Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Көкейтесті » Бала тілінің кеш дамуы себептері мен салдарлары

Бала тілінің кеш дамуы себептері мен салдарлары

Бүгінде елімізде көптеген баланың қазаққа тән «қ», «ң» сынды әріптерді дыбыстай алмай, оны «к», «н» әріптерімен алмастырып айтатынын байқап жүрміз. Мәселен, «жанағы, аншы, танертен, калам, кулак, кашан, канша» деп айтатын балақайлар көп-ақ. Бір қызығы, осы әріптерді дұрыс айта алмайтын бала немесе ересек адамның дұрыс жаза алмайтындығына да куә болудамыз. Бұдан басқа да «ө», «ұ», «ү», «і» сынды әріптерді де дұрыс дыбыстай алмай, оның орнына «у», «и» әріптерін қолданатындар да бар. Бір қарағанда, бұл сондайлық үлкен мәселе болып көрінбегенімен, кейінгі уақытта тіл мүкістігі жаппай етек алып бара жатқандықтан дабыл қағарлық жайт деп топшылауға толық негіз бар.

Балабақша, мектепке барсаңыз да бұл мәселемен бетпе-бет келесіз. Оның дәлелі бүгінде білім ошақтары мен балаларға арнаулы сабақ беретін мектеп-интернаттарда тіл кемістігін түзейтін логопед, дефектолог мамандарға деген сұраныстың артуы. Бұрын білім ошақтарында логопед мамандар жұмыс істейді дегенді естімеуші едік. Өйткені, оған аса қажеттілік болған жоқ. Бүгінде логопед маманын екінің бірі біледі. Тіпті, логопедиялық балабақшалар да бар. Оған да кезекке тұратындар жетерлік. Осы тұста «Неге тіл мүкістігі бар балалар сонша көбейіп барады?» деген сұрақ туады. Бірнеше әріпті дұрыс айта алмай әлекке түсетін жастар аз емес.

Байқасаңыз, соңғы уақытта теледидардан сөйлеп жатқан кейбір жас тілшілер де «ң», «қ» әріптерін айта алмайды. Бұл шындығында тіл мүкістігі ме, әлде, осылай сөйлейтіндерге еліктеушілік пе? Кейбіреулер мұны ерекшелік көріп, осылай сөйлейтіндерге еліктейтін сияқты. Мәселен, орыс тілділер немесе басқа ұлт өкілдері жастайынан қазақша тіл сындырмағандықтан кейбір әріптерді дұрыс айта алмайды. Бұл да әр нәрсеге еліктегіш қазақ жастарына сіңісті болғандай. «Жаман әдет жұғысты болып келеді» демекші, көргенін жас балалар да қайталауда.

«Бала тілі – бал» деп бекер айтылмаған. Кішкентай бала­ның тілі енді шығып, былдырағанда қызық көріп сөйлететініміз бар. Алайда соңғы кездері баланың тілі кеш шығуы жиілеп барады. Бұған денсаулық сақтау саласының мамандары да алаңдаушылық білдіріп отыр. Әлбетте, баланың сөйлеу қабілетіне кері әсер етіп, оны бұзатын себептер көп. Бала құрсақта жатқанда анасының жиі ауруы, ұзақ уақыт емізік емген бала таңдайының дұрыс қалыптаспауы, қорқып секем алудан тұтығу пайда болуы секілді себептер тізіледі.

Солардың ішінде баланың тілі ерте шығуына ата-ананың тәрбиесі  маңызды рөл атқарады. Мәселен, Масару Ибуканың «3 жастан кейін кеш қалдыңыз» кітабында жақсы мысал келтірген. Онда бір отбасының тұңғышы олар жас, үйлері тар кезде өмірге келеді. Сондықтан ата-анасы баланың қасынан әркез табылып, үнемі сөйлесіп отыруды дағдыға айналдырады. Айналада болып жатқан барлық дыбыстарды, әңгімені естіп үйренген бала  тілі тез шығып, өсе келе сөзшең, ашық, ойын жақсы жеткізе алатын болады. Ал, бірнеше жылдан кейін екінші сәби өмірге келеді. Қарындасына ата-анасы бөлек бөлме дайындап, тыныш, түрлі дыбыстардан аулақ жерде өсіреді. Қыздың өсе келе мінезі тұйықталып, көп сөйлемейді. Бұл баланың дүниеге келген күннен бастап түрлі дыбыстарды, адамдардың дауысын, сөйлеген сөздерін, әңгімесін естіп өсуі керектігін дәлелдейді. Бастапқыда бала тек ғана есту арқылы айналаны қабылдап, сөйлемесе де өзінің түсініп жатқанын ым-ишарамен білдіреді. Сол себепті кішкентай кезінен тілді және тіл ерекшеліктерін айыра білу қабілеті дамиды. Кезінде саяхатшы А.Янушкевич «Қазақтың 3-4  жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі» деген екен. Тарихқа зер салатын болсақ, жастарға үлкен сенім артқан Мағжан Жұмабаев атамыздың  тілі ерте шығып, төрт жасында хат таныған.  Баланың тілі ерте шығу үшін ата-бабамыз түрлі ырымдар да жасаған. Ал қазір 3-4 жасар балғындардың көпшілігінің тілі анық емес. Мұны күнделікті ортада да аңғарып жүрміз.

Отбасында орысша сөйлесу де баланың қазақша әріптерді дұрыс айта алмауына әкеліп соқтырады. Өзге тілде сөйлеп үйренген бала қазақ балабақшасы немесе мектебіне барғанда аталған мәселемен бетпе-бет келеді. Бірақ, бұл орыс тілінде сөйлейтіндерге ғана қатысты деп айта алмаймыз. Қазір тілі қазақша шыққан ауыл балалары да «ң» әрпін айтуда қиындықтарға кезігуде. Мұның шешімін іздеп, баласының болашағына, дұрыс сөйлеуіне алаңдайтын ата-ана маманның көмегіне жүгінуді жөн санайды. Сондықтан да жақсы логопедті шамшырақ алып іздейді. Логопед әр баламен жеке жұмыс істеп, әріптерді дұрыс айтуына көмектеседі.

Дефектолог маманы балалардың қазақ әріптерін айта алмауының себебін былайша түсіндірді. – Ең басты мәселе, баланың орысша араластырып сөйлеуінде. Яғни, енді ғана тіл меңгеріп келе жатқан бала ұқсас әріптерді айыра алмай қиналады. Мысалға, бала мектепте қазақша оқығанымен үйіне барғанда орысша сөйлесуі мүмкін. Немесе оның сөйлесетін ортасы орыс тілді. Кейбір ата-аналар балаларын балабақшаға орыс тобына береді, ал мектепке қазақ сыныбына. Содан бала шатасады, «н» мен «ң»-ды ажырата алмайды, қазақ тіліне тән дыбыстарды айта алмайды. Балалар орысша ойлап тұрады, оны қазақша жеткізе алмайды және олардың оқу мәнерінде орысша акцент бар. Баланың сөйлеу тілі, дыбыстауы дұрыс қалыптасуы үшін балабақша, бастауыш сыныптан бастап ұ, ү, і, ө, ң деген әріптерді жиі қайталатып, айтқызып, санасына тоқуымыз керек, – дейді.

Ал «Баланың тілі дұрыс шығу үшін ата-аналарға қандай кеңес айтасыз?» деген сауалымызға: «Баланың тілі тез және дұрыс шығуы үшін үлкендер әр қимылын, ойын дауыстап айтып түсіндіріп отыруы керек. Балаларға көбіне үлкендердің әңгімелесіп, тілдесуі жетіспейді. Сәби керек нәрсесін қолмен көрсетсе немесе ымдаса ата-анасы бірден оны қолына ұстатады. Енді түк қиналмастан қажеті өтеліп жатса бала сөйлеп қиналып қайтсін? Сол үшін сұрақтар қою арқылы сөзге тарту керек. Бұл баланың сөздік қорын молайтудың бір жолы. Ұсақ моториканы дамыту жағын естен шығармаған жөн. Саусақты қимылдату мидағы сөйлеу функциясына жауапты тітіркендіреді. Қазіргі таңда тілі кеш шығатын немесе әріптерді анық айта алмайтын балалар өте көп. Осындай мәселемен келетін ата-ана да жетерлік. Басында ата-анасы баласының дұрыс сөйлемеуін еркелік деп ойлап, көп уақытын өткізіп алады. Кейбірі әкесі бала кезінде кеш сөйлегендіктен тұқымнан деп топшылайды. Бұл қате түсінік. Мектепке барғанға дейін бала дұрыс сөйлемесе ата-ана дабыл қаққаны жөн», – деген жауап қатты.

Маманның айтуынша, сөйлеу тілі дұрыс дамымаған балалармен жұмыс жүргізуде әртүрлі әдістер мен тәсілдерді қолдануға болады. Соның бірі – артикуляциялық жаттығу. Ол дегеніміз – сөйлеу тілі аппаратының бұлшық еттерін шынықтыратын, оның мүшелерінің қимыл-қозғалыстарын қалыптастыратын және нығайтып, жетілдіретін арнайы іріктеліп алынған жаттығулар болып табылады. Сонымен қатар түзеу жұмысында белсенді қолданылатын логопедиялық массаж және өзін-өзі уқалауға үйрету артикуляциялық бұлшық еттердің тонусын тез қалпына келтіруге және үйлесімді артикуляциялық қимылдарды қалыптастыруға ықпал етеді. Тыныс алу жаттығуларының да берері мол. Тыныс шығару, үзіліс және тыныс. Бұл жаттығуларды логоневрозы бар балаларға  жасатқан дұрыс.

Дидактикалық ойындардың да көмегі зор. Дидактикалық ойындардың міндеті – балалардың бағытталған және ортақ іс-әрекетін ұйымдастыру. Бұл ойын барысында бала еш мәжбүрсіз, байқамастан қажетті білім алады. Балалар ойын тапсырмаларына қызыға көңіл бөледі. Табу, айту, атау, ойын тапсырмасын дұрыс шешуге көңіл бөледі. Логопедиялық сабақтардағы дидактикалық ойын барысында балалар асықпай сөйлеуді үйренеді, дыбысты айтуы шыңдалады, сөздік қоры молаяды. Есту зейіні мен фонематикалық естуін дамыту үшін музыкалық дидактикалық, қимылдық ойындардың да маңызы зор.

Жалпы бала 6 жасқа дейін барлық әріпті толық айтуы тиіс. Сөйлеуінде кедергі, ақауы бар балаларды 3-сыныпқа дейін логопед мамандарға көрсетсе, түзеліп кетеді. Ал логопедтің жұмысынан кейін де әріптері дұрыс болмаса, ол баланы сөйлеу кемістіктерін түзейтін арнайы мектептерге берген жөн. Болашағымыз балалардың дұрыс сөйлеуін, жалпы тіліміздің қалыптасуын ойласақ, аталмыш мәселеге тереңірек мән беріп, сәби тілінің кішкентай кезінен анық болуын қадағалаған абзал.

Осы тұста бала тілінің кеш шығуына түрткі болатын тағы бір жай бар. Ол – бөтелке мен емізік.   Бала өмірге келгеннен кейін тыныш, жуас болады деп аузына емізік саламыз. Осылай құр резеңкені баланың аузына салып, сақау, кекеш болуына өзіміз ықпал етеміз. Бұрынғы ата-бабамыз емізіктің не екенін білмеді. Оның орнына шақалақ сәл өскеннен кейін қойдың құйрығын сорғызатын болған. Ол бір жағынан денсаулыққа пайдалы. Ал зерттеулердің нәтижесіне сүйенсек, жаңа туған нәрестенің емізік емуі мен саусағын сор­уы оның ақыл-есінің дамуына көмектеседі. Алайда, емізікті ұзақ уақыт қолдануға болмайды. Кемі бала алты айдан асқан соң оны қолданудан бас тарту керек.  Емізіктің көп емудің салдарынан баланың ауыз қуысының дәмі өзгеріп, дұрыс тамақтануына зиян келтіреді. Алғашқы сүт тіс­тері шыққан кезде жайсыздық туғызады. Емізікпен қатар балаға қосымша сұйық тамақ­тарды бөтелкемен беріп оған да бой үйретеміз. Ақырында бала ес білгенше бөтелкемен тамақ ішуді әдетке айналдырады.

Тіпті кейде бала  сұрақты көп қойып жатады. Ал, оған сабырлық пен байыппен жауап берудің орнына дүрсе қоя беретініміз жасырын емес. Балаға бала тілімен сөйлеп жатамыз. Мамандардың айтуынша, ата-ана баласына анық, түсінікті етіп жауап беруі керек. Сонда бала сөзді дұрыс айта біледі.

Жалпы, бала алты айлық кезінен бастап  уілдесе, 3 жасқа дейін сөздерді анық айтып, одан жоғары жаста сөйлем құрап, ойын жеткізеді. Сондықтан бала тілі шыққанда аса мән беріңіз. Тек уақыт өткізіп, қолыңызды мезгілінен кеш сермеп қалма­саңыз болғаны…

Тағы бір әсер ететін фактор – жүйке жүйесінің зақымдануы, яғни, бала кішкене кезінде қатты қорықса, шошынса да сөйлеу кезінде қиналады. Бұдан басқа анасының жүктілік кезінде жұқтырған түрлі вирустары немесе сәби кезінде дұрыс салынбаған екпелер, экологиялық проблемалар – бәрі де әсер етеді. Кейде ата-аналар «Баламен жұмыс істеуді қашан бастау керек?» деп сұрап жатады. Баламен сөйлесуді, жаттығуды кішкентай кезінен бастаған дұрыс. Ата-аналардың қателігі 3 жасқа дейін баласы сөйлемесе оны қалыпты жағдай деп қабылдайды. Ерте жастан маманға қаратса, соғұрлым нәтижесі де жақсы болады.

Бала дұрыс сөйлеп қалыптасу үшін ұсақ моториканы дамыту керек. Ғалымдар дәлеліне қарағанда, ағзадағы барлық қозғалысқа жауап беретін ми қыртыстарының үштен бір бөлігі жүйке нүктелерінің кескіні алақан мен саусақтарда орналасқан. Сондықтан зерттеушілер алақанды «екінші тіл» деп те атаған, яғни, екі алақан мен саусақтардың ұсақ моторикасын дамыту арқылы баланың есте сақтау, ойлау, пайымдау, зейін салу, сөйлеу сияқты қабілеттерін жақсарта аламыз. Ал оны дамытуды 8 айлығынан бастаған дұрыс.

– Қазіргі ата-аналардың баласымен сөйлесуге уақыты жоқ. Әңгіме-ертегі, өлең оқып беретін әжелер жоқтың қасы, бұрынғы қуырмаштар айтылмайды. Бұның бәрі балаға қажет. Бесік жыры, ертегілер, қуырмаш, тіпті асық ойындары балалардың дамуы үшін ойлап табылған. Қазір балаға телефон беріп, теледидардың алдына телміртіп қояды. Уақытын алып, жыламаса болды. Байқасаңыздар, қазақ ертегілеріндегі кейіпкерлерден гөрі қазіргі балалар аюы бар Машаны, сап-сары Спэнж Бобты жақсы таниды. Сол үшін де қоғамымызда бір-бірін түсіне алмайтындар көбейіп келеді, – дейді логопед маман.

Ата-аналар логопедтің кабинетінен баласын алып шыққан соң үйде баламен белгілі бір уақытта ғана сөйлеседі. Бұл дұрыс емес. Барлық уақытыңызды баламен қарым-қатынасқа бөліңіздер. Оларды тыңдаңыз, сөйлесіңіз. Ойын ойнатып, сол арқылы баламен қарым-қатынас жасау тиімді. Белгілі бір ережелерге салудың қажеті жоқ. Мысалы, балаға анасы күні бойы ертегі айтса бұл пайдалы болар еді. Ертегіні тыңдаған кезде баланың ой-өрісі дамиды, көз алдына елестетеді.

Логопед маман бала тілінің кеш шығуына смартфон кері әсер етіп отырғанын жасырмады.

– Балаға смартфон ұстатып қояды. Тіпті обал, оның көзіне, денсаулығына қанша зиян келіп жатыр. Зейіннің тұрақсыздығы, баланың бір орында отыра алмауы, смартфон берсең ғана тынышталуы, бермесең тамақ ішпеуі тәуелді екенін көрсетеді. Тәуелділік мидағы ақпаратты қабылдау, сигнал беру процесінің бұғатталуына алып келеді. Робот сияқты естіген нәрсесін «yellow», «red» деп айтады, бірақ қазақ тілінде оның сары және қызыл түстер екенін білмейді. Орысша мультфильм көрген баланың тілі орысша шығады. Бастапқыда ата-анасы баласының орысша сөйлегеніне мәз болуы мүмкін. Қиындық мектепке баратын кезде басталады. Баласын қазақ сыныбына берейін десе, баласы қазақша білмейді, орыс сыныбына берейін десе, ата-ананың өзі орысшадан қиналады. Міне, бір смартфонның зияны адамға осылай әсер етіп отыр, – деді.

Баласын емдетуге жағдайы келмесе үйде жасалатын әртүрлі жаттығулар бар. Айталық, «YouТube» каналында «Сергіту сәті» секілді балаларға арналған бағдарлама жүктелген. Қазақ тіліндегі логикалық жаттығулардың көмегі көп. Сол арқылы оның тілі жаттығады. Үй ішінде жаңылтпаштар, әдемі сөздер айтып отыру қажет деген кеңес береді мамандар.

Ертеден келе жатқан түрлі ырымдарды жасағаннан гөрі арнайы мамандардың медициналық көмегіне жүгінген жөн. Өйткені, сөйлеу тікелей мидың қызметіне байланысты. Олай болса, баланың былдырлаған таза тілін тұншықтырып, үйде өзге тілде сөйлесіп, бұзып алмаңыз.

Балаңыз неге сөйлемейді?
Бала тілінің дамуы күрделі процесс екендігі белгілі.Күнделікті тәжірибемізден көріп жүргеніміздей, соңғы уақытта бала тілінің кеш шығуы көп кездеседі. Бұл жағдайға мән беріп, дер кезінде мамандардан кеңес алып отыратын ата- аналар да бар, керісінше 4-5 жасқа дейін «өзі шығады » деп күтіп,баланы психикалық даму тежеулігіне жеткізетіндері де бар.

Өйткені сөйлеу әрекеті де адамның еске сақтау, зейіні, ойлау қабілеті сияқты жоғарғы психикалық функциясы қатарына жататындығын ұмытпауымыз керек. Аты аталған психикалық процестердің біреуі бұзылса, оның кері әсері де басқа процестерінен көрініп отырады. Осыған байланысты сіздің балаңыздың дамуына кері ықпал ететін факторлерге тоқталғым келеді. Ең алдымен баланың ортасы, яғни ата-анасымен, үйдің үлкендерімен, құрдастарымен байланысы әсер етеді.

Байқап жүргеніміздей қайсыбір ата-аналар баланың жетілуіне өздерінің тікелей әсері барлығын жете түсінбейді, эмоциялық қарым- қатынасқа түспейді. Баланы еркелету,бірге ойнау, жас ерекшелігіне байланысты ойыншықтар алып беру сияқты бала үшін маңызды қажеттіліктерді ескермейді. Жүктілік кезіндегі инфекциялық аурулармен ауыру да, қан аздылық, бүйрек жұмысының бұзылысы, жүрек ақаулығы сияқты факторлер де жатырдағы нәрестеге әсер етпей қоймайды.

Ата-ананың ішімдікті беріле ішуі де аномальді баланың дүниеге келуіне себепші болады. Босану кезіндегі нәрестенің ми жарақаты, миға оттегінің жетпеуі сияқты жәйларда кері әсерін тигізеді.
Енді 3 жасқа дейін баланың уақытында тілінің шықпауы Асфиксия: ағзада көміртегі газының молайып, қанға оттегінің жетіспеуі. Асфиксия ауыр жүктілік немесе босану кезінде пайда болады.Оған себеп жатырдағы нәрестенің мойнына кіндіктің оралуы, босану кезінде көп қан кету. Асфиксиямен туылған балалар бірдедауыс шығармайды. Асфиксия ның ауыр және жеңіл түрі болады. Бірақ қай түрі де нәрестенің жүйке жүйесінің қызметінің әлсізденуіне әкеп соқтырады. Мысалы жеңіл түрінде асфиксия алған балада мектепке дейін жүйке және психикалық дамуы жақсы болғанмен, мектепке барған соң , сол уақыттан бастап басы айналу, тез шаршағыштық, ашуланшақ болу, еске сақтау және зейінінің нашар болуы, мектеп бағдарламасын меңгермеу сияқты шағымдар айтылады. Бұл жағдайда баланы алдымен невропатолог дәрігерге көрсету керек.

Босану кезіндегі бас сүйектің ішкі жарақаты: мұндай жағдайда миға қанқұйылу салдарынан, мидың қанайналу жұмысы бұзылады. Жарақат көбіне әйел адамның аяғы ауыр кезінде жүктіліктің ауыр өтуі себебінен болады. Сондықтан да дәрігерлер кесарево арқылы босандыру әдісін ұсынады. Бірақ бұл әдістің де жағымсыз жақтары бар.

Зейіні тұрақсыз, өте жыбырлақ, әр түрлі тіл кемістіктері бар балалар тәжірибемізден көріп жүргеніміздей осы кесерево арқылы дүниеге келген балалар арасынан кездеседі. Бас сүйегі ішіндегі жарақатпен дүниеге келген нәресте арасында нерв жүйесінің, психикалық дамуының кеш дамуы, сол сияқты орталық нерв жүйесінің зақымдануының ауыр түрі – балалар сал ауруы кездеседі. Невропатолог дәрігерлер психомоторлы дамуында ауытқушылығы бар балаларға « перинатальді энцефалопатия» деген сараптама (диагноз) қойып жатады. Бұл да баланың сөйлеу функциясының дамуына кері ықпалын тигізеді. Енді қысқаша осы сараптамаға тоқталайық. « Перинатальді энцефалопатия» — бұл жүктілік кезіндегі, босану барысында немесе туылғаннан кейін нәресте миының зақымдалуына байланысты орталық нерв жүйесінің бұзылуы. « Энцефалопатия» термині – мидың зақымдалуы мағынасын білдіреді. Ал « перинатальді » деп босануға жақын не босану барысында деген мағынаны білдіреді.

Перинатальді энцефалопатия кезіндегі мидың жарақаты әр түрлі дәрежеде болады. Ол жаңа туған нәрестеде швед дәрігері В.Апгар ұсынған 10 балдық жүйемен анықталады. Энцефалопатиямен туылған нәрестеде бұл бал төмен болады. Сондықтан да невропатолог дәрігердің бақылауында болған дұрыс. 1 жастан кейін дәрігер есептен шығарып тастағанмен, баланың дамуына мән беріп , шамадан тыс талап қоюдың орнына, шыдамдылық таныту керек. Жоғарыдағы аты аталған ауытқушылықтар шала туған балаға ерекше әсер етеді. Шала туылған бала деп 38 аптаға жетпей, 2500 грамм салмақпен туылған балалар. Уақытынан бұрын ананың босануы түрлі факторлер әсер етеді: хроникалық , эндокринді аурулығына, стресске ұшырауына байланысты . Ата-аналар баланың даму сатысын біліп отырғаны абзал.

Мысалы қашан гуілдейді, былдырлайды, ойыншыққа назар аударуы, үй- ішін тануы, басын ұстауы, отыру, жүруі, сөйлеуі т.б. Қимыл- қозғалыс, сөйлеу және психикалық дамуында баланың сәл ауытқушылық байқалса уақыт оздырмай маман- дәрігерлерден кеңес алуы керек. Тілінің дамуында тежеліс немесе сөйлеу белсенділігінің жоқтығы көп жағдайда қоршаған ортаның әсерінен болады.

Яғни, жанұядағы тынышсыздық,үлкендер тарапынан бала тәрбиесіне әр түрлі ықпал жасау . Сол сияқты шамадан тыс еркелету, өз тілегін сөзімен жеткіздіруге мүмкіндік жасамау. Ананың мейіріміне зәру бала да сөйлеуге ынтасы болмайды. Психикалық дамуында тежеулік бар, интеллектісі төмен балаларда да тілінің дамуында кешеуілдік болады. Олардың активті сөздік қоры ғана емес, қоршаған ортаны қабылдауы төмен . Мұндай балалар өте жыбырлақ, икемсіз, өздіктерінен ойнай алмайды, ортаға бейімделмейді.

Мұндай жағдайда тезірек дәрігерге көрсетіп, тиісті емдік шарасын алу керек. Баламен үнемі сөйлесіп отыру, қимыл- қозғалысын дамытып отыруды ұсынамыз.Ұсақ моторикасын ( қолының қимыл- қозғалысы) жетілдірудің маңызы зор. Қол бұлшық етінің икемсіз болуы да сөйлеу процесін тежейді. Сондықтан да уақыт оздырмай, баланың жан- жақты дамуына көңіл бөлген жөн.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*