсетілуде?
– Дәрігерлердің науқастарды қабылдауын және қызмет сапасын арттыру мақсатында ақпараттық жүйелермен тиімді жұмыс жасау үшін интернет жылдамдығын көбейтіп, компьютерлермен қамтамасыз етуге жұмыс жасаудамыз. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында апта сайын ішінара семинар сабақтары өтіп келеді. Бұнымен қоса, республикалық маңызы бар қалаларға оқуға жіберу жоспарлануда. Жыл соңына дейін 61 маманды оқытуға жоспар жасалып қойды.
– «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша медицина саласында жұмыспен қамтылған жас мамандар бар ма?
– «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында Сауран аудандық емханасына жұмысқа мамандар әзірге келген жоқ. Алайда, осы жылда оқу бітіретін жас мамандарды міндетті түрде ауданға тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
– Балалар арасында қандай ауру түрлері белең алып отыр? Ана мен баланы қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы қалай жүзеге асырылуда?
– Ана мен бала денсаулығын қорғау мақсатында фертильды жастағы яғни 15-49 жас аралығындағы әйелдердің денсаулығын қадағалап, профилактикалық қарап тексерулер жоспар бойынша орындалуда. Анықталған сырқаттары бойынша диспансерлік есепке алынып, емдік шаралар жүргізілуде. Аудан бойынша, құрылымдық бөлімшелерде ана мен бала денсаулығы мен жанұяны жоспарлау мектептері жұмыс жасауда.
– Ауданда медбикелердің қамтылуы қай деңгейде?
– Сауран аудандық емханасында орта буын қызметкерлерімен толық қамтылған.
– Мемлекеттік дәрігерлік мекемелерден тыс жекеменшік отбасылық амбулаториялар бар ма?
– Сауран ауданына қарасты Ескі Икан ауылында «Авицена» отбасылық жекеменшік амбулатория қызмет жасап келеді.
– Дәрігерлердің біліктілігін көтеру мәселесі қалай жүзеге асырылуда?
– Дәрігерлердің біліктілігі біздің басты назарымызда. Себебі, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік қызметтің жүзеге асуында бірінші орында дәрігерлеріміздің біліктілігінің маңызы өте үлкен. Осы орайда, дәрігерлердің біліктілігін арттыру бойынша мемлекеттен арнайы қаржы қаралған, біз өзіміздің тарапымыздан жоспарланған оқулардың толық орындалуын, дәрігерлеріміз сапалы білім ордаларында білім алып, тәжірибе алмасуын қадағалаймыз. Сонымен қатар, резидентура оқуына оқыту бойынша дәрігерлерімізді жоспарлап отырмыз.
– Бекзат Тұрғанәліұлы өзіңізді қандай өзекті мәселелер толғандырады?
– Өздеріңізге мәлім, емханамыз енді алғашқы қадамдарын басып келе жатқан емхана, небәрі төрт ай көлемінде дербес мекеме ретінде жұмысын жасап келеді. Сондықтан проблемалар көп, оның негізгілерін айтатын болсам: Ауданға жаңа, заманауи құралдармен жабдықталған, барлық жаңа технологияларды қолдануға мүмкіндігі бар 200 төсек орындық, ауысымына 500 адам қабылдайтын аудандық аурухана ғимараты қажет. Осы мәселемен бірге медициналық техника мәселесі, дәрігерлер қабылдайтын бөлмелер мәселесі шешілер еді. Себебі, осының барлығы толық жиынтық болып келеді.
Дегенмен Сауран ауданы халқының несібесіне облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимовтың қолдауымен 200 төсек орындық, құрамында босану бөлімшесі бар, жансақтау және хирургиялық, терапиялық профильдері бар аурухана мен ауысымына 500 адам қабылдайтын барлық талаптарға сай келетін көпсалалы заманауи жаңа аудандық аурухана құрылысының сметасы әзірлену үстінде. Құрылыс шамамен 2024 жылы аяқталу жоспарланып отыр. Аталған аурухана жобасы өз мәресіне жеткен соң, халқымыз ешбір жекеменшік немесе өзге қаладағы емдеу мекемелерін іздемей, өзіміздің өңірдегі ауруханамыздан денсаулық сақтау саласындағы мамандандырылғын, арнайы мамандандырылған, әлеуметтік-психологиялық және басқа да көптеген мемлекеттік қызметтерді ала алады.
Сонымен қатар, арнайы буынды дәрігерлер жетіспейді, Дегенмен оның орны біртіндеп толықтырылуда, бірақ әлі де «невропатолог, хирург, травматолог, сәулелі диагностика маманы (дәрігер рентгенолог), офтольмолог, отоларинголог» мамандары қажет. Осы мамандарды ауданға тарту, оларға әкімшілік тарапынан қызметтік үй қарастыру кезек күттірмейтін мәселе болып отыр.
– Дәрігер ретінде тұрғындарға қандай кеңес айтар едіңіз?
– Дәрігер ретінде айтарым, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей салауатты өмір салтын ұстану, ол дегеніміз дұрыс тамақтану, белсенді дене қимылы. Скринингтік тексерулерге емханаға келу. Қандайда бір денсаулық жөнінде шағым болса дәрігерге келіп қаралу қажет екенін аудан тұрғындарының назарына саламын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Қ.ТАСЫБАЕВ.