Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Көкейтесті » Сүт безінің қатерлі ісігі

Сүт безінің қатерлі ісігі

Бұл дертке 55 жастан асқан әйелдер жиірек шалдығады. Бірақ соңғы кезде ауру «жасарып», 30-45 жас аралығындағы келіншектерден де анықталып жатыр.
Сүт безі қатерлі ісігіне жыл сайын шамамен 1 млн әйел ауырады және әр екінші әйел дер кезінде емделмеу салдарынан қайтыс болады. Қауіпті дертке кез-келген нәзік жанды шалдығуы мүмкін. Сондықтан, дәрігер кеңесіне сүйеніп, аурудың алдын алу жолдарын ұсынамыз.
Сүт безінің қатерлі ісігін не тудырады?
• сүт безінің жарақаты;
• дұрыс тамақтанбау;
• артық салмақ;
• темекі шегу және алкогольді ішімдік ішу;
• радиациялық әсер;
• тұқым қуалайтын фактор;
• кеш босану;
• жиі түсік жасату;
• Ұйқының бұзылуы;
• Жыныстық қатынастың тұрақсыздығы;
• етеккірдің ерте келуі (12 жасқа дейін) және етеккірдің кеш тоқтауы (55 жастан кейін);
• бастапқы бедеулік, бірінші баланы кеш босану (30 жастан кейін), лактацияның болмауы немесе бала емізудің қысқа уақыты, босанудан кейінгі мастит;
• етеккірдің ерте келуі (12 жасқа дейін) және етеккірдің кеш тоқтауы (55 жастан кейін).
Сүт безі қатерлі ісігінің белгілері:
• көкіректе түйін сезіледі;
• бір омырау екіншісінен үлкен болып, көлемі өзгереді;
• төс тығыздалып, белгісіз сұйықтықтың не ірің бөлінуі;
• тері түсінің өзгеруі (қызарып, солғын тартады);
• ісік үстіндегі теріде ойықтар мен қабықшалар пайда болады;
• сүт безіндегі ауырсыну (әсіресе, етеккір келгенде);
• қолтықтың маңайы тығыздалып, ісік пайда болады;
• қолда ісік пен ауырсыну білінеді (бір жағында);
• әлсіздік пайда болады, жүрек айнып, бас айналады.
Егер осындай белгілерді сезінсеңіз, бірден дабыл қағып, тұрғылықты жеріңіздегі маммолог, онколог, акушер-гинеколог және жалпы практика дәрігеріне қаралыңыз. Өйткені бұл ауруды асқындырып алсаңыз, ісік алғашқы кезеңнен төртінші сатыға дейін тез өтіп кетуі мүмкін. Төртінші кезеңде емделу екіталай.
«Бастапқы кезеңдерде аурудың белгілері байқалмайды, сондықтан оны адамдарға өздігінен анықтау қиын. Ісікті тек қана ультрадыбыстық және басқа құралдармен зерттеу арқылы тез табуға болады. 40 жасқа дейінгі әйелдерге УДЗ, ал жасы 40-тен жоғары әйелдерге рентгенологиялық маммография тағайындалады.
Сүт безі қатерлі ісігінің диагностикасы және оның кезеңін анықтау
Дәрігер қабылдау барысында науқастың шағымдарына зер салып, тексеру жүргізу керек. Тексеру кезінде омыраудың көлемі, пішіні, консистенциясы, сүт безінің тығыздығы, емшектегі бөліністер мен оның сипаты, теріні жара басу, ісік немесе қызаруға мән береді. Сүт безінде қандай да бір патологиялық өзгеріс анықталса, дәрігер науқасты қосымша тексеруге бағыттайды.
Диагностиканың негізгі әдісі – маммография. Сүт бездерінің бұл рентгтендік зерттеуі скринингтік тексеруді тез әрі қауіпсіз жүргізуге мүмкіндік береді. Маммография сүт безі қатерлі ісігін клиникалық симптомдар болмаған жағдайда ерте кезеңде анықтай алады және қатерлі ісік бар болса, ауруды растай алады. Бірқатар жағдайда науқасқа тамырішілік контрастпен сүт бездерінің МРТ тағайындалады. Көп жағдайда бұл мына кезде қажет болады:
• басқа тексерулердің екіұдай қорытындысы кезінде;
• омырау тінінің жоғары тығыздығы жағдайында;
• омырауда имплант болса;
• сүт безі қатерлі ісігінің тұқым қуалаушығы, сүт бездерінің үлесті обыры кезінде.
Кешенді тексеру нәтижелерін алғаннан кейін және сүт безіндегі ісік расталған соң биопсия жасау керек. Яғни морфологиялық және иммуногистохимиялық зерттеулер үшін ісіктің бір бөлігін алады. Бұл науқастың одан әрі емдеу тактикасын жоспарлау үшін қажет.
Ал обыр сатысын анықтау әр науқас үшін жеке-дара анықталады. Ол кезде қатерлі ісік көлемі, жақын орналасқан лимфа түйіндерінің метастаздармен зақымдалу көлемі, алыс орналасқан метастаздардың бар болуы есепке алынады.
Сүт безі обырынан сақтану жолдары
• Дұрыс тамақтану. Фастфуд, ащы, тұзды, майлы және қуырылған тағамдардан бас тартып, жеміс-жидек, көкөніс, белокқа бай тағамдарды тұтынған жөн. Сондай-ақ, құрамында пайдалы майлар, дәрумендер мен минералдары бар ас ішкен абзал;
• Уақытында бала туу. Кеш жүктілік кезінде сүт безі обырының қаупі бар. Аборттан аулақ болып, жүктілікті дұрыс жоспарлау керек;
• Таза ауада серуендеу;
• Физикалық белсенділікті арттыру;
• Дұрыс тынығу;
• Ұйқы режимін сақтау;
• Темекі мен алкогольді ішімдіктерден бас тарту;
• Менопауза кезінде гормональды препараттарды қабылдаудан бас тарту;
• Ыңғайлы төстартқыш кию;
• Кеудені өздігінен тексеру. Ай сайын етеккір циклі аяқталғаннан кейінгі бірінші аптада сүт бездерін қолмен ұстап, тексеру керек. Егер күмәнді қуыстар мен түйін, ісіктер байқасаңыз, маммологтың көмегіне жүгінуге болады.
Есіңізде болсын: сүт безі қатерлі ісігін ерте диагностикалау көп жағдайда сәтті емделуге және ұзақ өмір сүруге кепілдік береді. 40 жасқа дейінгі әйелдер жылына бір рет сүт бездеріне ультрадыбыстық тексеру жасатып, жамбас органдарын да бақылатып тұру керек.
Арыс аудандық ауруханасының ЗОЖ дәрігер М.Жұмаділла

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*