Егер сіздің көңіл-күйіңіз үнемі жабырқаулы болса, ешнәрсеге зауқыңыз соқпай күйзеліп жүрсеңіз, жаныңызға жақын жандарыңызбен қалай тіл табысуды білмесеңіз, күнделікті өмірдегі қиын да күрделі шешімді өздігіңізден қабылдай алмай дел-сал болып жүрсеңіз – онда уақыт өткізбей міндетті түрде психологқа қаралғаныңыз дұрыс. Ал, психолог деген кім, ол сізге қандай ақыл-кеңес бере алады? Қызметі қалай? Енді осы сауалдарға жауап іздеп көрейікші.
Психолог – психикалық бұзылыстардың диагностикасы, оның алдын алумен айналысатын дәрігер. Психикалық бұзылыс дегеніміз – денсаулықтың бұзылғаны. Ал, психикалық денсаулық – адамның өз потенциалын жүзеге асыра алатын, жай өмірлік күйзелісті жеңе білетін, тынымсыз еңбектенетін, сонымен қатар өзінің қоғамдық үлесін қоса алатын қолайлылық жағдай деп БДҰ анықтамасында айқын көрсетілген. Іс жүзінде психиатрлар анда-санда немесе тұрақты түрде шынайы өмірмен байланысы үзілген және өзіне немесе жанындағы адамдарға зиянын тигізуі мүмкін науқастармен жұмыс жасайды.
Әлеуметтік желіден алған осындай мәліметтермен қысқаша танысқан біз бұдан да толыққанды анықтама алу үшін ат басын Түлкібас аудандық орталық ауруханаға іргелес орналасқан емханаға арнайы бұрған едік. Көкейімізде емханада мұндай мамандық иелері бар ма, бар болса қазіргі таңда қандай жұмыстар атқарылып жатыр екен деген сауалдардың қылаң беріп тұрғаны да анық болатын. Шынында да жергілікті емханада біз іздеген жүйке ауруларын емдейтін бөлім бар болып шықты. Бұл жерде психиатр-дәрігер Светлана Адескенқызы Оспанова мен осы саланың мейірбикесі Роза Дәулетқызы Биешова біраз жылдардан бері еңбек етіп келеді екен.
Семей мемлекеттік медицина институтының түлегі, өмірлік тәжірибесі мол дәрігер Светлана Оспанова мұнда 1991 жылдан бері өз мамандығына сай жұмыс атқарып келе жатса, Ленинагор медучилищесін 1985 жылы бітірген Роза Биешованың 2001 жылдан бері жүйке аурулар емдейтін бөлімде еңбек етіп келе жатқан жағдайы бар.
— Алдымен сіздің сұрағыңызға орай психиатр дәрігердің қарапайым психологтан айырмашылығына тоқтала кетейін,- дейді бөлімнің бас дәрігері Светлана Адескенқызы. –Психиатр дәрігері психолог сияқты сізге эмоционалды немесе жеке мәселелерді бірлесе атқаруға көмектеседі. Бірақ, оның көмегі онымен ғана шектеліп қалмайды. Бізге негізінен неврозбен ауыратын, үрейлі шабуылдарға ұшыраған, ашу ұстамасы ұстап қалатын, депрессияға шалдыққан және ауыр күйзеліске ұшыраған жандар келеді. Алдына келген әр науқастың шынайы өмірмен байланысын жоғалтпайтын әрі өзін бақылауға ұстай алатын күйзелістен емдеумен айналысуға психиатр дәрігерге басымдылық берілген. Психиатр дәрігердің басты құралы – науқасқа психологиялық әдістермен сауықтырушараларын жасау (әңгімелесу, тестілеу, бақылау, сауалнама жүргізу) және дәрілік препараттармен қамтамасыз ету. Осы саланың маманы алдына келген пациенттің жағдайы психикалық (эмоциалды емес) бұзылысқа тән екенін байқаса міндетті түрде оған сауықтыру шараларын жасап, арнайы тіркеуге алу керек.
— Аудан көлемінде қанша науқас жандармен жұмыс жүргізіп келесіздер?
— Біздің ұжым шағын болғанмен атқарып жатқан жұмыстарымыз шаш етектен. Аудан бойынша екі мыңға жуық сырқаттар бізде тіркелген. Ақыл-естерінен жастай айырылғандар, қайғылы жағдайда мүгедекке ұшырап естерін жоғалтқандар, туғаннан дімкәс жандар, ішкілік пен есірткіге тәуелді азаматтар және түрмеден жазасын өтеп шыққандар…
Оларға ең алдымен түсіністік жұмыстарын жүргіземіз, керекті ем-домдарын жасаймыз, ағзаларына қажетті дәрі-дәрмектерін қамтамасыз етеміз, ауру тарихын қамтитын құжаттарын толтырамыз.
Біз өз істерін адал атқарып отырған қос дәрігердің еңбектеріне сәттілік тілей отырып, кең байтақ елімізде аурулар саны азайып, ешкім де күйзеліске ұшырамай салауатты өмір салтымыз әрқашан да салтанат құра берсін деген үкілі үмітпен аудандық емханадан көтеріңкі көңіл күйде шыға бердік…
О.Көмеков